ТƏУЕЛСІЗДІК ЖƏНЕ ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ

25 Тамыз 2014, 10:57

ТƏУЕЛСІЗДІК ЖƏНЕ ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫ

Əлемнің қырық мемлекетінде тіршілік етіп жүрген бес миллионнан аса қазақтар бар. Қазақ диаспораcы өзге елдердің диаспорасынан өзгешелеу. Бұл мəселенің себеп - салдары жүйелі түрде тəуелсіздік алған жылдардан кейін зерттеліп келе жатыр. Асылы, қазақтар əлемнің көптеген елдерінде тарыдай шашылып жүргендері, өздерінің қалауы емес. Өйткені қазақтар ата - жұртына бауыр басқан халық. Шет мемлекеттердің ішінде Қытай Халық Республикасында қазақтардың тұрған аймағы өздерінің ежелгі қонысы болғандықтан, қазіргі тілмен айтқанда, оларды «ирридент» деп атайды. Бұрынғыша айтар болсақ, ондайлар сол елдің «көне тұрғыны» делінеді. Қытайдағы қазақтардың саны əр түрлі мəліметтерге қарап қорытқанда екі миллионға жуықтайды. Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында тұрады. Кейінгі жылдары қазақтардың саны Үрімжі қаласында да артып келе жатыр. Қытайдағы қалың қазақтың тілі мен ұлттық салты қазірге дейін сақталып келгендігі жалпы қазақ үшін ұлттық олжа болып есептеледі. Сондай-ақ, кеңестік солақай саясаттың кесірінен Қазақстанның өзінде ана тілі мен ұлттық салтынан айрылып бара жатқан қазақтар үшін де ұлттың құнарлы нəрі бола алады. Оған дəлел – 1955-1963 жылдардағы елге оралған үш жүз мыңға жуық қазақтардың қазіргі уақытта саны бір миллионнан асып тіліміз бен діліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқаны. Аталған жылдардан кейін Қазақстан Тəуелсіздігін жариялаған соң, Қытайдан мыңдаған қазақ қуаныш туын желбіретіп елге оралып жатты. Олардың ішінде көптеген ғалымдары, ақын- жазушылары, өнер майталмандары, кəсіпкерлері Қазақстан Республикасының ғылымына, ұлттық мəдениетіне, əдебиет пен өнеріне, экономикалық нарығына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан елдің тəуелсіздігі қандас бауырлардың қабілетін аспандатқан дəуірі болды деп айта аламыз. Өйткені, Тəуелсіздік қазақтарға шын мəнінде бір-бірімен табысып, тұтас ел болып қалыптасуларына мүмкіндік тудырды. Шетел қазақтарының атамекенге оралу идеясының жүзеге асыру туын ұстап тұрған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев қазақ халқының бірлігі мен ынтымақтасу жолында парасатты да салиқалы саясат ұстанып келе жатқаны ел үшін үлкен табыс,бақыт.

Сондай-ақ қытай қазақтарының бір бөлігі қырқыншы жылдары Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық күреске қатысып, жеңіліс тапқан соң Пəкістан мен Үндістан елдері арқылы Түркияға өтіп, сонда тұрақтады. Олар көбінесе Стамбул, Анкара, Измир қалалалары мен аудандарында тұрады. Жалпы саны нақты емес. Дегенмен, қырық-елу мыңнан асады деген болжам бар. Дəл сол көштің ұрпақтары XX ғасырдың жетпісінші жылдары Түркияның экономикалық-əлеуметтік қиын жағдайына байланысты Еуропа елдеріне барып жұмыс істей бастады. Осылайша бір топ қазақтар Түркия мен Еуропаның диаспорасына айналды. Олардың əулеттері қазіргі заманда Германия, Англия, Франция, Голландия, Америка, тағы басқа Батыс елдерін мекендейді. Түрік елі оларды бауырым деп, қарсы алды. Өйткені, түріктердің де Анадолыға қоныс аударған түпкілікті жері Сырдария бойы, қазіргі Қазақстан территориясының бір бөлігі болатын. Қандас бауыр, Түркия елі Қазақстан Республикасы Тəуелсіздігін жариялаған сəтте отыз төрт минут ішінде еліміздің Тəуелсіздігін ресми түрде таныған тұңғыш мемлекет болды. Бұл – басқа елдер тарихында бұрын-соңды болмаған ғажап тарихи оқиға еді. Түркия саясатының түріктектес халықтарға құшағын айқара ашуы қашан да басты ұстаным болып келеді. Сол үшін түрік дүниесі саяси дағдарысқа ұшыраған жылдары түркі зиялыларына Түркия екінші Отанының ролін абыроймен атқарып келді.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: