Талдықорғанда 36 отбасыға пәтер кілті табысталды

13 Маусым 2023, 15:15 881

Бүгін Талдықорғанда көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспаналы болу бақытына тұрғын үй кезегінде тұрған жандар қолжеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғын үйдің салтанатты ашылу шарасында Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарға пәтер кілтін табыстап, жылы лебізін білдірді.

Жыл басында біз 2000 отбасыға үй береміз деп айттық. Сол уәдемізде тұрамыз. Бүгін, міне, соның нәтижесін көріп отырсыздар. 36 отбасыға арналған үйді беріп жатырмыз. Жұмыс сапырылысқан сандармен емес, осындай нақты нәтижелермен көрсетілуі тиіс. Халықты баспанамен қамту  – ең маңызды мәселе. Мұқият мән беріңіздер, бұл былтырғы жылмен салыстырған 8 есе жоғары көрсеткіш. Үй беру бойынша біз сегіз есе жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Әйтпесе, ұят 2018, 2019 жылы кезекте тұрған отбасылар үй алып жатыр. Ең сорақысы, 1700 адам кезектен түсіп қалған. Қазір сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз, – деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Көп жылдан бері баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып келген отбасылар жаңа қоныс иесі атанды. Жаңа қонысқа қадам аттаған тұрғындардың көңілдері шат. Олар осындай игі іс жасап, қолдау көрсетіп отырған облыс басшысына алғысын білдіріп, ақжарма тілегін ақтарды.

Айта кетейік, Жетісу облысында тұрғын үй кезегінде 29,1 мың адам  тұр, оның 15 мыңнан астамы Талдықорғанда. Жыл соңына дейін облыста 322 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Соның 50% бюджет есебінен салынады, бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 8 есе артық. Талдықорғанда биыл 51 көп пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Шілдеде 3 көп пәтерлі үй, тамызда 4 үй пайдалануға беріледі. Жалпы жыл соңына дейін 2975 пәтер беріледі (бюджет есебінен – 2542,  жеке құрылыс салушылар есебінен – 233, демеушілер есебінен – 200). Соның ішінде Талдықорған қаласы бойынша – 1917 отбасы баспаналы болады. Бүгінде халықтың әлеуметтік осал топтарына, көп балалы отбасылар үшін Талдықорған қаласында демеушілер есебінен 180 пәтерлік үш үй салынуда. Қаңтар айында 1 үй  берілді, 2 үй шілде және желтоқсан айларында беріледі деп жоспарлануда. Оған қоса «Самұрық-Қазына» қоры да тұрғын үй мәселесін шешуге үлес қосып келеді. Мәселен, қор осы жылдың екінші жартысында 500 пәтерлік 8 көп қабатты үйдің құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Текелі қаласында, Сарыөзек ауылында 60 пәтерлік 2 үй салынып жатыр.

 

Айдар Қалиев
Бөлісу: