Талдықорғанда тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өтті

16 Тамыз, 21:30 617

Жетісу облысы аумақтық қорғаныс бригадасының 99285 әскери бөлімінде «Қалқан-2024» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуының бірінші кезеңі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Маневрлер запастағы 150 офицердің қатысуымен Талдықорған қаласында орналасқан су тазарту нысанының аумағында өтті. Жаттығу жоспарына сәйкес, террористер облыстың әкімшілік орталығына берілетін ауыз суды жарамсыз ету үшін ағынды суларды тазарту ғимаратын басып алуға тырысты. Алайда облыстық аумақтық қорғаныс бригадасы әскери міндеттілерінің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде шабуыл тойтарылып, содырлар тұтқынға алынды.

Әскери міндеттілерді арнайы тактикалық оқыту «Қазақстан Республикасының Қорғаныс және Қарулы Күштері туралы»,  «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңдарына сәйкес, сондай-ақ облыс әкімінің «Әскери жиынды өткізу туралы» қаулысы бойынша облыстың аумақтық қорғанысын дайындау жөніндегі іс-шаралар шеңберінде өткізіледі, – деді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Айдар Кибаев.

Іс-шараның келесі кезеңі 21-30 тамыз аралығында Алакөл ауданының Үшарал қаласында запастағы 100 офицердің қатысуымен өтпек. Оқу-жаттығуды өткізу жоспарына сәйкес стратегиялық объектілерді күзету мен қорғау тапсырмаларын орындау бойынша  арнайы-тактикалық оқу-жаттығулардың түрлі сценарийлері пысықталатын болады.

Жиын соңында «Қалқан-2024» оқу-жаттығуының бірінші кезеңіне қатысушылар ҚР Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеевтің грамотасымен, облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевтың алғыс хатымен және Жетісу облысы аумақтық қорғаныс бригадасы 99285 әскери бөлімінің командирі полковник Бағлан Чегибаевтың грамотасымен марапатталды.

Зарина Арман
Бөлісу: