Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары қызметіне Мирас Мақсетұлы Зеріпбаев тағайындалды, деп хабарлайды El.kz.
Мирас Зеріпбаев 2015 жылы Алматы энергетика және байланыс университетінің «Техника және технологиялар» бакалавры, 2017 жылы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық-зерттеу университетінің «Электроэнергетика», ал 2020 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Экономика және бизнес» бакалавры мамандықтары бойынша оқу бітірген.
Еңбек жолын 2015 жылы «Авислогистик» ЖШС-нің экспедиторынан бастаған. 2016 жылдан 2017 жылға дейін «Электрокабель зауыты» ЖШС-де электромонтер болып жұмыс істеді.
2017 жылдан 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің орталық аппаратында жұмыс істеп, Электр энергетикасы саласын реттеу басқармасының сарапшысы және бас сарапшысы лауазымдарын атқарды.
2020-2021 жылдары ҚР ҰЭМ ТМРК Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, 2021-2022 жылдары ҚР ҰЭМ ТМРК Алматы қаласы бойынша аумақтық бөлімшесі басшының орынбасары қызметін атқарды.
2022 жылғы мамырдан бастап осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болды.