Тәуелсіздік жылдарындағы мәдени жетістіктеріміз!

5 Желтоқсан 2014, 09:26

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, әсіресе 1990-2000 жылдар аралығы сөзсіз қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, әсіресе 1990-2000 жылдар аралығы сөзсіз қазақ мәдениеті үшін жаңа кезең басталды. Мұндайда «өлгеніміз тірілді, ұмыт қалған мұрамыз жаңарды» дейміз. Мәдениетіміздің қайта түлеуіне, өткен ғасырлардан қазына боп қатталып, тарих боп тасада қалған барлық мұраларымыз Елбасының бастамасымен шетінен аршыла бастады.

Айтыс өнері қайта жаңғырды. Мәдениет пен ғылымда, өнер мен әдебиетте ұшан-теңіз еңбек атқарған Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сығырбайұлы, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Жамбыл Жабаев, Мағжан Жұмабаев және басқа да тұлғалардың мерейтойларына арналған фестивальдар өтті.

1995 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталынып өтті.

1997 жыл – репрессия құрбандарын еске алу жылы, 1998 жыл – халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы, 1999 жыл – ұрпақтар бірлігі мен сабақтастық жылы, 2000 жыл – мәдениетті қолдау жылдары болып жарияланды. Елбасының тікелей бастамасымен мәдениетті қолдау жылы аясында әбден тозығы жеткен кітапханалар мен мәдени ошақтар қайта салынды. Сол жылдары-ақ театрлар саны артып, 2 опера және балет театры, 33 драма театр, төрт музыкалық комедия театры, бес қуыршақ, 73 тұрақты және 266 көшпелі кинотеатрлар жұмыс істеді. 2000 жылдың аяғына Қазақстан бойынша 48 театр, 62 концерттік ұйымдар, 3529 кітапхана, 154 мемлекеттік мұражай, 2259 клуб типтес мекеме, сегіз мәдени-тарихи қорық-мұражайлар, 42 демалыс саябағы мен луна-парк, төрт хайуанаттар бағы есептелінді.

2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен Түркістан каласының 1500 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде аталып өтілді.

2004 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонаттар бар. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылып отыр. 

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы

2004 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы – мәдени, экономикалық және әлеуметтік капитал, жалпы адамзаттық мәдениеттің құрылымдық бөлігі, этнос, қоғам, адам парасатының дамуы мен құрылуының бастауы, тарихи естеліктердің маңызды қоймасын жасау және қорғау бағдарламасы. Ежелгі тарихтың негіздерін бүгінгі күнмен қосатын жолды құрап, уақыттың үзіліссіз байланысын көрсететін қазіргі дау-дамайдағы адамзатқа қажетті көп қырлы қоғамның тарихи тәжірибесін зерттейді. Тарихи-мәдени мұрамен хабардар етіп, тек тарихты ғана емес, сонымен қатар болашақта болатын жағдайды баяндайды. Елбасы 2003 жылы сәуірде Қазақстан халқына жолдауында арнайы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Елбасының жолдауымен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің дәлелі.

Ұлттық мәдени мұраны толық зерттеу жүйесінің құрылуы бағдарламаны құруда аса маңызды болмақ. Республика тәуелсіздік алғаннан кейін толық гуманитарлық білім беру қорын құру мақсатында мемлекеттік тілде алғашқы қадамдар жасалды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей және Өзбекстан, Армения, Құрама Штаттар және Батыс Еуропа елдеріне ғылыми зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды. Олардың қорытындысы бойынша ғылыми топтарда бұдан бұрын белгілі Қазақстанның сәулеті, этнографиясы, тарихы бойынша шамамен бес мың жазба және баспалар алынды. 350-ден астам кітап, олардың ішінде этнография, археология, тарих бойынша сериялар, жаңа энциклопедиялық сөздіктер шығарылды.

Бағдарламаның жүзеге асуын мәдениет, әдебиет, философия, тарих, этнография, және тіл білімі т.б. бойынша академиялық институттар құрылуынан, бағдарламаның тиімді жоспарларының орындалуынан көреміз. Ұлттық кітапхана елдің жоғары оқу орындарының бірі. Нұрсұлтан Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын мемлекеттің мәдениетіне қолдау көрсететін стратегиялық ұлттық жоба деп атаған. Бағдарлама халықтың гуманистикалық курсы және потенциалын көрсетіп, оның тарихи тәжірибесін байытып, болашақтың сенімді тірегі болмақ.

«Қазақстан» орталық киноконцерт залы

Елбасы Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жеті бірдей жетістігіміз туралы айтып сол қатарға тіл мәселесі де кіретінін, қазақ тілі көршілес елдерде оқытылатынын атап өткен еді. Сондай-ақ, Тәуелсіздігіміздің басты жетістіктерінің бірі Астана қаласы екендігін айтты. Астана қаласының сәулеті, зәулім ғимараттары мен әсем көрінісі бүгінгі мәдениетіміздің ерекше көрінісі деуге болады. Үлкен фестивальдар мен опералық концерттер, кинокөрсетілімдер өткізу үшін 3500 орындық «Қазақстан» орталық киноконцерт залы салынды. Бұл ғимаратқа атауды Елбасы өзі ұсынған болатын.  

Тағы бір жетістігіміз – бұл «Мәдениет» телеарнасының ашылуы. 2011 жылы 26 қыркүйекте отандық арналардың қатары «Мәдениетпен» толықты. «Мәдениет» арнасын ашудың негізгі мақсаты – көрермен қауымды отандық және әлемдік мәдениеттің нәрімен сусындату. Ол үшін жаңа телеарнада ең үздік қазақ киносы, Кеңес одағы кезінде шығарылған көркем туындылар, деректі фильмдер, әлемдік киноматографияның бірегей туындылары, атақты тұлғалардың өмірбаянына арналған бағдарламалар , опера және балет бағдарламалары, телеспектакльдер тағы да басқа мәдени жобалар көрсетіле бастады. Бүгінде бұл арнаның атауы – «Білім және Мәдениет» телеарнасы.

«Астана Опера»

Тікелей Елбасының бастамасымен Астана қаласында «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры бой көтерді. «Астана Опера»  – әлемдегі ең бір техникалық жарақтандырылған сахналардың қатарына кіреді. Орталық Азиядағы теңдессіз мәдени ғимараттардың бірі.

Қазақстан Президенті бірегей «Астана Опера» классикалық опера және балет театрының ашылуымен құттықтап, бұл елорданың 15 жылдығына баға жетпес тарту екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында болып, «Біржан-Сара» операсының премьерасын тамашалаған сәтте:

– Ең алдымен, мен сәулетшілер мен құрылысшыларға алғыс айтамын. Жаңа театр – Орталық Азиядағы ең үлкен өнер шаңырағы. Бұл – бүкіл еуразиялық кеңістіктегі соңғы бірнеше онжылдықта салынған кең ауқымды бірден-бір классикалық театр. Бұл – әлемдегі техникалық жағынан ең жетілдірілген театрлардың бірі. Осы тарихи сәт әлемдік опера өнерінің жылнамасына енеді. Ғаламат «Астана Опера» ғимараты қазірдің өзінде еліміздің тарихына жазылды. Оның күмбезі астында мен «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жария еткенімді білесіздер. Онда мәдениет біздің ұлтымыздың генетикалық кодының ажырамас бөлігі болып белгіленді, – деді Мемлекет басшысы. 

«Еуразия» халықаралық кинофестивалі

Мәдениет туралы сөз еткенде кино өнеріне тоқталмай өтуге болмайды. Алматы қаласында дәстүрлі түрде өтетін «Еуразия» халықаралық кинофестивалі – ТМД мен Балтық елдері аумағындағы ең маңызды, Халықаралық продюсерлер қауымдастықтарының федерациясы (ФИАПФ) аккредиттеген Орталық Азиядағы жалғыз кинофорум. Film Guide» - «Халықаралық Киногид» жыл сайынғы басылымы «Еуразия» ХКФ әлемнің 35 көшбасшы кинофестивальдерінің қатарына қосты. Фестивальдің концепциясы Батыс пен Шығыс мәдениеті түйіскен елдің геосаяси орналасуына саяды. Сондықтан байқау бағдарламасы Еуропа, Азия, ТМД және Орталық Азия елдерінің фильмдерін қамтиды.

Тарихи фильмдер

Отандық фильмдер дүркін-дүркін жарық көре бастады. Оның ішінде авторлық және имидждік фильмдер де бар. Қазақстанның тарихы негізінде түсірілген, мәдениетімізді әлемге әйгілейтін фильмдер жарық көрді. 2003-2005 жылдарда қазақ-американ кинематографистері (Голливуд, Қазақфильм) «Көшпенділер» кинофильмін түсірді. Бұл алғашқы маңызды халықаралық жоба еді.

Сондай-ақ, 2012 жылы патриотизмге тәрбиелейтін «Жаужүрек мың бала» тарихи фильмі де көрермен көңілінен шықты. 

ҚР Ұлттық музейі

2014 жылы Астана күні қарсаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ресми түрде ашылды.

Музей халықаралық стандарттарға сай жабдықтармен жарақтандырылған. Экспозициялар үшін заманауи көрме технологиялары: бірегей иілгіш экран, медиа-еден, қазіргі Астананың орталық бөлігінің  серпінді макеті, көптеген медиаэкрандар, голограммалар, диодты жарығы бар LED-техника, сенсорлы дүңгіршектер, мультимедиялық жолсерік қолданылады.

«Музей біздің ұлттық рухымызды көтеру жағынан ғана емес, елімізді әлемге таныту тұрғысынан да белгілі болады. Біздің тарихымыз мақтан етуге лайықты. Ерлік пен елдіктің тарихы. Мыңжылдықтар қойнауынан бастау алатын қазақ шежіресі - адамзат тарихының ажырамас бөлігі», – деді Мемлекет басшысы.

74 мың шаршы метрден асатын Ұлттық  музейге Қазақстанның ерте ғасырдан бүгінгі күнге дейінгі  археологиялық, этнографиялық жәдігерлері мен мәдени ескерткіштері жинақталған. Атап айтқанда, 14 мың шаршы метр аумақта экспозициялар алаңы орналасқан.

Ұлттық музейдің құрамында Астана, Тәуелсіз Қазақстан, Алтын, Ежелгі және ортағасыр тарихы, Этнография, Тарих, Заманауи өнер залдары бар.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» республикалық мемлекеттік мекемесі Президенттің Жарлығымен 2013 жылғы 30 мамырда құрылған.


P.S. 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай мәдени шаралар атқарылады. Ең негізгі атап өтілетін шара ол Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен шара өтеді. Аталған шараға халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысады. Сондай-ақ, біз «Мәңгілік ел» ұлт тарихына арналған деректі, көркем және анимациялық фильмдер сериясын түсіруді жоспарлап отыр.


Әзірлеген – Досжан Мейірбек.

Бөлісу: