8 наурыз мерекесі қарсаңында Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жататын 23 көпбалалы отбасы үйлі болды. Жаңа қонысқа ие болғандарға «Береке» коттедж қалашығынан баспана кілттері табысталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қоныс тойын тойлағандардың бірі - Алтынгүл Шәймерденова. 5 баланың бұл күнді ұзақ күткенін айтады.
Бүгін қатты толқып тұрмын, қуанышымда шек жоқ. Үйдің кезегіне тұрғаныма 12 жыл болған. Бүгін өзім сияқты қаншама көп балалы отбасы баспаналы болудың бақытын сезініп жатыр. Әрбір әулетке осындай қуаныш бұйырсын, - деді баспана иесі.
Әкімдіктегілер «Береке» коттедж қалашығында тағы 107 коттедждің құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отырғанын алға тартты.
Бүгінгі күні Талдықорған қаласы бойынша 15 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Соған сәйкес бүгінде халықты баспанамен қамту жұмысы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. Тұрғын үй салу жұмыстарын өткен жылдарға қарағанда екі есеге ұлғайтып жатырмыз. Жыл сайын шамамен 1500-ге жуық баспананы қолданысқа беретін болсақ, тұрғын үй кезегін барынша азайтамыз, - деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Танат Төлеуғалиұлы.
Биыл жыл басынан бері Талдықорған қаласында әлеуметтік осал топтағы 125 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіліп отыр. Ал жыл соңына дейін баспана берілетін отбасылардың саны 1400-ден асады деп күтілуде.