Түркияда Тәттімбет саябағы ашылды

16 Наурыз 2016, 12:25

Күйшінің мерейтойына орай

Анкара қаласында күй өнерінің классигі Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы саябақ ашылды. Бұл бастаманы Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, халықаралық Түрксой ұйымы және Қарағанды облысының әкімдігі қолдаған. Демалыс алаңы күйші-композитордың 200 жылдық мерейтойына орайластырып отыр.

Шараның ашылу салтанатына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаев, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Анкара қаласы Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Жандос Әбішев, Тәттімбеттің тікелей ұрпағы Мүслім Жақпаров, Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі қатысты.

Ресми рәсім алдында Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Сылқылдақ» күйлерін тартты.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев:

– 2011 жылы Етимесгут ауданында күйші-композитор Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына және өткен жылы Кечиөрен ауданында Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай саябақтар ашылған болатын. Ал, бүгін Тәттімбет саябағының бой көтеруі – біз үшін зор қуаныш, үлкен абырой. Мұндай маңызды шаралар түбi бiр, тiлегi ортақ туыс халықтардың арасын жақындастыра түсетіні сөзсіз. Сондай-ақ, шертпе күйдің шебері Тәттімбет Қазанғапұлының мұрасы екі елді рухани байытып, достық қарым-қатынасын нығайтуда үлкен рөл атқарады, – дей келе, Етимесгут муниципалитетінің әкімшілігіне өз алғысын білдірді.

Ал, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қорабайұлы:

– Түркі дүниесі былтырғы жылды хакас дастаншысы Семен Кадышевқа, түрік жазушысы Халдун Танерге арнады. Биыл атақты ойшыл Жүсіп Баласағұниға құрмет көрсетіліп, түрлі халықаралық конференциялар, мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Осындай үлкен жобалардың арасында түркітілдес елдердің әдебиет және өнер майталмандарының мерейтойларын кең көлемде атап өтуге тырысамыз. Соның айқын дәлелінің бірі – қазақ халқының айтулы тұлғасы, шертпе күйдің шебері Тәттімбет бабамыздың 200 жылдығына орай, күйші атындағы саябақтың ашылуы. Алдағы уақытта да түркі әлемінің тарихи тұлғаларын таныту, насихаттау жұмыстары тұрақты түрде жалғасын таба береді, – деді.  

Етимесгут муниципалитетінің мэрі Әнуар Демирель Тәттімбет Қазанғапұлына саябақ ашу туралы ұсыныс түскенде, бірден келіскенін жеткізе келе, өз ойын:

– Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдениет саласында жүргізіліп жатқан іс-шаралар бауырлас екі елдің туысқандық сезімін арттырып, тарихи, мәдени тамырластығын тереңдетуде айрықша орын алады, –  деп қорытты.

Салтанатты шара Ескишехир, Анкара, Амасия және Болу қалаларында өткен «Қазақстан мен Түркия достығы» кештеріне жалғасты. Концерттерде Тәттімбет атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрі және Әзербайжан, Қырғызстан, Түркияның белгілі өнерпаздары өнер көрсетті.


Әзірлеген – Айбота Өтеулі 

Бөлісу: