Талдықорғанда Ұлы Абайдың ескерткіші ашылды

21 Наурыз 2023, 22:00 1531

Ұлыстың Ұлы күнінде Талдықорған қаласында Ұлы Абайдың ескерткіші ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Жетісу облысы әкімдігіне сілтеме жасап.

Ақынның мүсіні Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Парламент Сенатының бірқатар депутаттары, Абай облысынан арнайы өкілдер, сол қатарда Құнанбай қажының тікелей ұрпағы Хусман Верлишев, сол сияқты өнер майталмандары, өңірдегі ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Ескерткіштің ашылу салтанатының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Абай» қойылымының үзіндісімен ашылды. Қойылымда Б.Римова атындағы драма театрының әрістерімен бірге басты рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Болат Әбділманов өнер көрсетті.

Ескерткіш ресми түрде ашылып, алдына гүл шоқтары қойылды.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жетісулықтарды айтулы тарихи жаңалықпен құттықтап, Абай ескерткіші ашылуының Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен символдық мән бар екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облысқа келген сапарында Жетісу жерінде Абай ескерткішін орнатудың орындылығына назар аударып, осы іске қозғау жасағанын еске салды.

«Қалалық қоғамдық кеңестің шешімімен ескерткіштің Бикен Римова атындағы драма театрының алдына қойылуы өнер ордасының рухын одан сайын биіктете түсті. Абайдың сөзімен айтсақ, «Мал жұтайды, өнер жұтамайды». Бұл - руханияттың ғұмыры мәңгілік екенінің айқын айғағы. Осы игі шараның Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуінде үлкен мән бар. Наурыз тіршіліктің нәрі, барша игіліктің қайнар көзі болса, Абай – қазақ халқына рухани серпіліс әкеліп, ұлттық сананың жаңғыруына жолбасшы болды. Сондықтан осы екі қастерлі құндылығымыздың бір-бірімен астасуы, қуаныштардың қатар келуі заңды», - деді Б.Исабаев.

Айта кетейік, ескерткіштің тұғыры гранит пен мрамордан дайындалған, мүсіні қоладан құйылған. Тұғыры 5,3 м, мүсіні – 3,6 м. Ескерткіштің сәулетшісі – Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы, ұзақ жыл Сәулетшілер одағын басқарған сәулетші Ақмырза Рүстембеков. Мүсіншісі – Мейірлан Әзмағанбетов. Ол бұған дейін Талдықорғандағы Сүйінбай Аронұлының, Ғали Ормановтың, Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштерін, «Аялы алақан» композициясын жасаған.

EL.KZ
Бөлісу: