Талдықорғанды алдағы жылдары қауіпсіз, жайлы және жасыл қала ретінде дамыту көзделіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл мақсатта 2025-2026 жылдарға нақты жоспарлар жасалып, қала бюджеті 33 пайызға ұлғайтылды. Бұл туралы Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Өңір басшысының айтуынша, қала тұрғындарының қауіпсіздігі басты назарда. Осы мақсатта 585 бейнебақылау камерасы және 136 «Сергек» жүйесі орнатылады. Сонымен қатар, «Смарт Сити» форматы бойынша қаланың тіршілігін қадағалайтын ситуациялық орталық іске қосылмақ. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да жалғасады, бұл мақсатқа 3,5 млрд теңге бөлінген.
Қаланы көркейту және өмір сүруге жайлы ету бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Өткен жылы 1283 отбасы жаңа баспанаға ие болса, биыл бұл көрсеткіш 1500-ге жуықтамақ. Сонымен қатар, көпқабатты үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу, аулаларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүреді. Өткен жылы 10 мың ағаш отырғызылса, биыл 12 мыңнан астам көшет егіледі. «Құлагер» шағын ауданында жаңа саябақ салу және «Бірлік» шағын ауданында жаңа сквер ашу жоспарланған. Сонымен қатар, арық жүйелерін жаңарту, орталық саябақтарды жөндеу жұмыстары да жалғасын табады.