Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған іс-шаралар басталды

9 Ақпан 2016, 12:24

Әртүрлі форматтағы іс-шаралар топтамасы бастау алды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан символдары» атты әртүрлі форматтағы іс-шаралар топтамасы бастау алды.

Бұл туралы  «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» директорының орынбасары – Жапсарбай Ильясұлы мәлімдеді. Елбасының кітапханасында өткен жиында аталмыш мекеменің бастамасымен бірқатар мәселелер талқыланды.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша презентациялық іс-шараның мақсаты – ел Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жасампаз идеяларын, Тәуелсіздік жетістіктері мен табыстарын насихаттауға бағытталған іс-шаралар жоспарын талқылау, қазақстандық біртектілік пен ел бірлігін нығайту, «Мәңгілік Ел» патриоттық идеясын ілгерілету, Отанға деген мақтаныш сезімін ояту болып табылады.

Жоспарды іске асыруға жиырма мекеме жұмылдырылды. Олардың ішіне мемлекеттік мекемелер, жастар ұйымы, мемлекеттік емес ұйымдар және еліміздің барлық обылыстарының әкімдіктері бар. Презентация барысында аталған мекемелердің жобалары таныстырылып, іс-шаралардың қоғамға қандай пайдасы тиетіні жайлы әңгіме өрбіді.

 

Кеңес жұмысына «Нұр Отан» партиясының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, Елбасы кітапханасымен ынтымақтастық меморандумға отырған БАҚ өкілдері қатысты.

Биылғы жылға елуге жуық іс-шара жоспарланып отыр. Олардың барлығы ауқымына қарай әр айға бөлінген. Мысалы: Қаңтар – «Кәсіби және тиімді мемлекет», ақпан – «Индустрияландыру. Иновациялар», наурыз – «Спорт, салауатты өмір салты» т.б.  Үйлестіру кеңесінің төрағасы да осы осы жиында анықталды. Кеңеске жиылғандар бір ауыздан жауапты етіп – Жапсарбай Ильясұлын тағайындады.

 

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» «Әлемді өзгертер идея» атты жоба барысында екінші-төртінші курс студенттері және тоғызыншы-оныншы сынып оқушыларына арнап семинар-тренинг, кітапханаға саяхат және түрлі конкурстар ұйымдастырылуда. Осы жоба бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен мыңнан аса жастар қатысты.

Жиын соңында «Бас редакторлар клубы» ҚБ, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, «Жастар» ҒЗО ЖШС, «Қазақстанның жастар конгресі» ЗТҰ, «Жас Ұлан» біріңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» РҚҰ өкілдері сөз сөйлеп, өздерінің жоспарланған іс-шараларға белсенді түрде қатысуға дайын екендіктерін жеткізді.


Рүстем ӘЛПИ

Суреттерді түсірген Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу: