Тәжіктердің мәдениеті мен тұрмыс салты

22 Қараша 2018, 12:12 5268

Қазақстан – әрдайым әлем елдері арасында татулық пен келісім болуын жақтайтын мемлекет. Бұған тарихи оқиғалар куә. Соның бір мысалы – Қазақстан мен Тәжікстан елдерінің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына жиырма бес жыл толуы. Атаулы күнге орайластырылып дөңгелек үстел ұйымдастырылып, іс-шарада Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының тұсаукесері өтті.

Осыған орай тәжік ұлтының мәдениеті мен тұрмыстық салт-дәстүріне шолу жасауды жөн көрдік. Тәжік ұлтының мәдени мұрасы мен салт-дәстүрі өте бай.     

Тәжіктердің салт-дәстүрі өмірлерінің едәуір бөлігін қамтиды: күнделікті тұрмысы мен мерекелеріне дейін. Қалада да, ауылда да тұрмыс-тіршілігімен байланысты салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды ұстанады, қазіргі жаһандану дәуірінде мұның бәрін сақтап қалу да оңайға түспес. Дегенмен де Тәжікстанның өзінде ауылдарда және шағын қалаларда ұлттық киімдерін киіп жүретіндерді кездестіруге болады. Үйлену тойларында, басқа да іс-шараларда ұлттық би мен музыкасы міндетті түрде ойналады.  

Бұл елдің дәстүрлері – олардың өмір сүру салтының, мәдени құндылықтарының, эстетикасының кілті және осы таңғажайып елді біліп, тану тәсілдерінің бірі.

Тәжік ұлттық билері ерте орта ғасырға дейін пайда болған. Олар тұрмыстық маңызды оқиғаларда: бала туу, отбасылық мереке және басқа да іс-шаралармен байланыстырылып отырған. Ол бірнеше стильге бөлінеді: памирлік, таулық, бұхаралық, оңтүстік (Хатлон аудандарының тобы), Солтүстік Тәжікстанның Гиссар аңғары. Олардың әрқайсысы түрлі костюмдерімен, қимылдарымен және өңір тұрғындарына тән мәнерлерімен өзгешеленеді.

Тәжік ұлттық биі келесі түрлерге бөлінеді: би-пантомима (ең көне түрі) жануарлар мен құстарға еліктеуге негізделген, жоралғы биі – раксхои маросими, пойамал биі Памир ауданында сақталған. Сонымен қатар салт билеріне «гилем» – кілем, «бофт» – мата, «ошпаз» – аспаз жатады.

Ерлер биіне жауынгерлер биі жатады. Олардағы қозғалыстар өкпек болып келеді: динамикалық, жылдам, күш пен қуатты бейнелейді. Шамшербози – қылышпен, кордбози – пышақпен, оташбози – отпен билейтін би. Музыкалық аспаппен билейтін ерлер мен әйелдер биі – ракс бо дутор (дутармен), ракс бо дойра (дабылмен), ракс бо гижжак (гиджак).

Сонымен қатар би элементтерімен театрландырылған көрініс қояды. Мысалға, аспакбози – жылқымен билеу, уштур бакатор – түйе керуені биі, киштибози – қайықпен билеу. Бұл дәстүрлі билер пантомима, драмалық ойын және цирк өнері элементтерінен тұрады. Әрі дәстүрлі билер тартымды көріністермен байланысты.

Театрландырылған көрініс

Тәжік ойын-сауық өнері көп жылдар бұрын осы аумақта кең таралған зороастризм дәуірінен бастау алады. Бұған ежелгі жартастағы суреттер дәлел. Ән мен биде көрсетілген театрланған көріністер адамдардың тұрмысындағы ғибадат рәсімдері мен дәстүрлерімен байланысты. 

Қатысушылар театрландырылған іс-әрекеттерді бейнелеген фантастикалық жаратылыстар – албастибози (жын), рубохбози (түлкі), шербози (арыстан), маймунбози (маймыл), укоббози (қыран), хирсбози (аю).

Зочабози – қуыршақпен қойылатын көрініс, көп ғасырлық тарихы бар тамаша өнер жанры. Қуыршақ театры өнері Самарқанд, Бұхара (Өзбекстан), Худжан, Ура-тюбеде (Тәжікстан) дамыған. Труппаға лухтабоздар (қуыршақ ойнатушы әртіс), сурнайчи (сырнайшы), нагорчихо – нагорда ойнаушылар (ұрмалы музыкалық аспап) кіреді. Бұхарадағы труппада масхарабоза – сайқымазақ қосылады. Қуыршақ театры қойылымдары әнмен, музыкамен, бимен және ойындармен түрлендіріледі. 

Халық көретін көріністің ең көне түрлерінің бірі – чодирхаёл (чодари дасти – қол шатыры, зочаи чодир – шатыры жоқ қуыршақ) – елестер шатыры. Ол туралы исламға дейінгі жазба деректерде айтылған. Бұл қолдың көмегімен басқарылатын марионет-қуыршақтардың спектакльдері. Топ әдетте 9 адамнан тұрады (қуыршақ ойнататын адам, төрт-бес музыкант, бір-екі биші, масхарабоза және акробат-дорбоз).

Офтобхон и мохтобхон спектакльдері тұрмыстық проблемалардың көрінісін сипаттайды. Комедиялық пьесалар: хирсбози – аю аулау, булбулбози – бұлбұл‚ хиндубози – үнді. Масхарабоза (сайқымазақ) – көнеден бастау алатын көзқарақты өнер түрі. Әртістер ойын барысында драмалық жанрға ғана ден қоймай, пантомимо, ән, би, цирктік нөмірлер орындаған. Көріністе ең танымал кейіпкерлер – раис (төраға)‚ сот, қазы, молда.

Біздің кезге дейін халықтың көрнекті өнер түрлерінің көбі сақталған. Мысалға, Памирде – мугулбози – моңғол қызы туралы драма, бобопирак – қария туралы, каландарбози – диуана туралы, полвонкачал (ақсақ батыр) – тәжіктердің өнер туындысындағы кең таралған кейіпкер. Әр қойылымда тәжіктердің қоғамдағы өмірі туралы суреттеледі. 

Ұлттық киім

Тәжіктердің ұлттық киімі халықтың тұратын аймақтарына қарай әртүрлі, яғни, түсімен, оюларымен, үлгісімен ерекшеленеді. Дегенмен, жалпы алып қарағанда, үлгі жағымен ұқсас. Ер адамдардың киімі – көйлектері ұзын етекті, шалбарлары кең, сырып тігілген халат, орамал-белбеу, тақия немесе шалма, былғары етік, біз тұмсық галош (етіктің сыртынан киіледі). Әйел адамдарда – ұзын етекті көйлек, кең балақты шалбар. Бастарына орамал тағады немесе тақия киеді. Қазіргі уақытта да ауылды жерлерде ұлттық киім стилін жоймаған. Тақия мен орамалды қыздар мен әйелдер көбіне мерекеде қолданады (үйлену тойы, туған күн).

Ұлттық әшекейлері негізінде күмістен жасалады. Ірі етіп соғылған, нақышталған алқа, салпыншақ, сырға және жүзік.  

Румол – ер адамдардың мақтадан тігілген орамал-белбеуі, әртүрлі түсті оюлармен – басмамен боялған немесе тығыз кестеленген. Өсімдік тәріздес, араб әліпбиіне ұқсайтын оюлары болады.

Токи-каллапуш (тақия) – тәжіктердің дәстүрлі киімдерінің бөлігі. Әсіресе «чусти» – ақ-қара тақия көп кездеседі: қарапайым ою – бодом (бадам) немесе каламфур (қабықты бұрыш) ақ жібекке кестеленіп тігіледі. Тәжікстанның көптеген аймақтарында жарты сфера сияқты тақиялар да кезедеседі – арахчин‚ ол тігін машинасымен тігіледі. Композицияның бірнеше дәстүрлі түрлері мен ою-өрнектері бар. Оның ішінде әйелдердің төртбұрышты көрнекті айқаршықпен тігілген «өсімдік» оюлы тақиялары кең таралған болса, Памирде жалпақ түпті домалақ түрлі-түсті жібек жіппен тығыз кестеленген тақиялар көп кездеседі.

Құдалық

Тойдың алдында құдалық рәсімі болады. Әдетте тәжіктерде жаңа туған нәрестелерді немесе жас балаларды атастырып қоятын болған. Мұндай құдалықтың екі түрі болады: говорабахш – «бесік құда», доманчок – есейген балаларды атастыру.

«Доманчок» кәдесінде ұл бала мен қыз баланың аналары дұға оқып, жұқа нанды екіге бөледі де, балаларды қатарластырып қойып, олардың көйлектерінің етектерін бір-біріне байлап, тігістерінен жыртады.  

Қыз бен жігітті өз таңдаулары бойынша ата-аналары немесе кәсіби «совчи» (жеңгетай) үйлендірген. Олар алдын ала күйеу жігіт пен қалыңдықтың ата-аналарымен сөйлесіп, артынша құдаларды жіберіп, құда түсу рәсімін өткізген.

Сақина салу

Бұрынырақта құда түскеннен кейін (он күн немесе бір ай шамасында) құда түсу рәсімі қайталанады: күйеу жігітке қалыңдығы кім болатыны айтылады, ал кешкісін жігіттің анасы үстіне жұқа нан жабылған палауын алып, қалыңдықтын үйіне барады. Оған шай ұсынылып, палау дайындалып, туысқандар, көршілер, ақсақалдар шақырылады. Жиналған қауымға сол үйдің қыз баласына құда түсетіні туралы хабарланады. Дәмнен ауыз тимес бұрын сыйлы ақсақалдардың бірі жұқа нанды бөліп, үйленетін жастарға бақыт тілеп, дұға оқиды. Барлық жоралғылар дұға арқылы орындалады. Мұндай жоралғы фотиха («ашылу», «бастама») немесе ноншиканон – «нан бөлу» деп аталады және жастардың ресми атастырылуы болып табылады.

Қалыңдықтың ата-анасына қалың мал беру

Үйлену той қалыңдықтың ата-анасына қалың мал берілмейінше өтпейтін болған.

Белгіленген күні қалыңдықтың әкесіне қалың мал әкелу үшін күйеу жігіттің үйінде «тахта пас кунон» (қамыр илейтін тақтайды түсіру деген мағынада) ұйымдастырылған. Жұқа нан (лочира) пісіріліп, кемпірлер той көйлегін пішіп, келіншектер оны тіккен. Мұның барлығы дұғамен, әнмен сүйемелденген.

Келесі күні күйеу жігіттің үйінде қалыңдықтың әкесімен қалың малдың мөлшері талқыланады. Дәл сол күні қалыңдықтың үйінде кешкісін «тахта пас кунон» жоралғысы жасалады. Дәмнен ауыз тиіп, жастардың бақыты үшін дұға оқылғаннан кейін қыздарға қамыр илетіп, тойға жұқа нан пісіртеді, ал үлкендер жағы күйеу жігіттің тойға арналған сыйлықтарын қарауға кіріседі.

Бірнеше күн өткен соң, әдетте бейсенбі күні, қалыңдықтың үйінде «латта бурон» жоралғысы жасалып, күйеу жігіт сыйға тартқан маталардан киімдер тігілген.

Тойды егін орып болған соң, күз айларында жасайды.

Сюзане – той көрпесі

Үйлену тойына міндетті сыйлық – сюзане. Тәжіктер дұрыс тоқылған көрпе жыннан және көзден сақтайды деп сенген. Осы орайда белгілі бір ережелерді сақтаған жөн. Мысалы, мақтадан жасалып, қолдан тоқылған ақ кенепті қолданады – тек осындай мата жоралғыға сәйкес таза әрі Алланың қалауымен деген түсінік қалыптасқан.

Тойдың алдында жасауды бітіру үшін қалыңдықтың үйінде көршілері мен туыстары жиналып, жоралғы жасайды. Әуелі Құран оқытып, көпбалалы ана тігінді бастап берген.

Шеберлердің көп болғанына қарамастан, дайын көрпеде кішігірім олқылықтар кездесіп тұрады. Көрпедегі оюлардың маңайында бір тесік қалдырылады. Негізінде шеберлер оны әдейі істейді екен: мақтасын, бірақ көз тимесін, ал жастардың бақыты осы аяғына дейін тігілмеген көрпе сияқты ешқашан таусылмасын деп ниет еткен. Тойдан кейін ең үздік тігілген сюзане жастардың бөлмесін әшекелейді.  

Үйлену тойы

Үйлену тойы күні (никох) таңнан палау дайындалып, ауыл адамдары шақырылады. Әуелі ерлерді, одан соң әйелдерді және балаларды тамақтандырады. Қалыңдық пен күйеу жігіт әркім өз үйінде той рәсіміне дайындалады. Кешқұрым молда екі жастың некесін қияды. Қалыңдықтың құрбылары мен туыстары көршілерді шақырып, олар шақырған қыздарға той ұзағынан болсын деген ниетпен бір тегене ұн береді.

Дәм ауыз тиіп, дұға оқылған соң, кіреберіске қарсы жаққа шымылдық құрып, қалыңдықты құрбыларымен отырғызады. Сол жерде шашын тарап, киімін кигізеді. Ал шымылдықтың алдында қалғандары би билейді. Сенімді өкілдері арқылы қалыңдықтың келесімін алып, молдаға хабарлайды. Содан кейін акди никох – неке қию рәсімі өткізіледі.

Неке қию рәсімі біткен соң, күйеу жігітті құттықтап, оның жолын отпен жарықтандыра отырып, қалыңдыққа қарай апарады. Қалыңдық отырған үйдің есігінің алдында күйеу жігіт зығыр сабанымен жағылған оттан секіріп, тазартылады. Күйеу жігіт үйге кіріп, қалыңдық отырған шымылдықтың алдында тоқтайды. Күйеу жігіт кеткен соң, қалыңдыққа паранжа кигізіп, сыртқа шығарады да, әкесін қоштасуға шақырады. Қалыңдық туғандарымен қоштасып болған соң, күйеу жігіттің үйіне апарады. Күйеу жігттің үйінің маңында алау жағып, той керуені оттың маңынан жүріп өтеді. Үй алдында да от жағылып, қалыңдық аттап өтетін болған. 

Үй алдында тоқтап, қайын атасы аяғының астына мал сояды. Қалыңдық малдың қаны мен жайылған матаны басып үйге кіреді. Матаны екі кемпір ұстап тұрады. Қалыңдықты енесі қарсы алып, шымылдықтың артына отырғызады. Әйелдер мен балаларға палау таратылады.

Баланың тууы

Болашақ ананың баланы өмірге әкелгеніне дейін, қырқынан (чилла) шыққанша түрлі салтпен және жоралғымен байланыстырылады. Жас босанған ананы жалғыз қалдырмай, бөлмеде түні бойы от немесе шам жағылады. Жас ананың бас жағына үшкір заттар қойып, төсектің тұсына тұмар ретінде ащы бұрыш, пияз немесе сарымсақ іліп қояды. Бала қырқынан шыққанша ерекше күндер аталып өтеді: үшінші, бесінші, жетінші, он екінші және қырқыншы күн. Оларға байланысты өзіндік жоралғылары бар. Мысалы, бірінші рет көйлек кигізу, шомылдыру, ат қою, бесікке жатқызу. Бұл кезеңдер ананың нәрестемен үйден шығуы – чилла-гурезон салтымен аяқталады. Яғни, туысқандарының үйіне барып, дәм беріледі.

Тұрмыстық салт-дәстүрлер

Адамның тұрмыстық өмірімен байланысты көнеден келе жатқан салт-дәстүрлердің біразы сақталып қалған. Оның ішінде Навруз – егіншілік иесі «Бобои Декхон», сонымен қатар аспан шырақтарына табыну және олардың адам өміріне ықпалына байланысты салт. Су мен отқа табыну да сақталған. 

Тәжіктердің өмірінде қолөнер кәсібі маңызды орын алады, бұл кәсіп ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келеді. Қолөнер кәсібін меңгеру «камарбандон» жоралғысымен тығыз байланыстырылады, камарбандон – шеберлер қатарына қабылдануды білдіреді. Жас шебердің белін буып, ұстаз оған қолөнер құралын табыстайды, ал ол өз кезегінде тәлімгеріне құрмет көрсетеді.

Тәжікстанның сәндік-қолданбалы өнері

Сюзане

Ұлттың қолөнер бұйымдардың бірі – сюзане. Ол тәжіктердің тұрмысында айрықша орын алады. Тіпті ұлттың мақтан тұтатын тұрмыстық заты болып табылады. Ерекше оюы, пропорционалды үйлесімдігі, көз тартар әдемілігі, көркемдігі сүйсінуге тұрарлық. Сюзанеден басқа Тәжікстанның тегістігінде кезедесетін борпуш, руиджо, карс қолданбалы үлкен кестелер бар. Бірақ өлшемі жағынан сюзанеден кішірек. Оюларының әр алуандығы мен түсі басқаша. Оларды қабырғаларды көркемдеп, төсекке жабады. Сондай-ақ бұларды үйлену тойында және жерлеу рәсімінде қолданады. 

Күйіктас

Көркемдік күйіктас – өнердің көне түрі. Көне сәулет және мүсін өнері сияқты оның негізгі материалы – балшық. Тәжік ұлтының балшық үлгілері Тохаристан, Согдиана, Вахша және Ферганада кездеседі. Тәжікстанның аумағында алғашқы табылған хаттар б.э.д төрт мың жылдыққа жатады. Түрлі ыдыстардан бөлек балалардың ойыншығы мен мүсіндері де бар: аспак (ат), шер (арыстан), маймун (маймыл), хуштак (ысқырғыш).

Зергерлік өнері

Зергерлік өнер – тәжік ұлтының көркемдік өнерінің көрнекті түрі. Оның ең көне үлгілері ежелден келе жатыр, археолог ғалымдар оларды мезолит дәуіріне жатқызады. Зергерлік бұйымдарда этникалық тарихтан бастау алатын ұлттық этикалық нормалары, діни көзқарасы, әлеуметтік қатынасы мен дәстүрі көрінеді. Дегенмен де бұйымдардың сиқырлы және қасиетті функциясы олардың эстетикалық түрінен немесе құнынан да бағалырақ.      

Ұлттық ойындар

Бузкаши. Көкпар – ат спорты ойыны

«Бузкаши» немесе көкпар – ат спорты ойыны ерте заманнан келе жатқан ойын. Ол қатысушылардан ерлікті, ептілікті және күштілікті талап етеді. Орталық Азия елдерінде бұл ойын әртүрлі нұсқада кездеседі. Дегенмен де Тәжікстанда бұл ойынға жаңаша үрдіс енгізілген. Бұрынғы уақытта ат үстінде ептілік танытуға отбасымен, бір ауыл немесе бір аудан болып қатысатын.

Бірақ алаңда мындаған адам жиналған кезде, ығы-жығысы шығып, ойынның негізгі элементтері көрінбей қалатын. Сол себепті командадағы адам санын азайту шешіміне келді. Алдымен он екі, сосын он, сегіз және бес адамнан шығатын болды. Қазіргі уақытта төрт адам бір команда болып қатысады. Негізінде командада адам саны он, олар ойын барысында бір-бірін алмастырып отырады. Өйткені қатысушыларға да, атқа да салмағы отыз-қырық, тіпті елу-алпыс келі тартатын серкені тартып жүру оңайға соқпайды.  

 

Ойын ережесі қарапайым: өзара бәсекеге түскен екі команданың қатысушылары серкені жерден көтеріп алып немесе бір-бірінен тартып алып, әркім өзінің қақпасына салуы керек. Мұндай әрекет неғұрлым көп болса, соғұрлым ұпай саны көбейеді. Қарсыластар қақпасының арақашықтығы үш жүз-төрт жүз метр, ал ойын алаңының ені жиырма-отыз метр болады. Серке қақпаға түскен сайын ол ойын алаңының ортасына қайтарылады. Ереже бойынша серкені кез келген әдіспен қарсыласынан тартып алып, команда ойыншысына беруге құқылы.  

Серкені ертоқымға немесе өзіне байлап алуға, қарсыластың атын шалуға, үркітуге, қуалауға, тартуға, қамшымен ұруға, артқы аяқтап тік тұруға қатаң тыйым салынады.

Ойын уақыты – он бес минут. Алайда, ұпай тең болса, үстеме он бес минут қосылады. Егер осы уақытта ойын нәтижесі өзгермесе, екі командадан бір-бір ойыншы шығып, он минут көлемінде ұпай санын өзгертуі тиіс болады.

Чавгонбози ұлттық ойыны

Тәжіктердің тілінде «чавгонбози» немесе «гуйбози» деп аталатын ойын әлемде ат полосы делінеді. Ханзада мен ақсүйектердің ойыны өз бастауын Орта Азиядан алатынға ұқсайды.

Ойын ережесі бойынша ағаш допты аттың үстінде шауып келіп, ұзын ағаш таяқпен қақпаға кіргізу керек. Ойын мөлшері 200х120 метрден аспайтын алаңда жылдам ойналады. Екі салт аттылардан тұратын команда өзара сайысқа түседі, әр командада алты адамнан болады: төрт шабуылшы және екі қорғаушы.

Ойын техникалық жағынан өте күрделі, өйткені ойыншыларға жиі әрі кенеттен қозғалыс бағытын ауыстыру керек болады және аяқ астынан тоқтап, жылдамдықты шұғыл қосу керек. Бұл жағдайда атты сезіну, ертоқымда мығым отыру, ептілік, мықтылық пен көзқырағылығы қажет. Мұның бәрі қатысушыларға қажет қасиеттер, өйткені жоғары жылдамдықта шауып келе жатып, допқа дөп тигізіп, тамаша нәтижеге қол жеткізу – оңайға түспейді.

Тәжіктердің Хуф аңғарында бұл ойынның екі нұсқасы болған дейді. Бірінші, атпен – «гуйбехт», екіншісі, жаяу – «путбехт». Орта ғасырлардағы жазбаларда Хуфта өз ойыншыларын мақтан еткен.

Еркін күрес – елдегі кең таралған спорт түрі. Ол осы кезге дейін танымалдығын жоймаған спортқа көрермендер көп жиналады. Осы тамаша және нағыз ерлердің ісінде көрерменге ұнайтыны – «гуштингири».

Гуштингири – тәжік күресі

Гуштингири – тәжіктердің көне күрес түрі. Күрескерлер ұлттық шапан мен жұмсақ белбеу тағады. Күрес кезінде қарсыластың белбеуінен, жеңінен немесе жағасынан ұстауға болады. Бірақ белден төмен ұсталмайды, тек аяқпен шалуға рұқсат етіледі. Қарсыласының арқасын жерге тигізген (бір жауырыны тисе де есептеледі) адам жеңімпаз деп жарияланады. Белдесу он минутқа созылады.

«Гуштингири» өте көне тарихы бар орта азиядағы еркін күрес түрі.

Белдесу әдетте жылдам қарқынмен өтеді. Аяқтан шалу, қапсыру, түру және белбеуден ұстап лақтыру элементтері бар. Сонымен қатар тәжік күресіне «соғып» қармау тән, ол басқа күрес түрінде кездеспейді.

Сайыс күндері дәстүр бойынша алғашқы күресті балалар бастайды, содан кейін жасөспірімдер күш сынасады, тек артында кілемге аты әйгілі балуандар шығады.   Тәжікстанда «гуштингири» шеберлерін құрметпен «палван» – батырлар деп атайды, олар халық арасында танымал әрі сыйлы. Осы кезге дейін бір де бір үйлену тойы, елдегі салтанатты мерекелері ұлттық күрессіз өтпейді.

Лухтак

Лухтак (немесе лухтаки ришта) – тұмар-қуыршақ. Ол биік таулы қыстауларда тұратын тәжік отбасында көптеп кездеседі. 

Оны жасаудың әдісін үлкен әжелер біледі. Қазіргі уақытта жасай білетін әйел кемде-кем. Қуыршақ екі таяқшаны айқаршықтау арқылы жасалады. Алғашқыда қуыршақ үйді, отбасын, ер адам мен ұл баланы, әйел адам мен қыз баланы тіл-көзден қорғау үшін жекелей жасалған.

Лухтак қуыршағын жасау мұсылмандық кезеңге дейін, яғни, Тәжікстанда зороастризм (б.э.д. VII ғ.) болған кезде пайда болған. Ол жүздеген жылдар бойы барлық жерде таралған: жамандықтан үй мен адамдарды қорғап, балалар ойнаған. Әр адамның өзіне арналған лухтак қуыршағы болады, өйткені жамандықтан сақтау құдіреті тек бір адамға тән.

Қыз баланың қуыршағының беті домалақ немесе сопақ геометриялық ромбпен тоқылады. Ұл баланың қуыршағының бетіне ешқандай өрнек салынбайды, тек басына ұшы иығына түсіп тұратын ақ шалма оралады. Есесіне оған ұзын мойын тоқылады.

Лухтактың әдетте белгілі түрі болмайды. Ол үйде адамдардың басынан жоғары жерге ілінеді. Өйткені ол жаман энергияны, көзді және ауруды өзіне тартып тұрады деген сенім бар. Егер бала ауырып қалатын болса, анасы қуыршақ жасап, оған дұға оқып, өзенге тастаған. Ағынды су қуыршақпен бірге баланың ауруын ала кетеді деп сенген.  

Қазіргі кезде бұл қуыршақты Куляб, Гиссар, Матча, Гармде кездестіруге болады.

Міне, тәжік ұлтының мәдениетінің көрініс осындай. Ұлттық ойындары, үйлену салтының кейбір көріністерінің қазақ халқымен ұқсастығы да жоқ емес.  

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

 

Бөлісу: