Талдықорған қаласы жайлы не білесіз?

6 Маусым 2017, 18:12 43966

Қала маңында осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйектері табылған

Талдықорған қаласы Алматы облысының орталығы. 1993 жылға дейін Талды-Қорған деп аталып келген. Көпшілік бұл қаланы «ең жасыл және өмір сүруге ең қолайлы қала» деп баға береді.

Алматыдан 271 километр қашықтықта орналасқан қаланың аты айтып тұрғандай ағаш-талға өте бай. Талдықорған қаласының қай жылы пайда болғанын нақты айту қиын. Архиологтардың зерттеуі кезінде қала маңында осыдан үш мың жыл бұрын өмір сүрген адамдардың сүйектері табылған. Ал ресми ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, бұл жерде 1869 жылы Гвардиловка селосы бой көтерген. 1920 жылы қала атауы Талды-Қорған болып өзгертілген.

Кеңес үкіметі кезеңінде қалаға Ресей, Украинадан жер аударылған адамдарды қоныстандырған. Қала алғашында Қаратал өзенінің бойын жағалай орналасқан.

Бір қызығы, Талдықорған қала мәртебесін 1944 жылы ғана алған. Қаланың климаты континенттік. Қысы қоңыржай салқын, қаңтар айының жылдық орташа температурасы -11 - 13°С, жазы ыстық және қуаң, шілдеде - 22-24°С құрайды.

«Армысың, Талдықорғаным,

Бармысың, барлық жамағат.

Жетісудың ел-жұрты,

Көгеріп өскен елсіңдер,

Қаратал, Көксу жағалап.

Осындай думан-жиында,

Өлеңменен сөз бастау,

Сүйінбай, Жамбыл сияқты

Пірлерден қалған аманат» -деп, жырлайды Есеңқұл Жақыпбеков.

Қала өзінің тазалығымен ерекшеленеді. Көшелерде қоқыс өте аз, ал жасыл желектің көптігі ауаның тазалығын қамтамасыз етеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қала туралы: «Қысқа мерзім ішінде Талдықорған гүлденіп, елімізде тағы бір әсем қала бой түзеді», «Жер жаннаты – Жетісу» - деп, жылы пікір білдірген.

Қаланың әкімі қала тұрғындарына орталық саяжайда тегін ғаламтор орнатып, жергілікті халықты бір қуантты. Тұрғындар мен қонақтар таза ауада отырып жұмыс істеп, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкінік алды. Бұл да қаланың бір артықшылығы.

Өңірде Балпық би Дербісәліұлы, Ескелді би Жылгелдіұлы, Қарасай Алтынайұлы, Наурызбай Құтпанбетұлы, Сара Тастанбекқызы, Қадырғали Қосымұлы Жалайыри, Тезек төре және Бөлтірік шешен, қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі Ілияс Жансүгіров, актер Ыдырыс Ноғайбаев, елге танымал композиторлар Нұрғиса Тілендиев, Құдыс Қожамияров, т.б. танымал тұлғалар дүниеге келген.

Егер Талдықорған тарихын жақсы білетін болсаңыз, төмендегі сұрақтарға жауап беріп көріңіз. Жауаптар фотосуреттен кейін берілген.

  1. Аты да, мінезі де бұзық өзен қайда? 
  2. Жетісудың жеті өзенін атаңыз?
  3. Жүз жасаған жыр алыбы?
  4. Біздің елімізде өсіп тұрғанына 700 жыл болған ағашты қай жерден кездестіруге болады?               
  5. Қазақстандағы батыс бөлігі тұщы, ал шығыс бөлігі тұзды көл қалай аталады?
  6. Қабан жырау атанған тұлға?
  7. Жоңғар-қалмақ басқыншылығына қарсы күресте халық Қаракерей Қабанбай атаған батыр?
  8. «Менің пірім, … , сөз сөйлемен сыйынбай» деп, Жамбыл жырға қосқан ұстазы?
  9. Жетісудың қос биі?
  10. Белгілі жазушыларымыз Ғ.Орманов, С.Мұратбеков шыққан ауыл ?
  11. Түсінде Қабан жырау ақ сәлделі әулие кейпінде: «Балам өлең аласың ба, көген аласың ба?» -дейді. Сол түсінде өлеңді таңдаған айтыскер ақынды атаңыз?
  12. Қазақ халқының бірлігін қалыптастырып, нығайтуға зор үлес қосқан әйгілі үш би?
  13. Жетісудың қазіргі заман айтыскер ақындары?
  14. Қазақтың музыка өнерінің жарық жұлдызы, «Біржан-Сара» операсын жазған сазгер?
  15. «Ағынды менің, Ақсуым» деп жырлаған ақын?

  1. Алматы облысы, Тентек өзені
  2. Іле, Қаратал, Бүйен, Ақсу, Лепсі, Басқан, Сарқан
  3. Жамбыл Жабаев
  4. Бұл тораңғы ағашы. Алтынемел ұлттық паркінен кездестіреміз, тораңғының жуандығы соншалық, бір- бірінің қолынан ұстап, жеті адам құшақтарына сыйғыза алады.
  5. Балқаш
  6. Қабылиса Асанұлы
  7. Ерасыл Қожақұлы
  8. Сүйінбай Аронұлы
  9. Ескелі би, Балпық би
  10. Алматы облысы, Қоңыр ауылы
  11. Бақтыбай Жолбарысұлы
  12. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би
  13. Қаныша, Айтақын, Балғабек, Жандарбек, т.б.
  14. Мұқан Төлебаев
  15. Ілияс Жансүгіров
Бөлісу: