ТАҒДЫР

30 Тамыз 2014, 12:29

ТАҒДЫР

ТАҒДЫР – мифологияда, кейбір діни-идеалистік философиялық жүйелерде дүниедегі және адам өміріндегі оқиғалардың, жағдайлардың, іс-қимылдардың адамға беймәлім жолмен алдын ала анықталып қоятынына сену. Барлық әлемдік діндерде адам өміріндегі оқиғаларды Құдай (Абсолют) алдын ала анықтайды деген наным бар. Сондай-ақ Т. – табиғаттың, қоғамның, тарихтың танылмаған, санада игерілмеген жұмбақ заңдылықтары іспетті. Кез келген кездейсоқ құбылыстарды олар орын алғаннан кейін тануға, түсінуге болады. Бірақ алдын ала болжап, жол бермеуге болмайтындықтан ол құбылыстарды біз Т-дың жазғаны деп қабылдаймыз. Т. ұғымы дүниеде болмай қоймайтын нәрселерге қолданылады. Осыған орай “тағдыр” ұғымы мен “қажеттілік” ұғымы бөлінеді. Қажеттілік – объективті заңдылық. Оны білмеуге, елемеуге болар, бірақ оны болдырмау емес, қажеттілікті танып, өзінің іс-әрекетінде оның талаптарын ескеру. Абайға ден қойсақ: “Егер ісім өнсін десең, ретін тап” – дейді. Бірақ өмірде жазмыштан, яғни өз уақытынан, заман талабынан озып, келешекке жол салғандар бар, болған. Адамзат тарихы, мәдениет тарихы тағдырмен тартысқа түскен, өз ойын, тілегін жүзеге асыруға тырысқан, опық жеген, бірақ тағдыр тәлкегіне мойынсұнбаған тұлғалар жөнінде мағлұматтар береді. Адам мәні, таным мен түсініктің тарихтағы рөлі сыртқы күштердің адам өміріне килігуін болдырмау немесе азайту амалын табудың жолдары болып табылады. Тағдырды мойындау мен дінге сену бір-бірімен байланысты құбылыстар. Кеңес дәуірінде адамдар Құдайды жоққа шығарды, Т-ды мойындамады. Бәрі де адамның өзіне байланысты деген түсінік орын алды. Т. ұғымының дүниетанымдық мәні – дүниедегі құбылыстардың, адамның, өмірдің күрделілігін, қайшылықтығын, жұмбақтығын адамның есіне салу, қалай болса солай ойланбай, толғанбай, тарихтың сабақтарына ден қоймай өмір сүруге болмайтынын адамға ескерту.

Т. Рысқалиев

Бөлісу: