Талғат Қалиев: Өз елінде жеке тұлға ретінде қалыптаспаған адам басқа елде де өзіне өзі көмектесе алмайды

29 Қаңтар 2019, 03:33 3967

2012 жылдың 27 сәуірінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясындағы тапсырмасынан кейін араға бір жыл салып «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. 

Қазіргі уақытта орталық Қазақстан Республикасының 2020 жылдарға арналған Жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында және жастар арасындағы өзекті мәселелерді анықтап, оқу-әдістемелік қолдау көрсету негізінде жұмыс атқаруда.

Аймақ жастарының қолдау табатын ордасына айналған орталыққа биыл алты жыл толады.

Жанна Кәрімова, директордың орынбасары: «Орталық жыл артқан сайын ұлғайып келеді. Әуел баста ұлттық баяндама жасау, әлеуметтік зерттеулер жүргізу, оқыту іс-шараларын өткізу сынды шаралармен айналысатынбыз. Қазіргі таңда орталыққа салмақты міндеттер жүктеліп отыр. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын, семинар, вебинарларды жүргізу аумағын кеңейттік. Вебинар – жаңа сертификатталған жұмыс түрі.

Биыл бізге үлкен міндет қойылып отыр – әлеуметтік зерттеулерді тек жастар арасында ғана емес, ересектер арасында да жүргізу. Сонымен қатар, барлық аймақтарда білігі жоғары жаттықтырушыларды, еуропа кеңесін және Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің қалыптастырған жаттықтырушыларын жұмылдыра отырып, семинарлар өткізу.

Биылғы жылға оннан астам әлеуметтік зерттеулер жүргізу көзделіп отыр. «Eljastary.kz» сайты өткен жылы бірыңғай жастар порталы болып қайта құрылды. Онда жастар саясатына қатысты ақпараттық, сараптамалық, білім алу бағыттары бойынша мәлімет алуға болады. Оған қоса «Жастар ресурстық орталықтары» мен республикалық жастар ұйымдары туралы ақпарт орналасқан».

Әсем Қайдарова, директордың орынбасары: «Біз жыл сайын «Қазақстан жастары» деп аталатын ұлттық баяндаманы әзірлейміз. Онда жастар саясатының қазіргі жағдайы туралы сараптаманың нәтижесі көрсетіледі және барлық әлеуметтік зерттеулер кіреді.   

Жыл басында жаңадан құрылған «Рухани жаңғыру» құндылықтарын жастар арасында енгізу басқармасы жастар саясатымен айналысатын мамандарға арналған әдістемелік нұсқаулар, бағдарламалар, құжатнамалар дайындайды. Жастар арасында әлеуметтік зерттеулер жүргізудің нәтижесінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тиімділігі, басымдығы, ақпараттандырылуы туралы мәліметтерді анықтайтын боламыз.

Луиза Узарова, «Үйлестіру және аймақтық даму» басқармасының басшысы: «Біздің басқарма жастармен жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігін арттырумен айналысады, яғни, семинар-тренингтер, онлайн вебинарлар өткізіп, әдістемелік көмек көрсетеміз».

Айдар Хамит, ақпараттық-талдау басқармасының сарапшысы: «Біздің басқарма бұқаралық ақпараттық құралдардағы (оған әлеуметтік желілер де кіреді) жастар туралы мәліметтерді жинап, оларға сараптама жасайды. Яғни, сол арқылы жастар туралы мәселелер қаншалықты көтеріледі, жастарға қатысты не жазылатынын басты назарда ұстаймыз. Біз оны контент-сараптаманың көмегімен зерттейміз. Ақпараттық жұмыстар жүргізумен қатар, «еljastary.kz» сайтының толықтырылып отыруын қадағалаймыз. Біздің жұмыста БАҚ-қа сараптама жасау өте маңызды.

Ольга Қалдыбаева, әлеуметтанулық зерттеу және болжау басқармасының басшысы: «Біздің басқарма әлеуметтік зерттеулермен айналысады. Орталық тапсырыс алған кезде қандай да бір деректерді жинау қажет болады. Біз тапсырыстағы тақырыпты қоғам пікірінің аралық әсеріне қарап жинақтаймыз. Яғни, көпшілік, оның ішінде жастардың білдіретін ойын айтылған тақырып бойынша зерттеп, қорытындысын шығарамыз.

Тақырып әртүрлі. Мысалы, биылғы жылы саяси зерттеулер, этникалық әлеуметтану, жастар, әлеуметтік стратификация, отбасы, қалалану, қайырымдылық, өмір сүру сапасы туралы зерттеулер жүргізілетін болады. Түйіндемесін айтар болсақ, қоғамда туындаған мәселелерді біз бірден анықтап, оларға сараптама жасаймыз.

Дана Әшімханова, ғылыми-әдістемелік басқарма басшысы: «Біз мемлекеттік жастар саясатын ғылыми-әдістемелік сүйемелдеумен айналысамыз. Негізгі мақсатымыз – ұлттық баяндаманы әзірлеу. Бұл жыл сайын жасалатын құжат. Онда жастар саясатының дамуы, үрдісі туралы, жастар ортасындағы хал-ахуалдары көрсетіледі. Бұдан бөлек орталықтың барлық іс-шараларына қатысамыз. Сараптамалық есеп, түрлі әдістемелік нұсқаулар дайындаймыз. Жалпы айтқанда, ғылыми-сараптамалық сүйемелдеуді қажет ететін құжаттармен айналысамыз.

Талғат Қалиев, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры: «Орталықтың мақсаты – мемлекеттің жастар саясатын дамыту және жастар арасында зерттеулер жүргізу. Сырт көзге жеңіл көрінгенімен, күрделі мәселелердің шешімін табуға оңтайлы әдістерді ұсынып отырған жөніміз бар. Мысалы, жұмыспен қамту, жастардың әлеуметтік ортадағы жағдайы, қоғам өміріне араласпайтын, білімсіз, жұмыссыз жүрген маргиналдық тұлғалардың санатын анықтаймыз.

Соңғы санатқа қиындыққа тап болған адамдар жатады. Бұл – жас жалғызбасты аналар. Олардың білімі, біліктілігі және сүйенер адамы жоқ болғандықтан тұйықталған шеңберге тап болып, жинақылығын жоғалтып, білім алу мүмкіндігінен айырылған.  

Тағы бір зерттейтін нысан – отбасы. Қазіргі таңда отбасын құруға асықпайтындардың қатары көбейді, яғни, отбасын құру жас ерекшелігі ұлғайды. Жастар саяхаттап, жұмыста табысқа жетуді бірінші орынға қояды.  

Бір жағынан әлем бойынша отбасы рөлінің парадигмасы өзгеріп жатыр. Бұрынырақта отбасы өзара тәуелділікте құрылатын, яғни, әйелі күйеуіне арқа сүйейтін, оған асыраушы, балаларына қорғаншы керек деп түсінетін. Әйел адамдар ерлермен қатар жұмыс істеп, табыс табуға ұмтылмайтын. Ол кезде ерлер де әйел адамсыз күн көруге қиналатын. Күндікке табыс табу қамымен жүре тұрып, үйдің де шаруасын істеу – қиындық тудыратын.

Ал қазіргі уақытта тұрмыс деңгейі жоғарылады. Арнайы тұрмыстық техникалардың көмегімен үй шаруасын тыңдыруға немесе үй тазалаушының қызметіне жүгінуге болады. Сол сияқты әйел адамдар да ер адамның көмегінсіз көп шаруаны өз бетімен тындыра алады. Мұндай жайлылық отбасын құруға асықтырмайтыны белгілі. Осының қорытындысында отбасылық рөлдің өзгеруін көреміз.  

Қазір әйел адам отбасы шырағының сақтаушысы, ер адам міндетті түрде асыраушысы немесе қорғаушысы емес, тіпті қазіргі уақытта отбасын құру – өзара тәуелділік емес, екі толыққанды адамның тең серіктестігі. Меніңше, бұл үлгіні дамыту керек. Негізінде адамзат ілгерілеуден қалыс қалып отырғандықтан, қайшылыққа тап болады да, кертартпалық пайда болады.

— Отбасы туралы айтылған соң, сұрамасқа болмас. Қазіргі таңда отбасылық ажырасу үдерісі кеңінен таралудыі. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

— Біздің елде әрбір үшінші неке бұзылады. Бірақ бұл бір уақытта жаңадан қиылған некенің үшіншісі бұзылады деген сөз емес, бұл – көптен бері бір шаңырақтың астында тұрып жатқан отбасы да болуы мүмкін.

Некенің бұзылуы көбіне қоғамның отбасылық рөлге дайын еместігінен пайда болады. Әкелер институтының да дұрыс қалыптаспауы ықпал етеді. Мысалы, әйел адамның аналық мейірімі табиғатынан қалыптасқан. Оған бұл рөлді дарытудың да қажеті жоқ. Кез келген саналы әйел адам қыз баласына болашақ ана болудың қасиетін дарытып отырады.

Ал әке болу мәдениеті бүгінгі таңда белгілі бір санақ жүргізуді талап етеді. Әкенің орны қандай? Ол немен айналысуы керек? Міне, осы сұрақтарды қарастыру қажет. Отбасында әкенің орны тек асыраушы, ақша табушы ретінде қарастырылмауы тиіс. Мысалы, мектепте оқытушылар құрамының басым бөлігі әйел адамдар. Ерлер көбіне технология және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімдері. Қарап отырсаңыз, ер адамдар аса сұранысқа ие емес және аса зияткерлікті талап етпейтін, ықпал етуі төмен мамандықтарда жүр.

Сәйкесінше балалар негізгі пәндер бойынша әйел адамдардан көбірек білім алады. Яғни, әйел адамның тарапынан көп көңіл бөлінеді. Одан бөлек отбасында әкенің ықыласы жеткіліксіз болса, онда болашақта ұл бала есейгенде, отбасылық рөлге дайын болмай шығады. Өйткені ол әке қандай болуы керектігін, оның миссиясы неден тұратынын білмейді.

— Қазіргі уақытта жалғызбасты адамдардың қатары жыл артқан сайын артып барады...

— Финляндияда әлеуметтік эксперимент жасалған екен. Адамдарға айына 800 еуро төлеп, жұмысқа мұқтаждық болмайтын орта қалыптастырады. Олар әуелгі кезде саяхаттап, қамсыз өмірдің қызығын тамашалайды. Алайда арада біраз айлар өткен соң, эксперименттегі адамдар күйзеліске ұшырай бастаған. Яғни, адамдар әлеуметтік маңыздылығын жоғалтып алғандықтарын байқайды. Бұдан әлеуметтік маңыздылық – адамның басты қажеттіліктерінің бірі деген тұжырым қалыптасады. Адам қоғамда өз орны болғанын қалайды, әрі пайдалы болғысы келеді, ол үшін айлық та немесе түсетін табыс та басты құндылық емес.

Мәселен, Англияда Жалғызбастылар министрлігі құрылған. Оған жалғызбасты адамдардың көбеюі себеп болып отыр.

Қартайған адамдардың басым көпшілігі медицинаның арқасында денсаулығын уақытылы түзеп отыр. Осыдан адамдардың өмір сүру жасы өсіп келе жатқанын көреміз. Мәселен, өмір сүру жасы жиырма жылға, тіпті отыз жылға созылуы мүмкін. Осы уақыт бойы немен шұғылдануға болады? Қазіргі уақытта қырық жас орта буынға жатпайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нормасына сүйенсек, қырық төрт жас жастар қатарына жатады.

Сонымен қарт адамға немен айналысу керек? Саяхаттауға, дәріс оқуға, кітап жазуға болады. Тіпті қарттардың тәжірибесін жас отбасылармен жұмыс істеуге пайдалану тиімді.

— Орталық жұмысының қоғамға әкелетін тиімді тұсын атасаңыз?

— Біз жастармен жұмыс жасау барысында диагностика жүргізу мен кадрды оқытумен айналысамыз. Нақты айтқанда, жастармен жұмыс атқаратын мамандармен тікелей жұмыс істейміз. Ал олар алған білім, біліктілігін әрі қарай аймақтардағы жастармен жұмыс істеуге пайдаланады.

Қазақстандық жастар басқа елдердің жастарынан қатты ерекшеленбейді. Мүмкін шағын айырмашылығы бар шығар. Дегенмен де барлық елде жастардың көретін фильмдері, тыңдайтын музыкалары ортақ. Әлем жастары бір трендке ілеседі. Жердің бір шетінен шыққан дүние көзді ашып-жұмғанша бізде болады.

— Жастар арасында болашақта қандай мамандықтар сұранысқа ие болмақ?

— Елбасы жастар форумында көптеген кәсіп мамандарын роботтар алмастыратын болады деп айтып өткенін еске түсіре кетсем. Шын мәнінде де роботқа жұмыс істету өте тиімді. Мысалы, олар қараңғы бөлмеде тәулік бойы төменгі температурада жұмыс істей алады. Оларға түскі үзіліске барудың қажеті жоқ. Жылдамдығы жоғары. Ауыр заттарды оп-оңай көтеріп алады. Максималды дәлдікпен жұмыс істеу қабілетіне ие. Адами факторы жоқ. Олар алгоритмге сәйкес қозғалып, едәуір сапалы өнім жасап шығарады.

Десек те, робот алмастыра алмайтын мамандықтар болады – өнер, психология, журналистика, жазушылық, ғылым. Сондай-ақ тәрбиешілер, бала бағушылар қажет болады.

— Қазақстандық жастардың басымдықтары неде?

— Жақында сауаттылық жағынан рейтинг бойынша алғашқы ондыққа кіретінімізді білдім. Мен таңғалдым әрі қуандым. Біздің елдің тұрғындарының оқу, жазу сауаттылығы көңіл қуантарлық. Тіпті Американың алдын орап отырмыз.

Біз білім жүйесіне көңіліміз толмай жататын кезіміз болады. Дей тұрғанмен де біздің жастарымыз Силикон алқабында, Уолл-стритте, Ақ Үйде, Біріккен ұлттар ұйымының штаб пәтерінде жұмыс істейді. Басымдықтары – сауаттылықтарында.  

Оқығысы келгендер өздері-ақ білімге ұмтылады. Білім алу оқушының өзіне байланысты. Университет базалық білім береді, яғни, әдебиетті пайдалануды үйретеді. Қалғанын студент өз бетімен оқып-білуі қажет. Өз мамандығын терең білгісі келген адам кітапханадан бастап, барлық білім көзін пайдаланады.

— Ал енді жастарымыздың осал тұсы бар ма?

— Ол шыдамсыздық деп айтар едім. Жастар қазіргі таңда бір уақытта бәріне қол жеткізгісі келеді. Мүмкін бұған қазіргі дәуірдегі Қазақстанның өркендеуі әсер ететін болар. Жастар шектен тыс жайлылыққа үйреніп алған секілді. Соның кесірінен табысты жайлылықпен шатастырып алған. Табыстың алгоритмі сарапталмайды, табыс – толыққанды нәтиженің қорытындысы.

Өмір сәттіліктер мен қарама-қайшылықтарға толы. Үнемі бірыңғай жақсы, не бірыңғай жаман бола бермейді. Қуаныш пен реніш қатар жүреді. Мұны қабылдай білу керек.

Жастардан «елден кеткім келеді» дегенді жиі естимін. «Неге?» деген сұраққа «дамымаймын» деп жауап береді.

Адам тек өзімен өзі дами алады. Оған біреудің көмегі қажет емес. Өз елінде жеке тұлға ретінде қалыптаспаған адам басқа елде де өзіне өзі көмектесе алмайды. Жастар осыны түсінсе екен.

— Мұндай пікір неден пайда болды?

— Бұл өз күшіне сенімсіз адамның пікірі деп ойлаймын. Адам қандай да бір жұмысқа қолдаусыз қол жеткізуге болмайды десе, ол алдын ала өз күшіне сенімсіздік білдіріп, шарасыздық танытқаны. Өз дәрменсіздігіне мойын ұсынғаны.

Батыл, өр мақсатты адам ешқашан біреуден көмек күтіп отырмайды. Ол өзі табысқа жетуге ұмтылып, өзінің дербестігін дәлелдей алады. Өзін танытудың әдісін тауып, өз дегеніне қол жеткізе алады.

Адам өмірінде табысқа жетуге, өз алдына тәуелсіз адам болуға ұмтылуы қажет және баланы да ерте жастан осыған үйрету керек. Адамның суицидке баруы – өмірлік қағидаларының дұрыс болмауынан туындайды.

Біздің балалық шағымызда Отанға қызмет етуге тәрбиеледі. Әскер қатырында Отан алдындағы борышты өтеуге міндеттеді. Жалпы айтқанда, ерлікке тәрбиелендік.

Адамның басты мақсаты – адам қатарына қосылып, қоғамға пайдалы болу, онда өзіңді жайлы сезіну, өзіңнің қоғамға керек екеніңді білу. Қалғаны маңызды емес.

Ертеректе «ел ағасы», «ақсақал» деген әлеуметтік рөл болатын. Олардың өздерінің пайдалы орны болды. Қазір ұмтылып бара жатқан сияқты.

Ел ағасы деген тұлғаларды тану қажет емес, бірақ ол туралы көп естуіміз мүмкін. Қазір ондай жауапкершілікті алып жүруден қашамыз. Ел ағасына қоғам мұқтаж. Егер бір адамды солай атайтын болсақ, онда қоғам солай таныды деген сөз.

Ел ағасы болу үшін біраз әрекеттен бас тарту қажет және біраз нәрсеге қалыптасу керек болады. Мысалы, қоғам үшін өз уақытыңды бөлу, қаржы тұрғысынан шығындалу.

Қоғамдағы туындаған мәселе – әр адамның мәселесі. Тұрақсыз қоғамда бай әрі іскер болу мүмкін емес. Одан да өркендеген қоғамда ортаңқолды, тиянақты адам болған жақсы, сол қауіпсіз.

— Жастар жылы басталды. Өзіңіз де форумға қатыстыңыз. Ендігі жастар қандай басымдықтарда жұмыс істеуі керек?

— Форум барысында берілген тапсырмалар әр санаттағы жастарға қаратылып айтылды. Олар студенттер, жұмыссыз не жұмысшы жастар. Мысалы, студенттер ерікті болу арқылы табыс көзін арттыра алады. Маңыздысы – жастарға берілетін мүмкіндіктің айтарлықтай көптігі. Бірі тұрғын үйге қол жеткізе алса, бірі білімін жетілдіре алады, енді бірі өз стипендиясын отыз пайызға көтере алады. Сонымен тізбектеліп кете береді. Ендігі мәселе осының бәрін қалай тиімді пайдалану керек. Әлеуметтік лифт деген кезде, оған кіріп, көтерілу үшін өз бойыңнан күш таба білу керек.

Маған қолдау көрсетілмейді деген адам, бар мүмкіндікті пайдаланып көрді ма?! Сол жағын ойлануға дағдылану керек жастарға. Сондықтан барлық бағыт маңызды. Сонымен қатар, мүмкіншіліктің кілтін пайдалану арқылы әркім қоғамға пайда әкелуі тиістігін ұмытпаса екен.

— Жастарға айтар ақыл-кеңестеріңіз?

— Біріншіден, мен мобильдікті қолдаймын. Жастар шетелде білім алғаны өте дұрыс. Тіпті шетелдік білім беру ұйымдарының білім гранттарын өз беттерімен ұтып алса, тіпті тамаша. Бұл жастардың әлеуетін байқатады. Ол адам бәсекеге қабілетті деген мағынаны білдіреді.

Екінші, басқа мемлекетке кетуді армандайтын адамдарға былай дер едім: «Өз еліндегі барлық мүмкіндікті пайдаланып, өзің тұлға ретінде қалыптасып, даму деңгейің аспандап кеткен жағдайда ғана, биіктерді бағындыруға болады. Ал енді жай ғана даяшы немесе такси жүргізушісі болып жұмыс істеу үшін ғана кету – бұл ақылға сыймайтын дүние. Ондай бос орындар біздің елде де жетерлік».

Кез келген шешім әлсіздіктің емес, мықтылықтың нәтижесі болғаны жөн. Адамның әлді және әлсіз тұстары болады. Ішкі жандүниенің мықты жағын шынықтыру – пысықтық.

Үшінші, өзіңмен өзің бола білу. Мысалы, Абайды алсақ, оның тегін айтудың қажеті жоқ. Абайдың атының өзі-ақ кім туралы айтылып жатқанынан хабардар етеді. Лауазым екінші орында, бірінші орында адамның жеке басы.

Қазіргі заманда лауазымның соңында жүрген адамдар көп. Олар лауазым сый-құрметті, қоғамдағы орынды жаулап алуға көмектеседі деп ойлайды. Негізінде қоғамдағы орынды жеке басыңның қасиеттері ғана жаулап алуға көмектеседі. Лауазым өзгеріп отырады, тек адамның аты мен беделі, қасиеті ғана шынайы.

Сол себепті өз ар-намысыңды сақтау қажет. Толыққанды адам болуға, достарың сені қызметің үшін емес, бар болғаның үшін, бойыңда қандай да бір қасиеттерің болғаны үшін құрметтеп, сыйлауы керек. Қалғаны ұсақ-түйек дүние.  

— Әңгімеңізге рақмет, орталықтарыңызға Жастар жылы толағай табыстар әкелсін!

Орталықтың фотосуреттерін МЫНА жерден көруге болады...

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: