Түркияда қазақтың атақты ақыны әрі композиторы Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті

12 Желтоқсан 2018, 04:54 2967

Түркияның Анкара және Ыстанбұл қалаларында Халықаралық ТҮРКСОЙ мәдени ұйымының қолдауымен атақты композитор, ақын Естай Беркімбаевтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.

Алғашқы конференция Ыстанбұл қаласындағы Айдын университетінде өтсе, екінші жиын Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов ақын және композитор Естай Беркімбаевтың шығармашылығы қазіргі заманғы және дәстүрлі қазақ музыкасының дамуына зор үлес қосқанын, өсіп-өніп келе жатқан жас ұрпақ бойында Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

«Естай – аса дарынды, атақты ақын. Оның әндері бүкіл әлемге танымал. Естай – қазақ халқының аса көрнекті өкілі. Біз оны мақтаныш тұтамыз. Сондықтан да ақын мерейтойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде аталып жатыр», - деді павлодар облыстық мәслихатының хатшысы Бақыт Бексейітова.

«Естай Беркімбаевтың шығармашылығын жастар да, аға буын да жақсы көреді. Композитордың шығармашылығы тек қазақ халқына ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі жұртына ортақ. Осыған байланысты ТҮРКСОЙ ұйымы көптеген игі жұмыстар атқаруда. Түркі халықтарының мәдениеті музыкасы, өнері мен салт-дәстүрі кеңінен таралуда», - деді өз кезегінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілов.

Кездесу барысында ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлы, профессор Мұхит Омаров пен Әбілқақ Түгелбаев композитордың өмірі мен шығармашылығы туралы тарихи деректермен бөлісті.

Медғат Манаповтың орындауында Естай Беркімбаевтың «Жайқоңыр», «Бір мысқал» әндері орындалды.

Мерекелік шарада Дүйсен Қасейінов павлодар облыстық мәслихатының бас хатшысы Бахыт Бексеитоваға және ҚР еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбіловке «ТҮРКСОЙ – 25 жыл» медалін табыс етті. Ал ПМПУ ректоры Алтынбек Нұхұлы «Шыңғыс Айтматов» медалі мен «Мағжан Жұмабаев» төсбелгісімен марапатталды.

Бөлісу: