"Тақиялы періште" 80 жаста!

6 Қараша 2015, 10:17

"Тақиялы періште" 80 жаста!

«Тақиялы періште» 1968 жылы жарыққа шықты. Бірер жылдан кейін Шәкен Аймановтың бұл картинасы да 50 жылдық мерей тойын атап өтпек. Фильм барысында 60-жылдардағы Алматы қаласын, сол кездегі жастардың болмысын көрумен қатар, Александр Зацепиннің «Ты куда, Одиссей?!» әні мен Ермек Серкебаевтың орындауындағы бірқатар әндерді тыңдауға болады. Бір қызығы, дәл осы фильмнің әсерімен ауылдан қалаға келетін қазақ жастарының саны едәуір өскен.

«Тақиялы періште» фильмінің мерейтойына асықпайық. Сол фильмде басты рөлді сомдаған Әлімғазы Смағұлұлы көрерменнің есінде мәңгі Тайлақ болып қалды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Әлімғазы Смағұлұлына ең жылы сөздері мен ізгі ниеттерін білдірген хат жолдап, 80 жасымен құттықтады.

Министрдің құттықтау хатында: «Ұлы кинематограф Шәкен Аймановтың жарты ғасырдан астам уақыт көрермендердің көзайымына айналып келе жатқан «Тақиялы періште» фильміндегі бас кейіпкер - Тайлақтың бейнесін сомдап, әлі күнге дейін өнерсүйер қауымның жүрегіне жол тауып келесіз. «Бізде балалық шақ болмады» деп бір сөзіңізде айтқандай, намыстан жаралған Сіз еңбекке ерте араласып, тынымсыз ғұмыр кештіңіз. Ал, бүгінде Гүлжауһар апа екеуіңіз он бала өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдыңыз. Немере-шөбере тәрбиелеп отырсыздар. Олардың бақытты балалық шағына қамқор болдыңыздар. Бүгінде еңбегіңіз елеусіз емес. Өмірдің талай өткелдерінен өткен ардақты ардагер, Алматы облысының құрметті азаматы және Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткерісіз!» - делінген.

Әлімғазы Смағұлұлы Райынбеков кәсіби актер болмағанымен, көгілдір экранда шыққан 12 кинофильмде басты рөлді сомдай білді. 1965 жылы спорттық шаралардың бірінде көзге түсіп, «Ән қанаттары» фильміне түсуге шақыру алған кезде Әлімғазы аға совхоз жүргізушісі болып жұмыс істеген болатын. Бірақ, Әлімғазының қатысуымен түсірілген бірде-бір фильм «Тақиялы періштемен» тайталаса алмайды. Оның үстіне бұл фильм орыс және қазақ тілінде де кеңінен тарап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Фильмге әлі күнге дейін сұраныс жоғары.

«Қыздарыңыз маған түк те ұнаған жоқ, желкілдеп жетіп келген өздерінен көрсін» деп дүрсе қоя беретін бойдақ кейіпкер түр-тұлғасымен де, образымен де есте қалады. География пәнінің мұғалімі Тайлақ – бұл алпамса денелі және періштелі мінезі бар кең пейілді жан. Ол өз анасынан артық шеше жер бетінде жоқ деп санайды. Сонымен қатар, Тайлақ тіпті дастархан басында өзінің сүйікті тақиясын басынан тастамайды. Ұялшақ «періштенің» бойдақ өміріне балта шапқысы келген анасы Тана ұлына қосақ іздеп Алматыға келеді.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу: