Тұрмыстық зорлық-зомбылық орын алса не істеу керек?

24 Тамыз 2022, 14:56 9324

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Гүлмира Шрахметовамен сұқбат

Қазіргі таңда отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамда жиі орын алып келеді. Мұндай жағдайдың орын алуына не себеп? Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйел не істеу керек? Кімдерге хабарласуы керек? Әйелдердің құқығы қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметовамен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Гүлмира Тлеуғалиқызы, соңғы жылдары әйел адамдар мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық көбейіп кетті. Оған не себеп?

– Ең бірінші қоғамда адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасқа дұрыс түсе алмауының, дұрыс мәдениетінің жоқтағының куәсі болып отырмыз. Отбасындағы отбасылық құндылықтардың азайғандығы, әкенің беделі, анаға деген құрмет, ер адамның әйеліне деген сыйластық қарым-қатынасы. Осының барлығы бізде кенже қалып бара жатыр. Бірден-бір себеп осы. Екіншіден көбінесе бізде жасалатын құқық-бұзушылықтардың басым көпшілігі оның ішінде 80-90% ішімдіктің кесірінен орын алады. Екі тарап бірігіп ішеді. Немесе бір тараптың мас күйінде жасалады. Сондықтан мас адамның ойы да, сөзі де екінші адамның көңіліне, жан дүниесіне бататындай әсер қалдырады. Одан басы ұрыс-керіспен басталса, аяғы қылмысқа немесе құқық-бұзушылыққа апарып жатады.


– Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған жағдайда қайда бару керек? Кімдерге хабарласуы керек?

– Ең бірінші полицияға хабарласыңыз. Сізге қатысты құқық-бұзушылық жасалса, міндетті түрде «102» каналына хабарлап айтыңыз. Көп жағдайда әйел адамдар, балалар болсын полицияға хабарласуға қорқады. Одан бөлек қоғамдық қорларға, сенім телефондарына хабарласу керек. Шын мәнінде келгенде сол жұмысты тек полиция ғана атқарады. Өйткені мемлекет осы өкілетті полицияға жүктеген. Сондықтан полицияның көмегіне жүгінген дұрыс. Бұл жерде адамдардың көп жағдайда уақыт өткізіп алу проблемасына бетпе-бет келеміз. Себебі кейбір адамдар қоғамдық қорларға, блогерлерге хабарласып сол арқылы уақыттарын жоғалтып алып жатады. Сондықтан тәртіп сақшыларының көмегіне жүгініңіз. Полиция қызметкерлері бірден келеді. Арыз алады, хаттамалар толтырылады. Тиісті сот медициналық сараптамалар дер кезінде тағайындалады. Осы жағын ескерсе деп ойлаймын. Мысалы, «Аманат» партиясынан «111» телефон номеріне хабарласыпты. Олар бізге тікелей хабар береді. Мен бірден аудандық Полиция басқармаларына шығамын. Зорлық-зомбылық көрген әйелдің мекен-жайын беріп, тексеруге жіберемін. Одан кейін «Не молчи» қоғамдық қорына да әйелдер көп хабарласып жатады. Ол кісілер де маған тікелей күн-түн демей хабар береді. Сол арқылы жұмыс жасаймыз.

– Биылғы жылы қанша зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелді? Өткен жылмен салыстырмалы түрде статистикалық мәліметтермен бөліссеңіз. Қанша қорғау нұсқамасы шығарылды?

– Биылғы жылдың 7 ай қорытындысы бойынша 5 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылды. Бұл дегеніміз 5 000 адамға қауіп төнді деген сөз. Биылғы жылы өткен жылға қарағанда қорғау нұсқамасының саны көбейді. Бұл жерде әйелдер қорғау нұсқамасының не екенін біле бастады. Көп жағдайда қорғау нұсқамасын шығарып беруді талап етемін, алдында шығарған кезде 1 ай тыныш өмір сүргенбіз деп жатады. Сол қорғау нұсқамасының көмегімен кейбір отбасыларда ер азаматтары ішімдікті ішпей кеткенін айтып жатады.

– Жедел басқару орталығына Отбасы тұрмыстық саласы бойынша күніне орта есеппен қанша хабарлама келіп түседі?

– Күніне Жедел басқару орталығынан шамамен «102» каналына Отбасы тұрмыстық саласында 20-22 қоңырау шалынады.

– Неше іс сотта қаралды?

– Осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 2500 іс сотта қаралды. Енді өзіңіз салыстырмалы түрде қарап отырсаңыз 5000 істің 2500 сотта қаралды деген тең жартысы. Алдыңғы жылдармен салыстырсақ дәл сондай статистика сақталып келеді. Себебі қорғау нұсқамасын біз шақыртуға барғанда міндетті түрде шығарамыз. Қауіптің барлығы әйелдің көзінен көрініп тұрады. Ары қарай шағымданбай біз өзіміз татуласамыз деп жатса немесе әкімшілік іс қозғайтындай негіз болмаса онда хаттама толтырылмайды. Материал сотқа жіберілмейді. Бірақ жәбірленушінің құқықтары мен бостандықтарын денсаулығын қорғау мақсатында қорғау нұсқамасы шығарылады. Көбінесе әйел адамдар ұрған күйеулеріне жандары ашиды. Бұл жерде әйел адам кеңірек ойлайды. Отбасындағы тыныштықты, өзінің отағасын ойлап арыз жазбайтындар да болады.


– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қанша ер адам зорлық-зомбылық мәселелері бойынша тіркеуде тұр? Дағдарыс орталығында қанша әйел бар?

– Елорда бойынша осы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 5000 ер адам есепте тұр. Олар бір ай бойы профилактикалық есепте тұрады. Сол белгіленген мерзім ішінде қорғау нұсқамасының талаптарын бұзбаса, ол азаматты есептен алып тастаймыз. Кейбір жағдайларда олар қорғау нұсқамасының талаптарын бұзады. Одан кейін біз ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық кодексінің 461 бабы бойынша жауапкершілікке тартамыз. Немесе ішкілікке салынған отбасылар болса, сотқа қолдау хатпен шақырамыз. Олар әр құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап орнатады. Шешім бойынша сот ішімдікті ішуге жарты жылға немесе 1 жылға тиым салады. Сонымен қатар біз әрбір сенбі күндері аудандық Полиция Басқармаларында зорлық-зомбылық жасаған агрессорлармен жұмыс жүргіземіз.

– Жыл басынан бастап олардың қаншауы келісімге келіп, отбасылық тұрмысын жалғастырып жатыр?

– Көбінесе зорлық-зомбылық көрген әйелдердің 40% өздерінің бұрынғы күйеулеріне қайтып барады. Ал қалғандары жылдар бойы шыдап келген, қатты қиындық көрген жандар. Олар бұрынғы қиындықтарына қайтып барғысы келмейді.

–Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері туралы айта кетсеңіз. Қай түрі жиі кездеседі?

– Жалпы заңда зорлық-зомбылықтың төрт түрі көрсетіледі. Олар: Психологиялық, экономикалық, физикалық және жыныстық зорлық-зомбылық. Осының ішіне ең көп кездесетіні – психологиялық зорлық-зомбылық болып табылады. Психологиялық зорлық-зомбылққа әйел адамдар көп ұшырайды. Өйткені бұл жерде денеге нақты жарақат келіп жатқан жоқ, еш жері ауырып жатқан жоқ, зақымданған жоқ. Олар ішінде сақтап, үндемей жұтып жүре береді. Психологиялықтың арты жаман. Олар артынан өздеріне қол жұмсаулары мүмкін. Екінші түрі – экономикалық зорлық-зомбылық. Бірақ адамдар оның экономикалық екенін білмей жүре береді. Әйел адамға үйленгеннен кейін күйеуі оқымайсың, үйде отырасың деп шектеу қояды. Кейбіреулері жұмыс істеп жүрсе, жұмысына шектеу қояды. Өз қаражатын өзіне жаратып тұрса, оған да тиым салатын жағдайлар орын алып жатады.Бұлардың барлығы экономикалық зорлық-зомбылыққа жатады. Үшіншісі түрі – физикалық зорлық-зомбылық. Ол өте кең тараған. Кез келген адамның көзінің көгеріп тұрғанын немесе бетінде дақтар бар екенін, аяғы-қолы немесе қабырғасы сынса, бұл физикалық зорлық-зомбылық. Мұндай жағдайда міндетті түрде «103»-ке хабарласыңыз. Жедел-жәрдем қызметкерлері мұндай жағдай болғанда міндетті түрде бізге тікелей хабарласады. Біз барып, жағдайдың анық-қанығына жеткеннен кейін материалды сотқа жіберіп жатады.


Ал енді төртіншісі – жыныстық зорлық-зомбылық. Бұл зомбылық түрі қазіргі кезде көбейіп барады. Әсіресе балаларға, жасөспірімдерге, әйелдерге қатысты зорлық пен зомбылық жиі жасалады.

Жалпы балалардың тәрбиелеріне селқос қарау, баланың дұрыс үйде, дұрыс ортада қалыптасып өскеніне жағдай жасамай қалады. Мысалы, әйел адамдар материалдық тұрғыдан көп ойламыз. Ол дегеніміз баланың киімі бүтін, қарны тоқ болса екен дейміз. Сондай жағдайда әйел өзі жұмыс істейді де, баланы үйге иесіз тастап кетеді. Егер бұл мәселені тереңінен зерттеп қарайтын болсақ, қоғамдағы үлкен әлеуметтік мәселе. Әйел адамдардың екінші бір отбасыны құрып немесе басқа адамдармен бірігіп тұруы, соның кесірінен өгей әке немесе азаматтық некеде тұрған адам. Сондықтан соған жыныстық зорлық-зомбылық көрсетеді. Жалпы талдауларға сүйеніп қарасақ жыныстық зорлық-зомбылық алыстан келмейді. Ол біздің жақыннан араласып келе жатқан адамдар, не ол күнделікті үйге келіп жүрген досымыз, туысымыз немесе көршіміз болуы мүмкін.

– Тұрмыстық зорлық көрсеткен адам қалай жазаланады?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адам Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің арнайы баптары бар. Отбасы тұрмыстық саладағы арнайы баптары бойынша жазаға тартылады. Кезінде криминалды іс болатын болса, қазіргі кезде ізгілендіруге байланысты әкімшілік жазаға жатады. Негізі тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен адам 5-20 тәулікке дейін қамаққа алынады. Денсаулығына орташа ауырлықта немесе аса ауыр залал келтірілген болса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР Қылмыстық Кодексінің 106-107 баптарымен іс қозғалады.

– Тұрмыстық зорлықтың алдын-алу жолдары туралы айта кетсеңіз. Қандай профилактикалық іс-шаралар жүргізесіздер?

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу мақсатында көптеген профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Әрбір Полиция басқармаларында бейсенбі күні кешендік жұмыстар өткіземіз. Ол кешендік жұмыстарға медиатр, заңгер, адвокаттар, Ювеналдық полиция қызметкерлері, Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы, учаскелік полиция инспкторлары, психолог мамандарды шақырамыз. Олар бір терезе тәсілі арқылы сол апта бойы хабарласқан, өзінің проблемасын шеше алмаған отбасына көмек көрсетеді.

Бұл жерде көбінесе екі тараптың дау-дамайлары шешілмей жатады. Олар екіге кеткеннен кейін ортадағы балаға қиын болады. Олар балаға таласады. Әйел бала тек менікі деп ойлайды. Ажырасқаннан кейін де, ажыраспай тұрып та бала екі адамға заң жүзінде құқықтары бірдей. Ажырасқаннан кейін тараптардың жиі жасайтын қателігі бірден мүлікті бөлу, бірден балалардың тұратын орнын анықтамау немесе кездесу тәртібін анықтауды сотта қарап алмайды. Сосын осының кесірінен бізге өте көп шақыртулар келіп түсіп жатады.

Сонымен қатар жұма күндері түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Біз қоғамдық орындарға, аялдамаларға және халық көп шоғырланатын жерлерге барып, арнайы ақпараттық жұмыстар жүргіземіз. Жастар мен ер азаматтардан сауалнамалар аламыз. Әрбір сенбі күні біз тек қана ер азаматтарды шақырамыз. Агрессорлар ер азаматтар болғандықтан солармен жұмыс жасаймыз. Бұл жерде ер адамдар сөйлейді. Олармен біз тығыз байланыста жұмыс жасайтын психологтар, Республикалық әкелер одағы, «Аманат» партиясынан адамдар келеді. Содан кейін біз мешітпен тығыз байланыстамыз. Себебі дін тұрғысынан бұрмалап айтылатын ақпараттар көп. Имамдар түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Олар отбасындағы әйел адамның рөлін көтеруге атсалысып, көмектеседі.

– Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдердің қауіпсіздігі үшін ашылған әйелдерге арналған баспана немесе «Дағдарыс» орталықтары туралы айта кетсеңіз. Зорлық көрген әйелдер ол жерге қанша уақытқа орналаса алады?

– Жыл басынан бері қарай қазіргі күнге дейін 156 әйел «Дағдарыс» орталығының қызметін алды. Дәл бүгінгі күні «Дағдарыс» орталығында 32 әйел бар.

Жалпы «Дағдарыс орталығына» 2 айдан 6 айға дейінгі мерзімде тегін түрде орналаса алады. Ол жерде барлық жағдайлар жасалған. Бала-шағасымен өзіне арнайы бір бөлме, бөлек жуынатын орны, жеке дәретханасы, балаларға сабақ қарайтын орны қарастырылған. Орталықтың бір пайдасы – бұл жерде әйелді өз-өзіне келуіне мүмкіндік бар. Оң-солын бағалауға, ары-қарай өмір сүруін ойлауына мүмкіндік болады. Ол жерде әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, заңгерлер жұмыс жасайды. Мұнда әйелдерді қоғамға дайындап, жұмысы жоқ болса, жұмыспен, білімі жоқ болса, қысқа мерзімдік курстарға оқытып, нарықтағы сұранысқа ие мамандарға дайындауға тегін түрде көмектеседі.

– Зорлық-зомбылық көрген әйелдердің оқиғаларымен бөліссеңіз.

– Кеше ғана әлеуметтік желіде өзінің жеке парақшасынан бір әйел хабарласты. Ол күйеуінің психологиялық зорлық-зомбылық көрсететіндігін желіде жариялаған. Кейін анықтай келе олардың заңды некеде емес екендігін білдік. Екеуі 8 жыл бірге тұрған. Екі балалары бар екен. Жолдасы ішкілікке салп кеткен. Әйелін ұрмайды. Бірақ эмоциясын ауыр, балағат сөздермен шығарады екен. Бұл да психологиялық зорлық-зомбылыққа жатады. Әйел шаршайды. Бірге тұра алмаймын, кетемін дейді. Ал кетейін десе, мүліктің барлығы күйеуінің атында тіркелген. Өз атында ештеңе жоқ. Әйеліне жұмыс істетпеген. Біз мұндай азаматтық құқықтық қатынастарда проблемаларға араласпаймыз. Бірақ қолымыздан келгенше көмек көрсетуге тырысамыз. Екінші жағдай алдыңғы күні сенім телефонына бір әйел адам хабарласыпты. Күйеуіміе арыз жазғым келмейді. Бірақ 20 жылға жуық уақыт бірге тұрамыз. Үлкен қызым 16 жаста. Енді қызым «мама неге шыдайсың, шыдамашы кетейк» деп жатыр екен. Былтыр ол кісі хабарласқан. Ол кезде қорғау нұсқамасын шығарып берген болатынбыз. Профилактикалық бақылауда жүрген азамат ақыл-есін жиды. Одан кейін кешірім сұрап барды. Әйелі кешіріп, қайта татуласып бірге тұрған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық деген төрт міндетті этаптан тұратын цикл болып табылады. Сол биыл қайталанып тұр. Сондықтан шыдамайтынын айтып жеткізді. Бірақ арыз жазғысы келмейтінін де айтты. Біз арыз жазбаса, ол кісіні ешқандай жауапкершілікке тарта алмайтындығымызды жеткіздік. Егер ол адам жауапкершілікке тартылмаса, ары қарай қайталай береді. Одан кейін психолог маманға жолықтырдық. Бүгін сол маманмен жолығуы керек болған.

Біз психологтармен тығыз жұмыс жасаймыз. Жалпы психологтардың нарықтағы бағасы қымбат.Зорлық-зомбылылқ көрген әйелдер бізден барса, тегін түрде консультация ала алады.


– Қанша жас аралығындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа жиі ұшырайды?

– Менің тәжірибем мен зерттеуім бойынша 20-30 жас аралығындағы қыз балалар зорлық-зомбылыққа шыдамайды. Олар бірінші күні зорлық-зомбылық құрбаны болып немесе шапалақ жесе, резонанс көтереді. Бүкіл туыстарын жинайды. Немесе «102» қызметіне хабарласады. Ал енді 30-40 жас аралығындағы қыз балалар шыдайды, көнеді. Біраз уақыт үндемей, ешкімге айтпай жүреді. 40-50 жасқа дейінгі әйелдер әбден көніп алған жандар. Олардың ішінде 20 жыл зорлық-зомбылық көріп келген әйел адам ар жағында қанша өмірім қалды деп ойлайды. Кейбір жағдайлардың оның арты үлкен қылмысқа әкеліп жатады. Бірнеше жылдар шыдап жүріп, тағы да бір күні ішіп келген күні төбелес болғанда, бір-біріне пышақ салып алған жағдайлар да орын алған еді.

– Маман ретінде тұрмыстық-зорлық зомбылық құрбандарына берер кеңесіңіз.

– Ең бірінші зорлық-зомбылық орын алмас үшін ер азаматыңыздың сіздің тарапыңызға қатысты ұнамайтын жақтары болса бірден айту керек. Көбінесе қыздар айта алмайды. Өткен жылы 20 жастағы қыз бала хабарласып, телефонмен сөйлесе алмағаннан кейін шақырдым. Бір жылдай жігітпен бірге жүрген, танысқан. Одан кейін отбасын құрған. Тұрмыс құрғаннан кейін 6 айда ол жігітімен тұра алмағанын айтты. Ол өзінің отбасылық өмірінің сондай қиын болатындығын көз алдына елестете алмадым дейді. Күйеуі үнемі бақылауда ұстайды екен. Ұялы телефонын тексеріп отырады екен. Кімге қоңырау шалып, кіммен хат алмасқандығын жіті қадағалайды екен. Қыз студент болған соң, сабағы біткен бойда хабарласып видео хабарламамен тексеріп отырады екен. Соған шыдай алмай мен тұрмаймын дейді. 


Бүгінде жасөспірім ұрпақ өзінің құқытарын таптатып қоймайды. Бір жағынан ол дұрыс деп есептеймн. Екінші кеңесім қатаң бақылау болғанда, ол зорлық-змбылықтың орын алуының бірінші белгісі болып саналады. Ондай ер азаматтардан болашақта агрессор шығады. Оның алдын алу керек. Сондықтан бірінші қол көтергенле, бірінші итеріп жібергенде шапалақ жасаған кезде міндетті түрде дабыл қағу керек. Мұндай жағдайда «102» қызметіне хабарласуға қорқып тұрса, оны артық деп санаса, сол отбасындағы сол агрессорға кім беделді сол кісімен сөйлесуі керек. Оның нағашысы, оның туыс ағасы немесе әкесі болуы мүмкін. Сол кісіге осындай жағдай орын алды. Сіз көмектессеңіз, ақыл-кеңесіңізді айтсаңыз деп көмек сұрау керек. Үшіншіден мұндай жағдай қайталаталанатын болса, міндетті түрде шешім қабылдау керек. Себебі көбінесе тәжірибеде агрессорлар түзеліп адам болып, зорлық-зомбылығын жасамайды деген сирек. Міндетті түрде «102» каналына хабарласу керек. Ол жерде міндетті түрде полиция қызметкерлері қолын қайырып алып кетеді деген сөз емес. Полиция анықтайды, тексереді. Одан кейін сенім телефондарына хабарласып, психологиялық көмек алуға болады. Егер ұрған-соққан болса, «102» қызметінсіз сот-медициналық сараптамасын ала алмайсыз. Сондықтан денеде көгерген, сынған іздер болса, кесілген ары қарай үндемей қалмай міндетті түрде хабарлап айту керек. Сондықтан әйел адамдар осы кеңестерді ескерсе деймін.

–  Сұқбатыңызға рахмет!

    Суреттерді түсірген Ғазиз Шакиров


Бөлісу: