Таиланд кәсіпкерлері Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтпек

13 Наурыз 2023, 21:34 785

Қазақстан Елшісі Арман Исетов Таиланд Корольдігінің Cауда министрлігінің қызметкерлері, тай кәсіпкерлері мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстанның сауда және инвестициялық салаларындағы мүмкіндіктері туралы айтып берді. Кездесуге қатысушылар еліміздегі саяси реформалармен, сондай-ақ бизнесті жүргізу және Қазақстан экономикасына инвестиция салу үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ететін ұлттық заңнаманың ережелерімен таныстырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ, А. Исетов Қазақстанның Еуропа мен Азия елдері арасындағы өзара тауар айналымын қамтамасыз ету жөніндегі транзиттік әлеуеті туралы хабарлады. Елші Қазақстан мен Корольдік арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін көтеріп, 2022 жылы өзара сауданың тарихи максимумы тіркелгенін және бұл екі елдің бизнесіне қызығушылықтың артқанын айғақтайтынын атап өтті.

Өз кезегінде белгілі тай саясаткері, Таиланд Премьер-Министрінің бұрынғы орынбасары Корн Даббаранси Қазақстан нарығы тай кәсіпкерлеріне тартымды болып табылатынын және елдердің өзара тиімді әріптестікті арттыру үшін нақты мүмкіндіктері бар екенін атады.

Кездесу соңында қатысушылар осы жылдың қыркүйек айында тай компанияларының тобын Қазақстанға жіберу бойынша нақты шаралар қабылдауға келісті.

EL.KZ
Бөлісу: