Таиланд Астанадағы діндер лидерлері Съезін екі жылда бір рет өткізуді ұсынды

30 Қазан 2018, 12:01 1842

Таиланд Астанадағы діндер лидерлері Съезін екі жылда бір рет өткізуді ұсынды.

Бангкок қаласында Қазақстанның Таиландтағы Елшілігінің бастамасымен Бүкіләлемдік буддисттер қоғамдастығының штаб-пәтерінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезінің қорытындысына арналған «Қазақстан мен Таиланд: конфессияаралық келісімге қосқан үлесі» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Конференцияның негізгі идеясы - Таиландтың жұртшылығын Қазақстан Республикасының әртүрлі конфессиялар арасындағы диалогты дамыту және жаһандық бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимылын күшейту жөніндегі қызметімен кеңінен таныстыру. Сондай-ақ осы салада тәжірибе алмасу. Үлкен басқосуға мемлекеттік органдардың, қоғамдық және академиялық топтардың, діни ұйымдардың, сондай-ақ Таиландтың дипломатиялық корпусы өкілдері қатысты.

Конференцияда Елші Раушан Есболатова шараға қатысушыларды Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі жұмысының қорытындыларымен таныстырды. Атап айтқанда, Декларацияның негізгі қағидалары, сондай-ақ пленарлық және секциялық отырыстарының тақырыптары жайында толымды мағлұмат берді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Манифест. «Бейбітшілік. XXI ғасыр» атты құжат нормаларына ерекше назар аударылды. Айта кеткен жөн, бұл Съезд әлемдік қоғамдастықта Қазақстан Республикасы Президентінің түрлі діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы бейбітшілік, келісім және жемісті диалогты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық платформа құру жөніндегі бірегей бастамасының мәуелі жемісі ретінде таныс.

Аталған халықаралық іс-шараға Таиландтың атынан қатысқан Бүкіләлемдік буддисттер қауымдастығы президентінің кеңесшісі Т.Сучарикул және Дүниежүзілік бейбітшілік уәкілі кеңсесінің Бас хатшысы П. Товивич Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі жұмысына қатысты өз пікірлерімен бөлісті.

Делегаттар Съездің өзара сенім мен сыйластық атмосферасын қалыптастыру мақсатында діни және саяси лидерлердің күш-жігерін біріктіру бойынша бастамасына қолдау білдірді. Олардың пайымынша, мұндай ауқымды басқосулар шиеленісті жағдайлардың алдын алуға және болдырмауға көмектеседі. Сондай-ақ, Таиланд өкілдері Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын ерекше атап өтті.

Таиланд Корольдігі Мәдениет министрлігінің Дін істері департаментінің өкілдері өз кезегінде конфессияаралық келісімді қамтамасыз етудің ұлттық тетіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда Корольдікте 15 діни ұйымдар ресми тіркелген, ал мемлекет мойындаған негізгі діндер буддизм, ислам, индуизм, сикхизм және христиан діндері болып табылады.

Тұсаукесерден кейін жемісті пікірталас өтіп, оның барысында іс-шараға қатысушылар түрлі діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты дамыту өзектілігі, сондай-ақ бұл тұрғыдағы Съез рөлінің маңыздылығы өте жоғары деген ортақ мәмілеге келді.

Атап айтқанда, индуизмнің өкілі «Хинду Самадж» Төрағасының кеңесшісі Сатхит Кумарн қазіргі заманда әлемде байқалып отырған шиеленістер, қақтығыстар мен өзгерістердің жылдамдығын ескере отырып, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Астанадағы съезін жиірек, мысалы, екі жылда бір рет өткізу мүмкіндігін қарастыру қажет деген пікір білдірді.

Сонымен қатар, Таиландтағы Орыс Шығыс ортодаксалдық Шіркеуінің өкілі Архимандрит Олег Черепанин Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Таиланд Королі Пумипон Адульядеттің төзімділік пен дінаралық диалог идеяларын қолдайтын көзқарастарының ұқсастығын атап өтті.

Өз кезегінде Таиланд Католик епископтары конференциясы Бас хатшысының орынбасары Эндрю Виссану Танья-Анан түрлі діндердің өкілдері арасында жеке байланыс орнатудағы Съездің айрықша рөлін атап өтті.

Асан ҚАЛИАХМЕТ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: