Тəуелсіздік

25 Тамыз 2014, 11:06

Тəуелсіздік

Тəуелсіздік – философиялық, психологиялық, саяси мəні зор, қастерлі ұғым. Тəуелсіздік адамының адам болып өмір сүруіндегі жəне дүниеауи өмірден илаһи өмірге жету жолындағы негізгі фактор. Тəуелсіздік – ұлттық сананы жетілдіріп, ұлттық болмысты сақтап қала алатын басты қайнар.

1991 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияның Стамбул қаласында қазақ диаспора өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уəде еткендігі шетте жүрген диаспора қазақтарының жүректеріне мəңгі жасайтын бақыт сыйлады. Əсіресе, Ауғанстаннан босқын атауына ие болған қазақтардың келешек тағдырын біржолата айқындап берген сол күн – Тəуелсіздік ұғымының қаншалықты сүйкімді ұғым екендігін шеттегі қазақтарға дəлелдеді. Сол жылдың бір шырайлы күні Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаев Стамбул қаласының қақ ортасы Таксим алаңында орналасқан Қазы-Антеп қонақ үйінің зəулім залында қазақ диаспорасының өкілдерін қабылдады. Сол кездесуде Елбасынан «Бірінші кезекте жедел түрде Ауғанстаннан Пəкістан, Иран, Сауд Арабиясында жəне Түркияда босқындар қатарында тұрып жатқан қазақ бауырларымызды елге қайтаруға қол ұшын беруді» өтіндік. Президент екі етпей өтінішімізді қабыл алды, əрі көпке созбай тəуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта босқын қазақтарды елден арнап жіберген ұшақтармен аталған мемлекеттерден атамекенге жеткізді. Бүгін таңда бір кездері тағдыр тəлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана тапқан қазақ бауырларымыз Жетісай, Түркістан, Шымкент, Алматы жəне Ақтөбе облысы, тағы басқа өңірлерде Отан құшағында еңбек етіп, ұрпақ жайып, бақытты болашағының іргетасын туған халқымен бірге қалап келе жатыр.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тəжікстан, Қырғызстан, тағы басқа республикалардағы қазақтардың атамекенге оралуы онша қиын болған жоқ. Өйткені, орыс тілін үйреніп, саяси-қоғамдық ортақ ортаның ортақ психологиялық жүйесінде, құқықтық праволары бар азаматтары ретінде өсіп-өнді. Сондай-ақ, ашық шекаралары болғандықтан, оларға елге оралу жеңілдеу болды. Олар бар-жоғы жақын шетелдердің қазақтары деген атауға ие болды. Дегенмен, олар үшін Қазақстанның тəуелсіз ел болуы ерекше қуаныш болғаны рас.

1991-ші жылдың 16-шы желтоқсанында Қазақстан Тəуелсіздігін жариялаған күн Иран қазақтары үшін де Алланың берген үлкен сыйы іспеттес болды. Өйткені, соның арқасында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық байланыс орнатылды. Көпке ұзамай 1992-ші жылдың 29-қарашасында Иран Президентінің шақыруымен еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың Иран еліне бірінші ресми сапары жүзеге асты. Аталған сапардың жан-жақты игі табыстарының бірі – Елбасының сол кездегі Иран Президенті Əли Акбар Һашеми Рəфсəнжани мырзамен арасында болған əңгіменің қорытындысы ретінде Иран қазақтарының атажұртына өз қалауы бойынша еркін көше алатын келісімі еді. Бұл – Қазақ халқы үшін теңдесі жоқ табыс болды. Ол табысқа қазақтар Елбасының үлкен көрегенділігі мен парасаттылығының арқасында қол жеткізді. Соның нəтижесінде 1995-ші жылдың күзінде Иран қазақтарының алғашқы тобы Каспийдің Иран жағындағы Əнзəли портынан Қазақстан жағалауында орналасқан Ақтау қаласына кемемен жеткізілді. Бұл көшке сол кездегі Қазақстан Республикасының еңбек министрі Саят Бейсенов мырзаның ерен еңбегі сіңді. Адамзат өміріндегі əралуан тəжірибелерге қарап, психологиялық тəуелсіздікті сезе білген адам өмір жолында жаңа идеяларды, ірі жобаларды іске асыруға батыл кірісетінін аңғарасыз. Сондай-ақ, психологиялық тəуелсіздік адамның философиялық өрісін кеңейтіп, дүниетанымының кеңістігін айқындай түседі. Сол үшін тарихта, ғылымда, əдебиетте, өнерде шығармашылықпен айналысатын тұлғалардың материалдық, қоғамдық  тəуелсіздігін қамтамасыз ете алған елдердің саяси билігі сол елдің қарыштап дамуына жол ашып берген. Есесіне, адамның психологиялық тəуелділігі оның құлдық психологиясын қалыптастырады.

Адамзаттың өмір салты оның психологиялық ахуалына əсер ететіндіктен қазақ халқының көшпенділік табиғатына байланысты еркіндікке бейімділігі оның қоғамдық қатынастардағы заңдар мен ережелерге бағынуын кешеуілдетіп келе жатыр. Адам психология-сының өзіне тəн қоғамдық ережелерге тəуелді болуы да адамның еркіндік сүйгіштігімен үйлесуі керектігі анық. Адам психологиясының бұндай қайшылықтарын үйлестіру адам санасының кең өрісіне тікелей қатысы бар. Тарихи жазба деректерде «Қазақ» сөзі еркіндікті, азаттықты, тəуелсіздікті сүйген топтарға арнап айтылады. Сол себепті, кең далада еркін өмірді аңсаған түркінің түрлі ру-тайпалары топтаса бастап, халық сипатына лайық атала келе ұлт ретінде қалыптасты. Сондықтан тəуелсіздік ұғымы қазақ өмірінің салтымен ұштасқан, қайнасқан ұғым. Сол үшін 1991-ші жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тəуелсіздігін жариялау Қазақ тарихында оның ғасырлар бойы аңсаған саяси жеңісінің биік шыңы болып саналады. Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының саяси тəуелсіздігі еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми, тағы басқа салаларында айтарлықтай көптеген табыстарға қол жеткізуіне жол ашты. Соның бірі қазақ диаспо- расы мен шетте қалған қандастардың рухани бірлігін қамтамасыз етумен бірге, оларды атамекенге көшіріп алу еді. 1992 жылы бүкіл əлемнен қазақ диаспорасының өкілдері дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайында Алматы қаласында бас қосты. Артынша Дүниежүзі қазақтарының Қауымдастығы мен Көші-қон Комитеті құрылды. Сонымен бірге, қазақтардың атамекеніне оралуына негіз қаланды. Осы тұста айтарымыз, Қазақ диаспорасының арасынан шетте жүріп, қазақтың салт-дəстүрін қорғаштап, олардың атамекеніне қайта оралу қажеттігін насихаттап, əрі атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Елде де, шетте де қазақтардың ахуалын, көшу тарихы мен мəдени жағдайын жазып жүрген ғалымдар мен қаламгерлер де баршылық. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте отырған талай шенеуніктер қатарында да жанашырлықпен қазақ диаспорасына қол ұшын беріп жүрген абзал жандар табылады.

Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"

Бөлісу: