Талдықорғанда «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті

7 Қазан 2022, 17:14 1551

Шараны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» ұйымдастырды

Талдықорғанда «Ел дамуының жаңа саяси дәуірі» атты «Sarap» эксперттік клубының аймақтық отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz «Қазақстандық қоғамдық даму институтының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараны ұйымдастырушы – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ.

Жиынға Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек, І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті құқық және экономика Жоғары мектебінің оқытушы-дәріскері, кәсіби медиатор Бақыт Чингаева, Жетісу облыстық «Ассамблея жастары» ҚБ жетекшісі, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Руфина Усанова, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, Талдықорған қаласының белсенді жастары және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.

Өңірлік отырыс ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар алдағы реформаларды талқылап, Президенттің бастамаларын сапалы іске асырудың түрлі аспектілері бойынша өз пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Елдос Жұмағұловтың модераторлығымен өтті. Ол өз сөзінде 2022 жыл Қазақстан тарихындағы бетбұрысты оқиғаларға толы жыл болғандығын атап өтті.

«Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге бағытталды. Денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Мұның бәрі Қазақстандағы саяси және экономикалық өмірдің табысты дамуына ықпал етуі тиіс».

Сонымен қатар, ҚҚДИ сарапшысы осы жылдың 20 қарашасында өтетін алдағы президент сайлауы туралы да сөз қозғады.

«Қоғамның күтетіні – әділ сайлау. Үміткерлерді ұсыну басталды. Бірақ, сайлауға қатысу үшін қаржылық, әлеуметтік, интеллектуалдық әлеует керек екенін ескеруіміз қажет. Танымалдылық та керек. Үміткердің айқын бағдарламасы болуы тиіс. Бұл сайлау «Әділетті Қазақстан» деп аталған дәуірдегі жаңа сайлау болмақ».

Жиынды Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасының басшысы Болат Керімбек ашты.

«Әлемдегі ахуал күрделеніп, қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған уақытта халықтың бірлігі және елдің тыныштығы маңызды. Президенттің Конституциялық реформалары мемлекеттік билікті демократиялауға жол ашты», - деді Болат Керімбек.

ҚҚДИ сарапшысы Серікқазы Какыбаланов та қазіргі шиеленіскен халықаралық жағдай туралы айтты. Оның пікірінше осындай жағдайда өз еліміздің ішкі саясатында салқынқандылық принципін ұстану керек.

«Әрбір азамат ел тыныштығының қаншалықты маңызды екенін түсіну керек. Осы тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған барлық мәселелер өте өзекті. Оның ішінде жақында болатын президент сайлауы осы бір кезеңде тұрақтылыққа табан тіреуімізге негіз бола алады. Әділетті Қазақстанды құрумыз өз қолымызда екенін жадымыздан шығармайық. 23 қыркүйекте Елімізде президенттіке кандидаттарды ұсыну басталды. Ұсынылған кандидаттардың ішінен тәжірибесі мен саяси салмағы бар тұлғаны қарастыру қажет», - деді спикер.

Қатысушылар жүргізіліп жатқан өзгерістер азаматтар тарапынан кең әлеуметтік қолдауға ие екендігін, сондай-ақ елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болғандығын атап өтті.

Сонымен қатар, спикерлер алдағы Президент сайлауы елдің саяси жүйесіне қалай әсер ететінін талқылады. Жалпы, сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент өкілеттігін 7 жылға бір мерзіммен шектеу болашақ президенттерді стратегиялық жалпыұлттық мәселелерді уақтылы шешу қажеттілігін алға қояды деген пікірімен келісті.

«Негізгі реформалар Қазақстанның прогрессивті, демократиялық дамуына жол ашатын жаңа мүмкіндіктер туғызды деген қорытындыға келуге болады. Жаңа саяси дәуір біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін күшейтуді және елдің «әділетті қоғам мен тиімді мемлекетке», жаңа Қазақстанға қарай одан әрі дамуын көрсетеді», - деді І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті құқық және экономика Жоғары мектебінің оқытушы-дәріскері, кәсіби медиатор Бақыт Чингаева.


Бөлісу: