Талапкерлердің басым бөлігі ҰБТ-ны қай тілде тапсырғаны анықталды

11 Наурыз, 17:08 669

Наурыз айындағы ҰБТ басталғаннан бері 13019 адам тест тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 66%-ы қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде, 26 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ басталғалы шекті балды 60% талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 59 балды құрады. Ең жоғары балл – 137.

Наурыз айындағы ҰБТ-ның бірінші аптасы аяқталды. Тестілеу 30 наурызға дейін өтеді. Тестілеуге қатысуға 118 505 өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 17,11%-ы «Математика-Физика» пәндер комбинациясын 15%-ы шығармашылық бағытты таңдаған. 14%-ы «Биология-Химия» комбинациясын таңдаған. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 27 адам тапсырған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға бірінші аптада 43 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

Бүгінгі таңда 9 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 11 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.

Айта кетсек, 2024 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: