30 Маусым 2014, 03:35
Түймедақ (Matricаria) – ортасында сары дағы бар ақ түсті гүл. Өсімдіктің табиғатта 200-ге жуық түрі белгілі. Түймедақтың сары түсі де бар, дегенмен, ақ күлтелі түрі көп таралған. Түймедақтың табиғи түрі дәрілік қасиетімен жоғары бағаланады. Дегенмен, көбісі түймедақтың пайдасын біліп, шипалық мақсатта қолданбайтыны өкінішті.
Түймедақ гүлі көгалдандыруда кеңінен қолданылатын көпжылдық шөптесін өсімдік. Биіктігі 30-60 см аралығында болады. Гүлінің диаметрі 9 см-ге дейін жетеді. Дүние жүзіне таралған. Бақшаға еккен түймедақ жаз бойы молынан гүлдеп, ерекше көңіл күй сыйлайды.
Өсімдіктің сұрыпталған түрлерінің гүлі ірі болып келеді. Бойы аласа, гүлпарлы түрлері де бар. Сұрыпталған түрлерінің гүлдеу мерзімі ұзағырақ болады. Сұрыпына қарай маусымнан шілде айының соңына дейін гүлдейді. Алғашқы гүлдері сола бастаған кезде гүлсидамын қырқып тастаса, жаздың соңына қарай қайтара гүлдейді. Әрине, гүлі алғашқыдан сиректеу болады.
Түймедақ гүлін флористикада композиция жасауда пайдаланады. Өсімдікті көгалдандыруда гүлзарға жеке немесе топтап отырғызады.
Түймедақ гүлі топырақ талғамайды, дегенмен де молынан гүлдеуі үшін топырағы құнарлы болғаны дұрыс. Арам шөбін жұлып, түбін қопсытып тұру керек. Күнді жақсы көреді, бірақ алакөлеңкеде ұзағырақ гүлдейді. Сәуір айынан бастап, жауынды күнді ескермегенде, күн ара суғарып тұрған жөн.
Аула ерте көктемнен күзге дейін тұрақты гүлдеп тұрсын десеңіз, сүмбілшаш, құртқашаш, алтыншар, бақытгүлі, қашқаргүл т.б. гүлдермен бірге араластырып қатар-қатар егуге болады. Нәтижесінде, ауладағы өсімдіктер маусымнан қазанға дейін кезек-кезек гүлдеп адам жанын қуанышқа бөлейді. Мектеп пен балабақшаны көгалдандыруда да аталған гүлдерді егуге болады. Түймедақтың түбін жыл сайын көбейтіп тұрмаса, гүлдеуі нашарлап, гүлінің көлемі кішірейіп кетеді.
Көбейтілуі
Табиғаттағы түрлері өздігінен тұқымы шашылып көбейеді. Ал, көгалдандырудағы сұрыпталған түрлерін көктемде түбін бөлу арқылы көбейткен тиімді, әрі оңай. Көшеттің арақашықтығы биіктігінің жартысындай болу керек. Мысалы: түймедақтың биіктігі 70 см болса, арақашықтығы 35 см болғаны абзал.
Емдік қасиеті
Түймедақпен көптеген ауруды емдеуге болады. Түймедақ гүлі өт жолына тас байлану, тұмау, бас ауруына қарсы ем.
Өсімдіктен алынған эфир майы жүйке жүйесін әлдендіріп, ми тамырларын кеңітеді. Асқазан, ішек жолдарының жұмысын жақсартып, өтті жүргізіп, тәбетті ашуға көмектеседі. Бұлшық еттің жұмыс қабілетін арттырады. Сонымен қатар:
1) Суық тигенде екі шай қасық түймедақ гүлін 300 г суға қайнатып, 4 сағат бұқтырып тұнба жасау арқылы пайдалануға болады. Тұнбаны ертелі-кеш астан бұрын ішу қажет.
2) Асқазан ауруына екі ас қасық гүл үгітіндісін бір стақан қайнап тұрған суға салып, бір сағат жабық ыдыста бұқтырып алып ішу көмектеседі.
3) Бел ауырса, түймедақ гүлін ұнтақтап тұзы жоқ сары майға араластырып белге жағуға болады.
4) Тер шығаратын дәрі ретінде бір стақан гүл үгітіндісін қайнап тұрған суға салып, 40 минут бұқтырып алып қолданады. Тұнбаны сүзіп, ыстықтай ішкен дұрыс.