Талдықорғанда жасанды интелект көмегімен емдеу жүргізіледі

18 Маусым 2023, 11:51 1614

Медицина – жауапкершілігі мол, жүгі ауыр мамандықтардың бірі. Жалпы кез келген мемлекет үшін адам өмірі мен оның құқықтарынан жоғары құндылық жоқ. Өйткені, басты капитал да адамның денсаулығына салыну керек. Ағзада кінәрат туындап, денсаулыққа шипа іздесең тек дәрігерге ғана барып, еміне жүгіне аласың. Осыған орай «Адам жанының арашашысы» деп құрметтелетін медицина қызметкерлері күнінде El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі Жетісу облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Арман Жансеңгіровке жолығып, дидарласқан едік.

El.kz: Арман Серікұлы, облыста жоғары мамандандырылған медициналық көмек қарқынды дамып келеді. Осыған кеңінен тоқталып өтсеңіз?

Арман Серікұлы:   Медицина қызметкерлері жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді мықтап қолға алды. Жетісуда жүрек ақаулары бар онкологиялық науқастарға жүрек қақпақшаларын ауыстырудың біріктірілген симуляциялық операциялары да жасалуда. Тағы бір маңызды жетістік – облыстық кардиологиялық орталықта жасанды интеллектісі бар жүрек ресинхрондау терапиясы қолданыла бастады. Бұл инновациялық құрылғы Қазақстанда алғаш болып бізде орнатылып отыр. Сонымен қатар, онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарға өңеш,  өкпе, асқазан, тоқішек, жатыр, бүйрек, қуық  қатерлі ісігі кезінде лапароскопиялық оталар жасалады. Талдықорған қаласының облыстық онкологиялық клиникасының базасында ҚР бойынша диагностика мен емдеудің рентгенхирургиялық әдістерінің екінші бөлімшесі ашылды. Онда тері-бауыр арқылы холангиостомия, бауырдың қатерлі ісігі мен ісік зақымдануларының химиоэмболизациясы, бауыр мен қалқанша безінің ісіктерінің радиожиілік абляциясы және жатыр артерияларының эмболизациясы жүргізіле бастады. Тек 2023 жылдың мамыр айында клиникада рентгенхирургиялық емдеуді  қолдану арқылы 30 эндоваскулярлық ота  жасалды. Қазіргі таңда ел бойынша тек облыстық көпсалалы  клиникада бас миы, тіл-жұтқыншақ, өкпе, қуық, қуықасты безі қатерлі ісіктеріне артерия ішілік химиоэмболизация жасалуда.

       Талдықорған қаласындағы  облыстық ауруханада жоғары технологиялық медициналық қызметтің 10 түріне  ота жасалады.  Атап айтсақ,  урология,  травматолог-ортопед,  нейрохирургия,тамырлы хирургия бойынша және лапароскопиялық оталар. Облыстық кардиологиялық орталықта республика деңгейінде жасалатын күрделі оталарды жасау қолға алынған. Сонымен қатар, кардиовертер-дефибриллятор функциясы бар үш камералы электрокардиостимуляторды имплантациялау сияқты күрделі құрылғыларды орнату мүмкіндігі пайда болды. Германия, Франция, Ресейдің үздік клиникалары базасында медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың нәтижесінде облыстың кардиохирургтары мен онкологтары бірлескен күрделі оталарды жүргізе асыра бастады. Облыстық кардиологиялық орталықтың мамандары Польша дәрігерлерімен бірге жүрек жеткіліксіздігін емдеудің инновациялық әдістерін енгізді.

  Облыс медицинасында трансплантация әдісін қоданысқа енгізсек  деген бастама көтерілді.  Оны да бағындырамыз деген үміт бар. Себебі, бүгінде  бүйрек, өкпе, ұйқы безі, бауыр ауыстыруға кезекте тұрғандар саны артқан. Мұның барлығы болашақтың еншісіндегі дүние. Бірақ, біздің дәрігерлердің білім-білігі  трансплантация әдісін іске асыруға жетеді.  Тек рұқсат етіп, қолдау білдірілсе болды.

El.kz: Маман мықты болғанымен оның жұмыс істеуіне жағдай жасалмаса тағы болмайды. Жалпы облыстағы ауруханалардың медициналық материалдық-техникалық жағдайы қалай?

Арман Серікұлы:  Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі жылдан жылға ұлғайып келеді. Тек биылдың өзінде осы салаға бюджеттен 89,0 млрд. теңге бөлінді. Соның ішінде материалдық-техникалық базаны жақсарту мақсатында биыл жергілікті бюджет қаражатынан 253 бірлік медициналық техника мен 29 бірлік санитарлық автокөлік сатып алуға 4,4 млрд. теңге қарастырылып отыр. Соның нәтижесінде ауруды ерте анықтауға, елді мекендерде, әсіресе шалғай ауылдарда сапалы ем жүргізуге, медициналық қызмет көрсету деңгейін қолжетімді етуге мүмкіндік жасалып отыр.

El.kz:  Жалпы облыста қанша қызметкер бар? Маман тапшылығы жоқ па?

Арман Серікұлы: Маман тапшылығы жоқ деп айта алмаймын. Бір Талдықорғанның өзіне әлі 100 дәрігер керек. Облыста жарақат алып, ауруханаға түсетін науқастар көп. Бірақ, травматолог дәрігерлер жетіспейді. Сол үшін мықты мамандар тартып жатырмыз. Дәрігерлерге қолдау көп. Облыста дәрігерлердің жоғары біліктілігінің және заманауи құрал-жабдықтардың арқасында  урология, нейрохирургия, тамырлы хирургия бағыттары бойынша онкологиялық пациенттерге рентгенхирургиялық операциялардың жаңа түрлері енгізілді. Жоғары білікті бейінді мамандарға 2,0 млн. теңгеге дейін арнайы төлемақы белгіленіп отыр.  Жалпы Жетісуда 362 медициналық  мекеме бар.  Оның 314-і мемлекеттік, 48-і жекеменшік. Облыс тұрғындарына 29 аурухана медициналық көмек көрсетуде. Оның ішінде 9-ы ауылдық аурухана болса, 279-ы амбулаториялық-емханалық ұйым. Талдықорған қаласында облыстық маңызы бар 9 медициналық мекеме орналасқан. Ауруханалардағы жалпы төсек-орын саны 4620. Оның 2910-ы Талдықорған қаласындағы медициналық мекемелерде орналасқан.  Аймақтағы денсаулық сақтау саласында  2 мыңнан аса дәрігер мен 8 мыңға жуық орта медицина қызметкері жұмыс істейді.

El.kz: Жетісу облысында блокты-модульді емханалар тұрғызуға ерекше көңіл бөліп жатыр. Мұндай емханалар әлі де салына ма?

Арман Серікұлы:  Блокты-модульді емханалар болашақта көптеген шалғай елді мекендерде де бой көтереді. Бұл – тұрғын  саны аз ауылдарға тиімді. Бұрын шалғай ауылдағы жұртшылық жақын емханаларға  баратын. Қазір осындай  емханаларды орталықтан алыс орналасқан елді мекендерге кезең-кезеңмен салып жатырмыз. Модульді құрауға 3 ай уақыт кетеді. Инфрақұрылым тартуға да ыңғайлы. Трансформатор қойып, су жүргізіп, сыртын бірден көгалдандырамыз. Алдағы уақытта Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Сарқан, Панфилов елді мекендерінде және Текелі қаласында 27 блокты-модульді кешен орнатылады. Панфилов және Ескелді аудандарында блокты-модульді кешен және «Жедел жәрдем» стансысы салу жоспарда бар. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жалғасуда, ағымдағы жылы Қаратал ауданының Үштөбе қаласындағы аудандық аурухананың А және В блогына және Сарыөзек ауылындағы арухананың инфекциялық бөлімшесіне және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Ескелді ауданының Жетісу ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.  Алдағы 2023 – 2024 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 59 нысан, оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт салу жоспарланған.  Сонымен қатар, аталған жоба шеңберінде халыққа уақытылы, қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету үшін көпсалалы орталық ауруханаларды дамыту мақсатында Панфилов ауданында ауданаралық көпсалалы ауруханасына  күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Былтыр денсаулық сақтау саласында 7 нысанның құрылысы басталып,  2 медициналық мекеме салынды. Сонымен қатар, 12 блокты-модульді медициналық пункт және Сағабүйен ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілді. Биыл  облыста 6 нысан салу жоспарланған.  Олар: Сарыөзек ауылында 250 келушіге арналаған емхана, Ақсу ауданы Алтынарық ауылындағы медициналық пункт, Панфилов ауданындағы Шежін, Алакөл ауданындағы Қамысқала ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт және Талдықорған қаласында жаңа емхана салынады.

El.kz:   Ана мен бала денсаулығы медицина саласының ең өзекті әрі көкейкесті мәселесі екені анық. Бұл салада қандай шаруалар атқарылып жатыр?

Арман Серікұлы:    Ағымдағы жылы ана мен бала денсаулығын жақсарту мақсатында  облыстық перинаталдық орталықта  ұрықты қорғау орталығы ашылды. Орталықта жүкті әйелдерге ультрадыбыстық және биохимиялық скрининг жүргізіліп, генетиктер мен акушер-гинекологтар кеңес береді. Пренатальді консилиумда ұрықтың даму патологиясы анықталған жағдайда оны растау үшін ультрадыбыстық диагностиканың екінші деңгейі өткізіледі. Болашақта орталықта ұрықтың инвазивті пренатальді диагностикасын жүргізу жоспарлануда. Бұл «хромосомалық патология» диагнозының соңғы кезеңі болады. Облыста С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің мамандарымен бірге алғаш рет табиғи кесар тілігінің модификациясы бойынша оқыту шеберлік-сыныбы өткізілді. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып осы әдісті қолданып, жүкті әйелдерді босандыру қолға алынды. Сонымен қатар, аталмыш мекемеде  «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Орталықта невропатолог, реабилитолог, педиатр, ортопед, сурдолог,  дефектолог, логопед, терапевт және балалар психологі жұмыс істейді. Орталықтың қызметі дамудың ерте кезеңдерінде 3 айдан 3 жасқа дейінгі  балаларды кешенді оңалтуы жүзеге асырады. Онда айына 50-ге дейін баланы қабылдайды.

El.kz: Сіз үшін ең үлкен марапат?

Арман Серікұлы:  Мен үшін ғана емес, жалпы дәрігер үшін ең үлкен марапат ол – жазылып шыққан науқастың алғысы. Ауруханаға түскен науқастар емделіп шығып, Жетісу облысының дәрігерлері жақсы емдейді, бәрін біледі деп мақтап жатса бізге одан артық ештеңе керек емес.

Айдар Қалиев
Бөлісу: