Талдықорғандық оқушылар ғарышты қоқыстан тазарту тәсілін ойлап тапты

2 Желтоқсан 2016, 05:38

Назарбаев Зияткерлік мектебі

Қазақстан Ұлтық құрама командасы Дүниежүзілік роботтар олимпидасынан жүлделі оралды. Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен роботтар олимпидасында 25-27 қараша аралығында 54 мемлекеттен келген екі мыңға жуық команда өз жобаларын таныстырды.

 

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің атынан қатысқан Талғат Бек және Алексеев Анатолий робототехника бойынша халықаралық WRO (World Robot Olympiad) – 2016 олимпиадасының жеңімпаздары атанды.

Ғарышты тазартатын ең жасампаз жер серігін құрастырғаны үшін құрама команда LEGO Education Creativity Award сыйақысын иемденді. Команда жетекшісі Авдюнин Николайдың айтуы бойынша орбиталық жер серіктің механизмі келесі тәсілмен жұмыс істейді: ол өз орбитасында «қолшатыр» арқылы ғарыштық қоқысты жинап, оған қосымша жылдамдық беріп, жою үшін күнге қарай бағыттайды. Робот LEGO Eucation EV3 жинағы негізінде құрастырылған, күн қуатымен жұмыс жасайтын батарея және маневрлік қозғалтқыштан тұрады.

 

Талғат Бек, олимпиада жеңімпазы:

— Халықаралық олимпиадаға қатысу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Біздің жобаны үздік деп тапқанымен, толықтыратын жұмыстар әлі де жеткілікті. Өткен жылдан жиналған тәжірибенің арқасында — биыл өзімізді сенімдірек ұстадық. Азия елдерінен келген құрамалардың жобалары ерекше және күрделі болғандықтан, олармен бәсекелесу біз үшін қиын болды. Олимпиада тақырыбы Үндістанда туындап отырған қиындықпен, яғни қоқысты жою, және оны қайта қолданысқа жіберу проблемасымен байланысты болды.

 

World Robot Olympiad жарыстары 2004 жылдан бері елуден астам мемлекетте өткізіліп келеді. Былтыр бұл жарыс Катарда өткізілген болса, 2014 жылы мәрелік кезең Сочи қаласында ұйымдастырылды. Ол жарыста Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары 3 орынды иеленген болатын.

 

15 оқушыдан құралған Ұлттық құрама командасы бұл жылы Regular Junior High, Regular Senior High, Open Elementary, Open Junior High, Open Senior High, Advanced Robotics Challenge, Football категориялары бойынша қатысып, жақсы нәтижелер көрсетті. Соның ішінде ерекше атап өтетін топ - Астана қаласындағы Зияткерлік мектеп оқушылары Алдияр Жангулов пен Сұлтан Насыров. Олар ұсынған қоқыс жинайтын робостанциясы әлем бойынша үздік 10 жобалар қатарына енді. 


Рүстем ӘЛПИ 

Бөлісу: