9 Қазан 2014, 06:31
Кеше Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл алаңы» деп аталатын жаңа шоуына кастинг өтті. Оған дейін дәл осындай іріктеу Алматы қаласында өткен болатын. Жоба авторларының айтуынша, бұл елімізде әзіл-сықақ жанрында ұйымдастырылып отырған алғашқы байқау.
Астана қаласы әкімдігінің сайтында жазылғандай сағат 10-да басталу керек байқау, белгісіз себептермен сағат он екілер шамасында басталды. Уақытты құр жібермейін деп, байқауға келушілермен сұхбат жүргіздім. Қатысушылардың дені еліміздің әр-түрлі аймақтарында асаба болып күнін көретін, өнер ордаларының түлектері. Олардың арасында студенттер де, оқушылар да, құрылысшы сынды өзге саланың мамандары да бар. Бағын сынап келгеннің бірі - Дастан Ысқақ. Ол да көптеген қандастырымыз сынды кезінде ата-анасының үгіттеуімен заң факультетіне түсіпті. Бірінші курсты тәмамдаған соң, бұл мамандықтың өзіне жат екеніне көзі жеткен Дастан жүрек қалауымен өнер академиясына ауысу туралы шешім қабылдайды. Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының актерлік шеберлік мамандығын бітірген Дастан, қазіргі таңда Қарағанды қаласындағы театрдің актері. Демек, Тұрсынбектің бұл байқауы көрінбей жүрген таланттарымыздың жарқ етіп шығуына үлкен мүмкіндік берері сөзсіз.
Айта кетерлік жайт, байқауға қатысушыларға жасы мен білімі бойынша ешқандай талаптар қойылмаған, ең бастысы қазылар алқасын күлкіге кенелтсе болғаны.
Тұрсынбек Қабатовтың өзімен сұхбаттасу мүмкіндігі болмады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл КТК арнасымен бірлесіп ұйымдастырылған шара. "Шын таланттарымыздың бағы жанса екен, әзіл жанры елімізде көркейе берсе екен" деген тілекпен біз өз жөнімізбен кете бердік. Ал, байқаудың қалай өткенін алдағы уақытта КТК арнасынан көруіңізге болады.