21 Тамыз 2014, 09:29
Уаң Биңхуалар былай талдайды: “Үйсіндер елдігінен айырылғанда, күнби жарық дүниеге жаңа келген; “азамат болып”, “кəмелетке келген” кезде де ол ғұндардың қамқорлығында болды, солардың сойылын соқты. Арада көп өтпей ел- жұртын бастап батысқа қоныс аударды. Жоғарыдағы талдаулардан біз үйсіндердің батысқа қоныс аударғанға дейінгі жалпы елдік санаттан айырылған уақыты 17-18 жылға созылғанын, бұл Елжау күнбидің дүниеге келгеннен “азамат болып”, “кəмелетке келгенге” дейінгі есейіп- ержету кезеңіне тура келетінін байқай аламыз. Содан былайғы жерде ол халқын бастап батысқа қоныс аударады. Олай болса, б. з. б. 177 жылдан бері қарай есептесек, б. з. б. 161- б. з. б. 160 жылдар үйсіндердің батысқа ауған жылы болып шығады. Тек кейінірек шаруашылығы өркендеп, күш-қуаты күн санап зорайғаннан кейін, жарлықты қабылдамай, “ғұндарға қол тапсырудан бас тартады”.
Меніңше бұл негізінен қисынды. Алайда “Арада көп өтпей ел-жұртын бастап батысқа қоныс аударды” дегендікте сəл асығыстық бар. Елжаудың соғыстарға қатынасып өз батырлығы мен тапқырлығын көрсетуін 16-18 жас шамасында басталды десек те, оның тəңірқұтқа əбден танымал батыр, шебер қолбасшы болып саналуы үшін тағы да жылдар керек болары сөзсіз. Өз елінің билігін қолына алуы содан кейін ғана мүмкін болмақ. Оған да уақыт қажет. Сосын батысқа көшуді ақылдасуға да, дайындалуға да, көшудің өзіне де едəуір жылдар керек болады. Оны бүгіннің өзінде де бірер жылда біте салар іс дей алмайсың. Сонда “б. з. б. 161 - б. з. б. 160 жылдар үйсіндердің батысқа ауған жылы болып шығады” деу тым дұрыс бола қоймас. Меніңше үйсіндер бұдан жайырақ ауып келеді. Тарихшы Чян Бочуəн да “Б.з. б. 161 жылы Үйсін күнбиі Елжау 18 жаста ғана. Жастық кезеңге енді ғана енген... Ең ұзағанда тəңірқұт қол бастатып байқау дəрежесінде ғана. Көп реткі соғыста үлес қосқан сатыға жете қоймаған. Мұндайда бір ірі ұлтты бастап, мыңдаған шақырымдық жол басып, жаңа қоныста мемлекет шаңырағын көтере қоюы мүмкін емес. Үйсіндердің батысқа ауып Іле жақтан ел шаңырағын көтеруі б. з. б. 141 жылдың айналасындағы іс болуға тиіс” деген екен. Бұл Елжаудың 30 -дан асып 40-қа беттеген кезі. Меніңше көшуі бұдан ертерек болуға тиісті. Ал, толық тəуелсіздік алуын (тəңірқұтқа əрі құлдық ұрмайтын, əрі сыйласып қатар өмір сүретін кезге жетуін) осы тұс десек келісер.
“Ғұндардың батысындағы Рыжу ханы (бауы) “бағындылар басқармасын” құрып, Қарашəр, Корла, Ақсу, Қарақұмда тұрақты адам тұрғызып, Ғұн . Талайға шейін үйсіндер де бұдан құтыла алмаған болу керек. “Əр жылдың басында (наурызда. - С. Ж. ) баубасыларының тəңірқұт ордасында бас қосып, тəуап қылуы, мамырда Ұлубалықта зор жиын өткізіп, аруаққа, көкке, жерге, жынға атап тасаттық беруі, күзде мал тойынғанда Тилин (Шоқтерек) өңірінде зор мəжіліс өткізіп, мал-басты түгендеуі” тəңірқұтқа, астанаға “аман-сəлемге бару” саналады екен. “Бұл əдеттегідей діндік, салттық мағына алып қана қоймай, ең маңыздысы, Ғұн қағанатының тəуелді тайпаларды саяси, шаруашылық, идеялық жақтардан тізгіндеуді күшейтуінің тəсілі болғаны айқын”. Үйсін бұл шырмаудан да, кенет емес, тек біртіндеп қана сытылуға тиісті.