«Тәураттағы» көшiрмелер. Бұл қалай?

30 Маусым 2014, 12:11

Аменхотеп IҮ тарихта расымен де болған адам.

Иә, Аменхотеп IҮ тарихта расымен де болған адам. Әке орнына таққа отырған ол жаңа дiндi дәрiптедi. Есiмiн өзгертiп, өзiн Эхнатон (Кунитон) деп атады. Перғауынның резиденциясын Нiлдiң келесi бетiне, жаңа қала Ахмет-Атонға көшiрттi. Мiне, осы Эхнатонның дәрiптеген жаңа дiнiн көптеген ғалымдар монотеизмнiң (бiр Құдайға сыйынушылық) алғашқы үлгiсi деп есептейдi. Эхнатонның жалғыз Құдай ретiнде Күндi дәрiптегенi және бұл дiннiң басты символы шашақты Күн шеңберi болғаны белгiлi. (Ал мұндай шашақты Күн шеңберлерiн бiздiң Ұлы Даланың қай-қай бұрышынан да кездестiре алатыныңызға еш күмән жоқ – Ә.Б.).

Эхнатонның жаңа дiнi қалың бұқарадан қолдау көрсе де, сарай маңындағылар мен байырғы дiн билiк төңiре­гiн­дегiлер ұйымдастырған бүлiк нәтижесiнде тақтан тай­ды­рылып, дiнбұзар ретiнде қуғын-сүргiнге ұшырады.

Бiзге Эхнатоннан қалған бiршама Күн Тәңiрiге мадақ ай­тылатын жырлардың мәтiндерi белгiлi. Олардың бiрiнде мы­надай жыр жолдары бар:

   Жердi сенiң нұрың орап жатыр...

   Сен өз махаббатыңмен адамдарға өмiр сыйлайсың.

   Өзiң тым алыстасың, бiрақ нұрың жерде...

   Сен жерге нұрыңды төккенде,

   Ағаштар бүршiк жарып,

   Шөп көгередi.

   Құстар саған мадақ айтып, қанатын қағады...

   Әйел жатырында баланы,

   Еркек белiнде ұрықты жарататын да Сенсiң,

   О, Күндидарды Құдай...

Басқасына күмән болса да, Эхнатонның адамзат баласы бiлетiн ең алғашқы ұлы ақындардың бiрi екенiне еш шәк келтiруге болмайды. Эхнатон жырлары мен «Тәураттағы» қайсыбiр псаломдардың мәтiнiн салыстыра келiп, байырғы әдебиет мамандары да осындай пiкiрге ұйиды. Ең алдымен оларды таңқалдыратыны – перғауын ақын қиялына тиесiлi жыр жолдарының тiкелей «Тәураттағы» еврей пайғам­­ба­рының аузынан шыққандай әсер қалдыратындығы. Өзара ұқсастықтар менмұндалап, көзге ұрып тұрады. «Мұндай сәйкестiктердi байқағанда, ерiксiз екi туындының арасында қандай да бiр тығыз байланыс болуы керек деген ойға қа­ласың. Эхнатон гимнi мен иудей псаломының ортақ сириялық түпнұсқасы болмады ма екен деген сауал бой көтередi. 103-псалом тiкелей перғауын өлеңiнiң әсерiмен жа­зылған болуы мүмкiн екендiгiн де жоққа шығара ал­май­­сың. Әрине, екi пайымдаманы да есептен шығарып тастауға болмайды. Бiрақ Эхнатонның қайталанбас жоғары ақындық қуатын ескерсек, дұрысы перғауын ақын өлеңiнiң мәтiнi псалом авторының қиялын қозғаушы үлгi болған деуге әбден болатындай» (Артур Вейгалл, «Эхнатон», Москва, «Центрополиграф», 2004 ж., 148 б).

Ал ендi осындай жекелеген өлең жолдары ұрланып болса да «Тәурат» беттерiне кiрiп кеткен перғауын ақынды дiни реформатор болуға, Мұса секiлдi пайғамбардың ұстазы ретiнде дәрiптелуге лайық емес едi деп айта аласыз ба? Әрине, айта алмайсыз. Демек, Фрейдтiң, еврей перзентiнiң, өз халқының тарихын терiстегендей, оның «Құдайдың қалауы түскен халық» екендiгiне күмәнданғандай болып отырып айтқан жорамалында да бiр шындықтың ұшқыны жатқан болғандығы ғой.

Фрейд өз еңбегiнде («Мұса пайғамбар және бiр құдайшылық») «Мысыр перғауынының жаңа дiндi қалыптастырудағы әрекеттерi сәтсiздiкке ұшырағаннан кейiн, оның жолын қуушылардың бiразы құлдықтан босанған еврейлермен бiрге жаңа Отанға аттанды, оларды да, еврейлердi де перғауынның шәкiртi, түбi мысырлық Мұса пайғамбар басқарды, монотеизмдi еврейлердiң арасында алғаш жан-тәнiмен дәрiптеген перғауын ақынның осы iзбасары едi» деген жорамал жасайды. Бұдан кейiн «Өз елiнде пайғамбарлар болмайды» деген ұлы сөздiң ақиқаттығына қалай иланбассыз!

Эхнатонның есiмi өз Отанында қарғысқа ұшырады, есесiне еврейлердiң бағы жанды, олар «Тәңiрiнiң таңдауы түскен халық» деген абырой-атаққа ие болды.

Мiне, осы оқиғалардың көне мысырлық баяндалу нұсқасынан хабардар болған көне грек ақындары перғауын ақынды әфсаналық қаһарман деңгейiне көтерiп жiбердi. Бiрақ бұл әфсанада оның жан-дүниесiне, iс-әрекеттерiне қозғау берген негiзгi күш, яғни, оқиғалардың дiни астары ұмыт қалдырылды. Бұл үшiн байырғы элладалықтарды кiнәлауға да болмас. Зевсi, Аполлоны мен Афинасы бар халыққа Мысырдың перғауын ақыны табынғысы келген Күн Тәңiрi неге керек болмақ? Эллиндер түгiлi мысырлықтардың өзi де одан бас тартты емес пе! «Өз елiнде пайғамбарлар болмайды». Тағы да сол қанатты сөз алдан шығады. Тек Мұса емес, Эхнатонның тағдырын да осы сөздiң аясына сыйғызып жiберуге болатындай. Бiрақ адамзат баласы өзiңiз ұлы перзенттерiнен бас тартса да, тарихтан бас тарта алмайды. Жасанды емес, шынайы та­рихтан. Өз халқын сүйiп тұрып, оның шамына тиетiн өзi түй­­сiнген ақиқат тарихтан бүгiнгi заманның ұлы перзентi Зигмунд Фрейд те терiс айналып кете алмады. Өйткенi рух тарихына бақай есеп пен көңiл жықпастық жүрмейтiнiн еврей халқының осы бiр ұлы перзентi жақсы бiлетiн.

 

Түйiн

Эдип туралы грек әфсанасында да, Эхнатон жайлы көне Мысыр тарихи деректерiнде де кейiпкердiң жат елде, өзге патшалықта тәрбиеленгенi туралы айтылады. Егер «әф­са­надағы Эдип пен тарихтағы Эхнатон бiр адам едi» деген Иммануил Великовскийдiң қисынына сенетiн болсақ, онда грек әфсанасы мен Фрейдтiң еңбегiндегi басты қаһарманның ба­л­алық шағы өткен бұл елдiң қай ел екендiгiн анықтау да екi еврей оқымыстысы өзiнше түсiндiрiп отырған оқиға­­лар­дың шындыққа ұмтылған шырайына қосымша ай­қын­даушы реңктер бере түсетiндей. Себебi, бала Эхнатонның (Эдип деуге де болады) дүниетанымы, өмiрге көзқарасы, ақы­ндық дарыны осы өзi тәрбиеленген елде қалыптасқанын кiм жоққа шығара алмай. Тiптi Эхнатонның кейiн өзiнiң Мысырға алып барған дiнiнiң негiзiн осы елден, өсiп, ер­жеткен ортасынан қабылдаған болуы да әбден мүмкiн ғой. Тарих мұндай болжамды да жоққа шығармайды.

Сонымен, болашақ перғауын ақынның балалық шағы өт­кен ел бағзы заман картасында iз қалдырған қай ел болуы мүмкiн?

Великовский бұл елдi Миттания (бүгiнгi Иранның тер­­ри­ториясында болған бағзы арийлер мемлекетi) едi дейдi. Және Эхнатонның нағашы жұрты болған болуы керек деп топшылайды. Арийлердiң бағзы заманда бүгiнгi қазақ дала­­сы­­нан кеткенiн, олардың расымен-ақ Күнге табынғанын ес­керсек (тағы да айтамыз, қазақ даласының қай бұрышынан да шашақты күн бейнесi бедерленген бағзы заман суреттерiн кездестiруге болады – Ә.Б.), онда болашақ перғауын ақын­­ның арийлер арасында болып, олардан жаңа дiндi қабылдап, кейiн өз елiне апаруы мүмкiн деген жорамал әбден-ақ шын­дыққа жанасатындай. Оқиғалардың осылайша өрiстеуi растығына Фрейд те қосылады: «Бiз Мұса уағыздаған ұлы дiни идея оның өзiнiкi болған жоқ, Эхнатоннан алын­ды» деп есептеймiз. Ал дiннiң негiзiн қалаушы ретiнде ұлы­лығына ешқандай да күмән жоқ Эхнатон оны Азия­ның алыс түкпiрлерi немесе жақын маңдарынан жеткен емеу­рiндерден анасының араласуы арқылы аңғарды (Эхнатонның анасы жат жерлiк едi деген пiкiр бар. Қазiр жоққа шығарылды дегенмен бiз осы болжамның рас­ты­ғына қосыламыз) немесе басқа жолдар арқылы қа­былдады» (З.Фрейд, «Моисей и монотеизм», интернеттiк нұс­қасы).

Иә, осылай, Эхнатон байырғы қазақ даласынан барған нағашыларының дiнiне жиендiк жасады. Оны қары қарата дамытып, ең алғашқы монотеистiк дiн деңгейiн көтердi. Бiрақ өз елiнде қолдау таппады. Эхнатонның басынан бақ тайғасын адал шәкiртi Мұса және басқа да iзбасарлары бұл дiннiң еврейлер арасында тарап, монотеизмнiң сақталып қалуына еңбек сiңiрдi.

Монотеизмнiң бiзге беймәлiм болып келген алғашқы сапары осылайша қазақ даласынан басталып едi. Кiм бiледi, бәлкiм Мағжан ақынның:

   Қайғыланба, соқыр сорлы, шекпе зар,

   Мен – Күн ұлы, көзiмде Күн нұры бар.

   Мен келемiн, мен келемiн, мен келем

   Күннен туған, Гуннен туған пайғамбар,–

деп келетiн жыр жолдарында перғауын Эхнатон ақынның алыс ғасырлардан бүгiнге жеткен ой-арманының жаңғырығы жатқан да болар-ау!

Иә, бiр Құдайға сенушiлiкке бастайтын жол ең алғаш Қазақ даласынан бастау алған.

kz, Әмiрхан Балқыбек, «Қасқыр құдай болған кез»

Бөлісу: