Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихы

23 Ақпан 2015, 04:39

Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихы

Бірінші Конституция 1924 жылы Қазақстан «автономиялы республика» атанып тұрған кезде қабылданса, екіншісі негізгі заң ретінде 1937 жылы «жеңімпаз социализм конституциясы» түрінде қабылданыпты. Үшіншісіне келсек, ол 1978 жылы «жетілген социализм конституциясы» ретінде өмірге қайта жаңарып, жасарған кескін-келбетте жетілдірілген екен. Яғни, олардың қай-қайсысы да өз кезең-кезінің айнасы іспеттегі мазмұн-мәнде өмірге келіпті.

Сонымен, Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихына шолуымызды жалғастыра келе, енді 1995 жылғы Ата-заңымызға келсек, ол жалпы халықтық референдум арқылы қабылданды. Бұл тәуелсіздігіміздің басты да негізгі көрінісі еді. Міне содан бері жиырма жыл уақыт өтіпті. Бұл қазақ тарихының белді бір кезеңдері болып есептелінеді.

1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өтті, нә­тижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды және 5 қыр­күйек күні өз күшіне енді. Дауыс беру еліміздің қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді. Бұл Конс­титуцияның 1993 жылғы Конс­ти­ту­циядан айырмашылығы оның мазмұнының сапасында еді. Жаңа Конс­титуцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Сонымен бірге мемлекеттілік тетік, қоғамдық, саяси институттар ретінде қызметтің негізі боларлық принциптерін орнықтырды, адам мен азаматтың конституциялық мәртебесін белгіледі, эконо­мика­лық құрылыстың негіздерін айқындады. Ол бойынша Қазақ­стан Рес­пуб­ликасының Пре­зи­денті саяси жүйе­нің басты тұл­ғасы болып табылады, билік тар­мақтарынан жоғары тұрады. Бұл пре­зи­денттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Парламент туралы конституциялық бөлім өзгерістерге ұшы­рады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның қабылдаған екінші конституциясы. Ал­дың­ғы Конституция 1993 жылы 28 қаң­тарда қабылданған болатын.

Қазақ АКСР-нің 1926 жылғы 
Конституциясы
Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18  ақ­панда КСРО құ­рыл­ғаннан кейін және 1925 жылғы РСФСР Консти­туциясы ескеріле оты­рып, ҚазАКСР Орталық Атқару Ко­митетінің қаулы­сымен түпкілікті редакцияда қабылданды, өйт­кені бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың бір бөлігі еді. Бұл Негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мем­­лекеттік  биліктің органдары құры­­лымын, атқарушы-өкім беру­ші ор­гандарын бекітті. Сайлау құ­қығының, бюджеттік құқықтық негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика болып танылды.

1937 жылғы Қазақ КСР 
Конституциясы
Бүкілқазақ Кеңестерінің Х съе­зінде 1937 жылғы 26 наурызда қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 тараудан және 125 баптан тұрды. Онда «КСРО Конс­титуциясының 14-бабының шегі­нен тыс Қазақ КСР-і өзінің еге­мен­дік құ­қықтарын толық сақтай отырып, мем­лекеттік билікті дербес жүзеге асырады», – деп жа­зылған. 1937 жылғы Конституцияда сондай-ақ экономикалық, саяси қор­ғаныс,  басқа тең құқықты республикалармен ерікті бірігу, ҚазКСР келісімінсіз аумағының өзгер­тілмейтіні, республиканы басқару мәселелері бе­кі­тілген, сон­дай-ақ жоғарғы респуб­ликалық жә­не жер­гілікті өкімет орган­дарының, заңна­­малардың орын­да­луын бақылау, мем­лекет­­тік және қо­ғамдық тәртіпті және аза­маттардың құ­қық­тарын қорғау, салық салу т.б. мәселелер қарастырылған.  

1978 жылғы Қазақ КСР 
Конституциясы 
ІХ шақырылған республика Жо­ғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сес­сиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлімнен, 19 тараудан, 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды. Өкімет билігі мен бас­қару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылау орнатты. Рес­публиканың экономикалық жүйесі мем­лекеттік, коо­пе­ративтік-колхоздық және кәсіп­одақ және басқа да ұйымдардың мен­шігі деп жа­рияланды.
1978 жылғы Конституцияда рес­пуб­­­ли­­каның ұлттық-мемлекеттік жә­не әкім­ші­лік-аумақтық құрылысы,  жо­­­­ғар­­­ғы және жергілікті билік пен бас­­­қару құзыреті, сайлау жүйе­сінің прин­­­циптері, халық депутаттарының құ­­қықтық мәрте­бесі, экономикалық және әлеу­меттік даму мем­лекеттік жос­­пары институттары, мем­лекеттік бюд­жет, сот тәртібі, төрелік соты, про­курорлық қадағалау және т.б. мәсе­лелер қамтылды.
1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға елеулі өзгертулер енгізген бірқатар заңдар қабыл­данды. «Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетіл­діру туралы» 1990 жылғы 20 қара­шадағы Заңға сәйкес Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже енгізілді, Минис­трлер Кеңесі Министрлер Каби­нетіне өз­гер­тілді және жергілікті өзін өзі басқару, Қазақ Кеңестік Социалистік Рес­публикасының атауын өзгерту, ҚР аза­маттығы туралы Заңдар және басқа да құжаттар қабылданды.  

1993 жылғы Қазақстан 
Республика­сының 
Конституциясы 
Тәуелсіз Қазақстанның ал­ғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды.Ол кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұрады. Коституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды: халықтық егемендік, мем­­лекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары — Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арби­траждық соттар және басқаларды қамтыды. 1993 жылғы Конституция негізіне Парламенттік республика мо­делі алынды.

Мақаланың түпнұсқасы

Бөлісу: