Тұңғыш!

25 Тамыз 2015, 05:20

Қазақстандық Елдос Сметов чемпион атанса, Рустам Ибраев - күміс жүлдегер атанды.

Дзюдодан Астана қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақтағы жеңімпаздар анықталды. Қазақстандық Елдос Сметов чемпион атанса, Рустам Ибраев - күміс жүлдегер атанды. 

Елдос Сметов жартылай финалда жапон елінің спортшысы Шишима Ториді жеңсе, Рустам Ибраев моңғол елінен келген Ганбат Болдваатардан басым түсті. Нәтижесінде қазақстандық қос спортшы чемпиондық атақты өзара сарапқа салды. Өзара аңдысқан шешуші белдесуде бір шито есертудің нәтижесінде Елдос Сметов әлем чемпионы атанды. Күміс Рустам Ибраевқа бұйырды. Ал қола жүлдені жапон Шишиме Тори мен кәріс спортшысы Ким Вон Жин иеленді. 

Айта кетейік, дзюдодан әлем чемпионаты 30 тамызға дейін жалғасады. Додаға әлемнің 137 елінен 823 спортшы қатысуда.

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы 2009 жылдан бері алғаш рет дзюдодан әлемдік доданың алтынын алып тұр. Бұған дейін қазақстандықтар арасынан Максим Раков қана еліміздің әнұранын шырқатқан еді.

Осыған дейін әлем чемпионатының финалында екі қазақ балуанының белдесуі де тіркелмегенін атап өткен жөн.

Елдос Сметов 60 келідегі ұлттық құраманың үздігі. Тараз қаласының тумасы 2014 жылғы Азия ойындарында жеңімпаз атанған тұңғыш қазақ балуаны.

Айта кетейік, Елдос Сметов алғашқы айналымда финляндиялық дзюдошы Юхе Рейнвалды шидо арқылы жеңді. Одан кейін Сауд Арабиясының балуаны Мажрачи Ейсаны жарыстан ығыстырды.

Үшінші айналымда мексикалық Кастилло Набордың осал тұсын тапты. Ширек финалда Диорбек Урозбаевты қапы қалдырды. Жартылай финалда осыған дейін алынбас қамал болып келген жапон Шишиме Торуды ауырту әдісімен ұтты.

Ал Рустам алғашқы екі айналымда болгар Янислав Герчев пен экваторлық Ленин Пресиадоны ұтты. 1/8 финалда атақты грузин балуаны, әлем чемпионатының жүлдегері грузиялық Амиран Папинашвилиді аса тартысты кездесуді жеңіп, бір ерлік жасады.

Ал ширек финалда оңтүстіккореялық Шуй Ин Хуктан басым түсті. Жартылай финалда былтырғы әлем чемпионы моңғол Ганбат Болдбаатардан басым түсті.


Әлем чемпионатында қазақ елінің намысын қорғайтын балуандар мыналар:

Ерлер:

Елдос СМЕТОВ (60 келі)

Рустам ЫБРАЕВ (60 келі)

Айбек ИМАШЕВ (60 келі) (Командалық жарыс)

Азамат МҰҚАНОВ (66 келі)

Елдос ЖҰМАҚАНОВ (66 келі)

Жансай СМАҒУЛОВ (66 келі) (Командалық жарыс)

Ғабит ЕСІМБЕТОВ (66 келі) (Командалық жарыс)

Дастан ЫҚЫБАЕВ (73 келі)

Ринат ИБРАГИМОВ (81 келі)  (Командалық жарыс)

Азиз ҚАЛҚАМАНҰЛЫ (81 келі)

Самат ЕСЕН (90 кг) (Командалық жарыс)

Ислам БОЗБАЕВ (90 келі)

Максим РАКОВ (100 келі)

Ержан ШЫНКЕЕВ (+100 келі)

 

Қыздар:

Александра ПОДРЯДОВА (48 келі)

Отгонцецег ГАЛДБАРАХ (48 келі)

Ленария МИНГАЗОВА (52 келі)

Олеся КУЦЕНКО (52 келі)

Назгүл  ҚҰБАШЕВА (57 келі (Командалық жарыс)

Мариан УРДАБАЕВА (63 келі)

Ділбар ӨМІРӘЛИЕВА (70 келі)

Жанар ҚАШКЫН (70 келі)

Альбина АМАНГЕЛЬДИЕВА (78 келі)

Гүлжан ИСАНОВА (+78 келі)

Зарина АБДУРАСУЛОВА (+78 кг келі) (Командалық жарыс)


Әзірлеген: Досжан Мейірім 

Бөлісу: