Таеквондо: Жансель Дениз жүлдесіз қалды

31 Мамыр 2023, 05:20 887

Әзербайжан астанасы Бакуде таеквондодан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар жүлдесіз қалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық құрама сапындағы Самирхон Абабакиров, Нұрай Құсайынова мен Жансель Дениз жүлдеге бір табан жақын қалды.

Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, тәжірибелі таеквондошы Жансель Дениз Грекия құрамасының 73 кг салмақтағы көшбасшы Анастасия Делидимитрис пен испаниялық Белен Моран Ромероны таза ұтып, ширек финалға шыққан. Ширек финалда ол ресейлік Полина Ханға есе жіберіп алды.

Ал 58 кг санатындағы Самирхон Абабакиров алжирлік Саиф Меджахед пен америкалық Уильям Каннингемнен үстем түсті. Өкінішке қарай, қазақстандық спортшы 3-айналымда осы салмақтағы әлем рейтингінің көшбасшысы, Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, тунистік Мұхаммед Халил Жендубиді жеңе алмады.

67 кг дәрежесіндегі Нұрай Құсайынова португалиялық Мафальда Коельо мен чехиялық Ивета Жиранкованы жеңіп, бәсекені сенімді бастады. Алайда, ширек финалда 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасындағы әлем чемпионы, франциялық Магда Виет-Энен айласын асыра алмады.

Жалпы биылғы додаға 145 елден 1 мыңға тарта таеквондошы жиналған. Бакуде өтіп жатқан биылғы әлем чемпионаты Халықаралық таеквондо федерацясының 50 жылдығымен тұспа-тұс келіп тұр.

Берік Арманов
Бөлісу: