Такси жүргізушісін өлтіріп кеткен екі жасөспірім сотталды

12 Ақпан, 15:46 798

Алматы қаласы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот такси жүргізушісінің өліміне қатысты қылмыстық істі қарастырды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Кәмелетке толмаған екі жасөспірімге Қылмыстық кодекстің үш бабы (99-баптың 2-бөлігі, 7, 8-бөлімдері, 200-бабының 2-бөлігі, 1-бөлімі, 188-бабының 2-бөлігі, 1-бөлімі) бойынша айып тағылып отыр. Олар 2023 жылдың жазында Шымкенттен Алматыға дейін жету үшін такси шақырған. Межелі жерге жеткен кезде олар жүргізушіге 40 мың теңге төлеуден бас тартып, алдын ала келісім бойынша оны өлтіріп кеткен.

Сотталушылар жүргізушіге бірнеше рет пышақ жарақатын салған, соның салдарынан жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Кейін сотталушылар жәбірленушінің көлігін айдап, 80 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткен, - делінген ақпаратта.

Айыптаушы тарап айыпталушыларды он жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Кәмелетке толмағандар өздерінің кінәсін мойындамады. 

Сот үкімі бойынша сотталушылар қасақана адам өлтіргені үшін (Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша) кінәлі деп танылып, әрқайсысы 12 жылдан бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды түрде күшіне енген жоқ, - делінген ақпаратта.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: