5 Маусым 2015, 12:56
Журналист Досжан Балабекұлы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауылының Құдыс Әбсәметов атындағы орта мектебінен танымдық фоторепортаж ұсынады.
Қазақстандық ғарышкер Талғат Мұсабаевтың өзі білім алған орданың тарихы тереңде жатыр. 1917 жылдың қыркүйек айында №1 Қарғалы мектебі Фабричный жұмысшыларының балаларын оқытатын 2 жылдық бастауыш болып ашылған. Алғашқы фабрикант Шахворостов бір бөлме әзірлеп, мектеп сонда орналасады. Бұл мектептің алғашқы мұғалімі Верный қыздар гимназиясының тәрбиеленушісі Мария Дмитриевна Середина болған.
Мектептің бірінші сыныбында 20 оқушы оқыды. Ал 1927 жылы арнайы 120 орындық мектеп үйі салынды. 1927 жылы Қарғалы бастауыш мектебі ашылды. Оқушы саны 50 шамасында болды. 1927 жылы Қарғалы бастауыш мектебі жетіжылдық мектепке айналады. 1927-1928 оқу жылдарында 150 оқушы білім алды. 1929 жылы жетіжылдық мектеп тұңғыш түлектерін шығарды. Бұл мектеп тарихынан алғашқы бөлігі ғана. Қаншама оқушыны білім нәрімен сусындатып, Талғаттай перзентті биікке ұшырған білім ордасының әрқашанда мерейі үстем болмақ.
«Құдыс Әбсәметов атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесінің сыртқы көрінісі. Бұл Қарғалыдағы 5 мектептің біріншісі болып саналады.
«Құдыс Әбсәметов атындағы орта мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры Ұлар Мылтықбаева: «Мектебіміз осыдан 2 жыл бұрын мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, толықтай күрделі жөндеуден өтті. Бізде заманалы кабинеттер бар. Атап айтар болсақ, мультимедиалық кабинет негізінде физика және химия, биология кабинеті жабдықталып үлгерді. Жақында ғана мектебімізге Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай, Ұлы Отан соғысының ардагері, Социалистік Еңбек ері, Қазақ ССР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», КСРО ағарту ісінің үздігі Құдыс Әбсеметовтың есімі берілді. Дәл осы алтын шаңырақ 2017 жылы өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтпек.
Мектеп директорының орынбасарлары оқу маусымының қорытындысын шығарып, мереке күнінде де қызу еңбек үстінде.
Мектеп оқушылары ұстаздарына гүл шоғын сыйлауда.
Бізге мектеп директоры Ұлар Мылтықбаева мектептің жеткен жетістіктерін таныстырып жатыр.
Ұстаздар бөлмесінде жылдық қорытынды жүргізіліп жатыр. Суретте солдан оңға қарай: математика пәнінің мұғалімдері Ұлбосын Бегеева мен Альмира Ошақбаева және мектептің зейнеткер ұстазы, бұрынғы директоры Анара Смағұлова.
Мектепті ұзақ жылдар басқарған ұстаз Анара Смағұлова
Мектепте ерекше бір дәстүр қалыптасыпты. Егер оқушы облыстық, републикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орын алса, оның үлкен суреті қабырғаларда арнайы түрде ілінеді екен. Бұл оқушыларды білімге шақырып, биікке тәрбиелесе керек.
Мектеп түлегі Талғат Мұсабаев оқушылармен бірге
Мектепте «Әсем саз» атты жас домбырашылар үйірмесі ашылған. Үйірме мүшелері жарыстарда үнемі жеңіс биігінен көрініп келеді.
Бұл білім ордасының акты залы
Социалистік Еңбек ері, ҚазССР «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», КСРО ағарту ісінің үздігі Құдыс Әбсеметов атындағы мектепте арнайы мұражай да ашылды. Мұражайда мектептке қатысты құнды деректер, мұрағаттар және Құдыс Әбсеметовтің соғыста пайдаланған заттары, естелік жазбалары сақталған.
Бізді бұл мектеп ішіндегі мұражаймен Мейрамкүл Антипова таныстырды.
Тарихыңды білу келешекке деген жарқын көзқарасты қалыптастырады. Өз туған жерінің, өлкенің тарихын тану – бұл ұлтжандылық. Әр ұрпақ үшін қажет болар құнды дүние де осы мұражайда сақтаулы.
25 жылдық еңбек өтілі бар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Нұрбаева.
2012 жылы облыс көлемінде «үздік ауыл мектебі» атанып, 2 дәрежелі диплом алып, облыс әкімінен 200 000 теңге сыйақы алған.
Сөз соңында айтарымыз, аудандағы белді мектептердің қатарындағы білім ордасында 80 мұғалім қызмет атқарса, оның 55 % жоғары және бірінші санатты. Дәл осы мектептен биыл 38 бала мектеп табалдырығанан түлеп ұшқалы отырса, оның 19 ҰБТ емтиханында бағын сынайды, 2 оқушы алтын белгіге үміткер қатарында. Үміткер түлектер ҰБТ-да физика мен биология пәндерін таңдап, мамандықтарына үмітпен қарап отыр. Және дәл осы күні мектепке 5 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер келіп, ұстаздарымен сағына қауышты.
Досжан Балабекұлы