Талдықорғанда Алматы облыстық ҚХА ХХV сессиясы өтті

17 Мамыр 2019, 11:13 4642
Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті ХХV-ші сессиясы өтті.
Маңызды шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев қатысты.

Сессия жұмысына сонымен қатар Татарстан республикасынан делегаттар, облысымыздың өңірлерден келген Ассамблея мүшелері мен ардагерлері, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары қатысты. Сессияны Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Амандық Баталов ашты.
Шара барысында Жансейіт Түймебаев Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы-Елбасы Н. Назарбаевтың және Мемлекет Басшысы Қ. Тоқаевтың қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында берген тапсырмаларын орындауды жүзеге асыру, облыс аумағындағы этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту басты мақсат екенін атап өтті.

Сессия жұмысы барысында Алматы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай «Жаңғыру мен дамудың негізі: әлеуметтік бірлік» тақырыбында баяндама жасады.

Сессияда барысында Мәдениет сарайының фоиесінде жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар назарына облыстық ҚХА негізгі қызметі мен басты басым бағыттары туралы бейнефильм ұсынылды.

  

Сессия жұмысы Ассамблеяның үздік танылған қызметкерлерін марапаттау рәсімімен қорытындыланып, «Жастар» саябағындағы Сабантой-2019 мерекесіне ұласты.

 

 

Бөлісу: