17 Қараша 2014, 07:33
Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз: «Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын десе», Елбасымыз: «Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ғасырлар тоғысында өзінің арғы-бергі тарихын ой елегінен өткізіп «Кеше кім едік? Бүгін кімбіз?» деген төңіректе ойлансын деген сөз. Бұл – туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл – әрбір азамат өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөз» дегенді де айтқан еді.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының активімен кездесу барысында келер жылы өтетін ең ауқымды шаралардың бірін айтты. 2015 жылы еліміз қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын тойлайтын болады.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздігі тұрақты ұғым болып табылатынына, ал оны сақтау әрбір азаматтың қасиетті борышы екендігіне назар аударды. «Кезінде америкалық үндістердің көпшілігі түрлі басқыншылар арқылы өз жерлерінен қуылды немесе жойылды. Тегі үндіс бір кинорежиссерге «байлық бақыт болып санала ма?» деп сұрақ қойылады. Бұған ол: «Мен өзімде және өзгелерде бар бүкіл байлықты халқымның бір күндік тәуелсіздігіне берер едім», деп жауап беріпті. Сондықтан баршамыз тәуелсіздігімізді бағалағанымыз жөн», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев келесі жылы еліміз қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап айтты. «Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім, ол бүгінгі шекарасындағы, бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерін жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн», – деді Қазақстан Президенті.
Келер жылы барша қазақстандықтарды ұлы мұраттармен бірге Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы күтіп тұр. Ең бастысы өткенімізді қастерлеп, болашаққа сеніммен қарап, тәуелсіздігімізді нығайту. Алда дамыған 30 елдің қатарына кіру үшін экономикалық әлеуетімізбен бірге қазыналы тарихымыз да үлкен маңызға ие.
Досжан Мейірбек.