10 Маусым 2016, 06:21
Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Түстер симфониясы» атты балалар шығармашылық көрме-байқауы өтті. Іс-шараны «Астана» ұлттық сурет галереясында, «Алтын Адам» заманауи өнер мектебімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Көрмеге түрлі жанрдағы елуден аса жұмыстар қойылды.
«Астана» ұлттық сурет галереясы ұйымдастырып отырған бұл іс-шараның мақсаты – балалар мен жасөспірімдер арасында бейнелеу өнерін дәріптеу, шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлес қосу, бейнелеу өнері бойынша талантты балаларға қолдау көрсету, өскелең ұрпаққа мәдени және рухани тәрбие беру.
Омарова Алуа, 10 жаста:
— Менің сурет өнерімен айналысқаныма екі ай ғана болды. Жұмысымды үлкен көрмеге қойғанына сене алар емеспін. Сурет салған өте ұнайыды. Бұл менің хоббиім.
Дильназ Амирова, 10 жаста:
— Мен балабақшада оқыған кезімнен бастап сурет салып келемін. Сурет өнеріне баулыған ұстаздарыма үлкен алғыс білдіремін. Болашақта әлемге танымал суретші болуды армандаймын.
«Алтын Адам» заманауи өнер мектебі алғашқы бүлдіршіндерін 2015 жылы қабылдап, күні бүгінге дейін шығармашыл жастарды тәрбиелеп келеді. Заманауи өнер мектебінің 6 үлкен бөлімі 82 шығармашылық бағытта жұмыс жасайды. Солардың бірі – көркемөнер шеберханасы. Көркемөнер шеберханасы сурет салу өнері, құммен сурет салу, су бетінде сурет салу, қыш-құмыра жасау, мүсін өнері, интерьер дизайны, «fashion» - дизайн сияқты бағыттарда оқытады.
Руслан Жүнісов, суретші:
— Бүгін өте айтулы мереке. Балалар — біздің барымыз. Оларға дұрыс деңгейде көңіл бөлген жағдайда, болашақта талантты азаматтарымыз көп болады. Бүгінгі көрмеге қойылған жұмыстарды бөліп-жарып қарауға болмас. Өйткені барлық жұмыс мақтауға тұрарлық. Кішкентай баланың салған суретіне қарап оның жан жүниесін көруге болады. Өздеріңіз көріп отырғандай, суреттердің барлығы ашық, жарқын түспен салынған. Жалпы мұндай іс-шаралар тек мерекеде ғана емес, жиі өткізіліп тұрса деген тілегім бар.
«Алтын Адам» заманауи өнер мектебінің оқушылары республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Көркемөнер шеберханасының жас таланттары алғаш рет өздерінің шығармашылық туындыларын көрмеге қояды. Іс-шара соңында байқаудың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар салтанатты жағдайда марапатталды.
Алмас САУДАНБАЙ
Суреттерді түсірген — Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ