Тұрсынғазы Мүсәпірбеков: "Аудан тұрғындарының барлығы Абай өлеңдерін жатқа білуі керек деген мақсат қойдық"

5 Тамыз 2015, 06:18

Мерейтой қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сұхбат берген екен.

Биыл Абайдың 170 жылдығы. Мерейтой қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков сұхбат берген екен.

– Тұрсынғазы Жантұяқұлы, өзіңіз жетекшілік етіп отырған Абай жері – халқымыздың руха­ни тұрғыда тәу ететін орта­лық­тарының бірі һәм бірегейі. Абай тойы – иісі қазақтың тойы. Әңгімемізді ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуынан бастасақ.

– Иә, бұл – халықтық мереке. Абай тойы Елбасы тапсырмасы бойынша елімізде аталып өтіп жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ата Заңымыздың 20 жылдығы және Ұлы Жеңістің 70 жылдығы аясында өткізіледі. Бүгінде облыс әкімі Даниал Ахметовтің басшылығымен ұлы Абайдың 170 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өту үшін өңірде, ауданда қызу дайындық жүріп жатыр.

Ең бастысы, аталған той­ды ауданның жоғары әлеу­мет­тік-экономикалық даму көр­сеткіштерімен қарсы алып отырмыз. Абай ауданында негізгі өндіріс – мал шаруашылығы. Аудандағы мал басы өз төлі есе­бінен және мал тұқымын асылдандыру мақсатындағы сатып алу жолымен өсіп келеді. Ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен 512 шаруа қожалығы және 3441 жекеменшік қосалқы шаруашылық айналысуда. Бір қуантарлығы, ауданда асыл тұқымды малдың үлес салмағы 21 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш бойынша республика аудандарының арасында 7-ші орынға табан тіреп отырмыз. Болашақта мал өнімдерін өндірудің жаңа технологияларын барынша жетілдіріп, оның өнім өндірудегі үлес салмағын арттыруға тиістіміз. Мал басы жылма-жыл өз төлі есебінен, үкіметтік бағдарламалар қолдауымен өсіп, бұрынғы кеңес дәуіріндегі санға жетіп қалғанын айта кеткеніміз орынды.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша кәсіп­керлік белсенділікті дамыту жолында биыл ауданға 52,5 млн. теңге қаржы бөлінді. Қарауыл ауылындағы саябақтарды және көшелерді көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары атқарылуда. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қасқабұлақ ауылында балалар ойын алаңы салынып, Қарауыл, Кеңгірбай би, Құндызды, Көкбай, Саржал, Архат, Тоқтамыс және Медеу ауылдық округте­рінде көшелерді жарықтандыру жұмыс­тары жүргізілуде. Аудан орталығындағы барлық көшелер асфальтталып жатыр. Мұндай үрдіс барлық елді мекендерде жалғасын табуда. Қарауыл ауылында қыркүйек айында 140 орындық балабақша пайдалануға берілмек. Былтыр Саржал ауылында заман талабына сай жаңа мектеп, мәдениет үйі, Тоқтамыс, Арқат ауылдарында мәдениет үйі іске қосылған болатын.

«Туған жерге – тағзым» акция­сы аясында игілікті іс-шаралар жалғасын тауып келеді. Аталған акция аясында аудан орталығында Әнет бабаға, Шәкәрім қажыға, Кеңгірбай биге, Жәнібек Кәрменовке ескерткіш қойылса, Саржал, Кеңгірбай би, Құндызды, Көкбай, Қасқабұлақ ауылдарында саябақтар жөнделіп, ескерткіштер қойылды. Арқат ауылында Кеңес Одағының Батыры З.Белібаевтың ескерткіші тұғырына қонды. Өткен жылы ауданымыздың тумасы, белгілі меценат Шыңғыс Құлжановтың демеушілігімен Қарауылда жалпы құны 120 млн. теңгені құрайтын спорт кешені бой көтерді. Мектеп бітіргеніне 10, 20, 30 жыл толған түлектердің туған ауылына қандай да бір игілікті іс жасауы жолға қойылды. Түлектер ауылдарды көркейтуге, абаттандыруға, саябақ, ойын алаңдарын жасауға, тағы басқа игілікті шараларға белсене үн қосып келеді. Осы акция аясында 2015 жылы жоспар бойынша 82 млн. 660 мың теңгенің 27 жобасы іске асырылады деп жоспарланып отыр. ҰБТ нәтижесі бойынша аудан түлектерінің білім деңгейі өсіп келеді. 2014-2015 жылғы оқу жылында орташа балл 84,7-ге жетті. Былтыр бұл саладағы көрсеткіш 76,3 балды құраған еді.

Бүгінде барлық ауылдарда мәдениет үйлері жұмыс істейді. Сондай-ақ, футбол алаңдары, хоккей корттары халыққа қыз­мет етуде. Абай ауданының өнер­дегі қолтаңбасы «Қаламқас» халық­тық ән-би ансамблі жаңа репертуар­мен, сахналық киімдермен, талан­т­ты өнерпаздармен толықты. Үр­жар, Тарбағатай, Зайсан және Көк­пекті аудандарында гастрольдік сапармен болып, өз өнерлерін көрсетті. Республикалық-телевизия­лық «Ай­­гө­лек» балалар байқауының ІІ орын ие­герлері «Айгөлек» бала­лар ән-би ансамблі Семей қаласындағы Абай театрында концерт берді. Ақпан-сәуір айларында «Қазақстан – өткені тарих, келешегі кемел ел!» атты аудан көркемөнерпаздарының дәстүрлі байқауы өткізілді. Байқауға мыңнан астам аудан тұрғыны қатысты. Аудандағы білім беру саласы да ілгерілеп келеді. Оның айқын көріністерінің бірі 2009-2014 жылдар аралығында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен келген жас мамандардың 86-сы көтерме жәрдемақысын алып, 38-і несие арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұқаралық спорт түрлерін дамытуға күш салудамыз. Ұлылар мекенінің ұландары, белгілі түйе балуандар Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсынов абыройымызды асқақтатып, өткен жылдары «Қазақстан барысы» атанғаны белгілі. Әлем чемпионы Айдос Сейпіл, екі дүркін Азия чемпионы Қуаныш Ысқақов, әлем чемпионы Зере Бектасқызы да ел мақтаныштары.

Әрине, ақын тойын жоғары деңгейде ұйымдастыру – Абай ауданы үшін абыройлы міндет. Осыған орай жыл басында аудан активі мен аудандық ардагерлер кеңесі Абайдың 170 жылдығын лайықты қарсы алуға байланысты аудан халқына үндеу жолдады. Бұл үндеу ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани өрлеуіне қызмет етуге, ауылдардың ажарын арттырып, барлық салада жаңа жетістіктерге жетуге шақырады. Осыған орай ақын тойына ерекше дайындықпен, тың жетістіктермен келу басты мақсат етіп алынды. Аудан халқы аталған үдеден табылып отыр деу­ге болады. Әр зейінді азамат материалдық әлеуетімен, рухани күш-жігерімен Абайды ұлықтауға атсалысатын болса, жан дүниесі тазарып, көңілі өсетіндігіне сенемін. Абай елі – сөздің мәйегін түсінетін, қазақылық қаймағы бұзылмаған қабырғалы халық. Абайға қызмет ету – адамзатқа қызмет ету. Ауданды ұзақ жылдар басқарған ел ағалары, елдің береке-бірлігін ұйыстырып отырған алдияр ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, ауылдағы ақжүрек ағайын баба тойына өз үлестерін қосатынын айтып, дем берді. Халықтың ұлы ақынға деген құрметін, хакімді ұлықтауға деген жігерін көрген кезде күш-қайратымызды салып, аталған тойды абыроймен өткізуге бел будық. Абай тойын өткізу – әркімнің басына бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан бүгінде барлық мекеме басшылары, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, атқарушы орган қызметкерлері, кәсіпкерлер, ұстаздар, дәрігерлер, мәдениет қызметкерлері, өнер адамдары, спортшылар, жастар жүрек қалауымен ұлы баба үшін қызмет етуде.

– Ақын тойы өскелең ұрпаққа тағылымдылығымен, болаша­ғына бағдар болатындығымен ерекшеленеді деген ойдамыз. Жыл басынан бері осы мақсатта Абай мұраларын насихаттауға байланысты мазмұнды шаралар өтіп келе жатқаны мәлім. Бұл шаралардан Абай ауданы да қалыс қалмаған шығар?

– Ақын тойы жыл басынан бері республика, облыс көлемінде мерекеленіп жатқанын баспасөз арқылы біліп отырмыз. Ауданда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін ауыл көркемөнерпаздарының кеші биыл ұлы Абайдың 170 жылдығына арналды. Ақпан-мамыр айларында әр ауыл мен мекеме аудан орталығында концерттік бағдарлама ұсынып, Абай шығармаларын насихаттады. Аудандағы әрбір мемлекеттік қызметкер, мұғалім, дәрігер, қарапайым жұмысшы, жалпы аудан азаматтары Абайдың өлеңдерін немесе қарасөздерін жатқа білуі қажет деген мақсат қойдық. Бұл орайда әр дүйсенбі күні мемлекеттік мекемелерде жұмыс басталмас бұрын хакім шығармаларын жатқа айтуды, әндерін ұжым болып орындауды үрдіс қылдық. Жылма-жыл өтетін Абай-Шәкәрім оқуларына аудан оқушылары ерекше дайындықпен келіп отыр. Жалпы, барлық мерекелік, танымдық шаралар Абайға, ақынның шығармашылығына арналды.

Ағымдағы жылы мамыр айында Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың жетекшілігімен түсірілген «Құнанбай» көркем фильмінің тұңғыш тұсаукесері киноның негізгі бөлігі түсірілген Қарауылда өтті. Құнанбай қажының қасиеттерін ашқан фильмді көріп, халықтың қажы атамызға деген ықыласы одан сайын арта түсті. Бұл – ұлы Абайдың 170 жылдығына ерекше тарту болды. Жақында Елбасы тапсырмасымен «Абай» деректі фильмін түсіруші топ келді. Ақын Ақберен Елгезек бастаған түсіру тобы Абай ауданында, Абай мен Әйгерімді табыстырған Шілікті кезеңі бойында фильмді түсірді. Осы деректі фильмнің тұсаукесері 6 тамызда өтеді.

– Дала данышпанының тойы да дара болуға тиіс. Бұл мерекенің бағдарламасы меймандарға қандай сый ұсынады?

– Абай тойын жоғары дәрежеде өткізу үшін облыс әкімдігінде арнайы комиссия құрылып, нақты жұмыстар жүргізілді. Сәтін салса, ұлы Абайдың 170 жылдығы 6-7 тамыз күндері Семей қаласы және Абай ауданында кеңінен аталып өтпек. Қарауылтөбеде ақын тойының ашылу салтанаты, Абай тойына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған, қазақ халқының мәдени-әдеби мол мұрасын насихаттайтын театрландырылған көріністер, «170 жылдыққа – 170 шақырым» атты жаяу жүргіншілер марафоны, «Абай тойының бас балуаны», «Абай тойы – халық тойы» атауымен мәдени-спорттық шараларды жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, ауданға келген туристерге өлкенің тарихын таныстыратын танымдық-тағылымдық «Абай еліне саяхат» атты кітап шығару, «Абай жолы» айдарымен Семей-Қарауыл тас жолы бойындағы тарихи орындарды жаңғырту, «Еңлік-Кебек» кесенесіне баратын жолға асфальт төсеу, кесенені жөндеу, Еңлік пен Кебекке ескерткіш орнату жұмыстары жасалып, келген қонақтар аялдайтын демалыс орнының ашылу шарасы өткізіледі.

Аудан халқының көптен күткен қуанышы – Жидебайда арнайы жабдықталған қонақүйі, халыққа қызмет көрсету орны, конференция залы және жатын орны бар кешеннің ашылу салтанаты ұйымдастырылады. Абай тойының шарықтау кезеңі – «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп…» атты республикалық ақындар айтысы болмақ. Көптен бері ауыл халқының, ақсақалдардың арманы болған көкейдегі мәселе – Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі Мамай батырға ескерткіш орнату еді. 7 тамыз күні Қазақ хандығының 550 жылдығына орай аудан орталығында Мамай батырға арналған еңселі ескерткіш пен саябақтың ашылу рәсімі өтеді. Аталған саябақ аудан халқының сейілдейтін орны болмақ. Одан бөлек, қазақ күресінен республикалық «Абай тойының бас балуаны» сайысы ұйымдастырылатын болады. Қарауылтөбеде 70-тен астам киіз үй тігіліп, ас беріледі. Барлық үйлерде Абай әндері айтылады, өлеңдері оқылады, қарасөздері насихатталады.

Абай ауданы – тарихи өңір. Бөрілі, Сырт Қасқабұлақ, Еңлік-Кебек ескерткіші, Үйтас, Шілікті кезеңі, Жидебай сияқты бар қазаққа қастерлі мекендерде ұлы Абайдың, кемеңгер Шәкәрімнің, ғұлама Мұхтардың ізі қалды. Шыңғыстау жерінің әр төбесі, өзен-көлі, жайлау-қонысы, бастау-бұлағы – шертілер сыр, тұнған тарих. Бұл мекеннің босағасы жылдың қай мезгілінде құтты қонақтан, мейманнан босаған емес. Жер бетінде қазақ елі барда ұлылар мекеніне тағзым етіп, бас иіп келушілер ортаймайды деп ойлаймын. Ал биылғы Абай еліне келушілердің жөні бөлек. Бүгінгі таңда Абайдың 170 жылдығына арналған шараларға қатысуға республикамыздың түкпір-түкпірінен хабарласып, тойға қатысуға ниет білдірушілер өте көп. Тойға ғалымдар, жазушылар, ақындар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, меценаттар бар, жиыны 500-ге тарта қонақтар, 200-ден астам спортшылар, жалпы аудан тұрғындарынан бөлек 5 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарлап отырмыз. Бұл келушілердің барлығы да Елбасымыз айтқандай, «Қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі – Ұлы Абайдың аруағына бас иіп», тағзым етіп, ақын сөздерін бойтұмарындай қастерлейтін қаймана халық.

Абай – адамзаттың Абайы. Жоғарыда айтылған барлық шаралар, өткізілетін той Ибраһим Құнанбайұлына емес, бізге керек. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпаққа қалдырған ұлағатын ұмытпау – қасиетті парызымыз. Абайдың әр сөзінде келешегі кемел ел үшін тағылым аларлық рухани күш пен қайрат беретін нәрлі қайнар бар. «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең, істің бәрі бос», деген бір ғана сөзі еліміздің байтақ болашағы бірлігінде, халқымыздың татулығында екендігін айқындап тұр. Әр адам Абайдан өзіне өмірлік ұстаным, рухани қағида таба алады. Бұл тойды өткізудегі негізгі мақсатымыз – Елбасы айтқандай той тойлау емес, ой ойлау, ұрпаққа ұлағат қалдыру, ұлы ақынның шығармаларын насихаттау, ой алыбының ойлы дүниелерін оқуға үндеу болып табылады.


Әңгімелескен – Думан АНАШ.

 

Бөлісу: