Түркітілдес халықтардың 75 пайызы латын әліпбиін қолданады

25 Қыркүйек 2018, 05:50 6092

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» атты мақаласында Қазақстан үшін болашақта латын әліпбиіне көшудің өзекті екенін баса айтқан болатын.

Осыған орай, елімізде латын әліпбиінің үлгісі жасалып, талқыға түсіп, Елбасы назарына ұсынылды. Ендігі кезекте 2025 жылға дейін біртіндеп кириллица алфавитіндегі қазақ әріптерін латын әліпбиіне ауыстыруға күш салу керек. Бұған қатысты Мемлекет басшысы «Латын әліпбиіне көшу мәселесін асықтырмай, аптықтырмай «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» барып қолға алынуы тиіс. Өйткені, әліпби қайта-қайта қабылданбайды. Бұл ғасырларға ұласатын шешім. Біз қазіргі қолданып жүрген қазақ жазулары кириллицаға негізделген. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің ғұмырын ұзақ етеді. Сондықтан, осы іске қатысты тиянақты, сауатты жұмыстар істелінуі керек» деген болатын.

Байтұрсыновтан бастау алған әліпби

Латын әліпбиіне қатысты тарихқа жүгінсек, әліпби дерегі қазақтың ұлы ойшылдарының бірі Ахмет Байтұрсыновтан бастау алған. Ахмет Байтұрсынов өз заманында әліпбиді араб жазуына негіздеп ұсынған. Ғалым 24 әріптен тұратын әліпбиді ең алғаш осылай негіздеген болатын. Бұдан соң ХХ ғасырдың басында Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлов деген ғалымдар 28 әріптен тұратын қазақ жазуына негізделген латын әліпбиін жасап шығарды. 1929 жылы Қ.Құдеринова латын әліпбиін 29 әріп етіп қайта түзді. Сол жылы осы әліпби қолданысқа енгізіліп, 1940 жылға дейін қолданыста болды. Бұдан соң 1940 жылы қалыптасқан саяси жағдайға байланысты латын әліпбиі қолданыстан шығып, қазақ тіліндегі жазулар 42 әріптен тұратын кириллицаға көшірілді. Орыс жазуына негізделген алфавитке көшу біршама өзгерістер алып келді.

Ардақ Төлеуова, филология ғылымының кандидаты:

— Саяси жағдайға байланысты қазақтарға латын әліпбиінен кириллицаға көшу оңай болмады. Орыс жазуына негізделген алфавит қазақ фонетикасына өзгерістер әкелді. Тілшілердің таңба — басқа, дыбыс басқа болады деген тұжырымдарына көптеген өзгерістер еніп кетті. Осы арқылы қазақ тілінің фонетикасына көптеген қателіктер еніп кетті. Ендігі кезекте Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныс айтты. Бұл біз үшін өте өзекті мәселе. Елбасының көтеріп отырған ұсынысы қазақтың жайын ойлағандықтан айтылып отыр. Себебі, қазір қазақтың түпкі тарихын түсіну маңызды кезең. Латын әліпбиіне көшу тілдің тазалығын, ұлттың тарихын сақтап қалу үшін керек.

Міне, филолог маман Ардақ Төлеуованың айтуынша, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы осында жатыр. Оның пайымдауынша, латын әліпбиіне көшу ағылшын тілін тез меңгеруге, ІТ технологияларының тілін білуге, индустиралды-инновациялық экономика кезеңінде халықаралық талапқа сай болуға үлкен септігін тигізеді.

Латын әліпбиі — ғылымның тілі

Жалпы, мамандар латын әліпбиі ғылымның тілі екенін баса айтып отыр. Себебі, әлем бойынша ғылымға қатысты енгізілген бірқатар өзгермейтін терминдер латын әліпбиімен жазылады. Бұл ретте ағылшын тілінің маманы Айзада Ғазизова «Бүкіл әлем бойынша кейбір ғылыми терминдер тек латын әліпбиімен жазылады. Оны біз өзгерте алмаймыз. Сондықтан, «латын әліпбиі — ғылымның тілі» деп аталады дегенді алға тартты.

Айзада Ғазизова, ағылшын тілінің маманы:

— Ғылым тілінде ауыспайтын, өзгеріске түспейтін терминдер бар. Олардың барлығы латын әліпбиімен жазылады. Латиницаға көшудің бір ерекшелігі – осы ғылыми терминдерді оқуға ыңғайлы жағдай туғызады. Бұдан соң латын әліпбиінде жаза алатын адам ағылшын тілін де тез меңгеретін болады. Халықаралық талапқа сай жазылған деректерді, дәйектерді талдауға мүмкіндік ашылады. Бүгінде түркітілдес халықтардың 75 пайызы латын әліпбиін қолданады. Демек, біз болашақта кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшетін болсақ, осы түркітілдес халықтардың да тарихын, ғылымын, мәдениетін, әдебиетін оқуға мүмкіндік аламыз. Бұл дегеніңіз — жастардың көкжиегін кеңейтіп, санасына білім нәрін енгізетін қадам.

Осылайша, ағылшын тілінің маманы Айзада Ғазизова латын әліпбиіне көшудің, әсіресе, жастар үшін тиімді екенін алға тартып отыр. Пайымдасақ, маман сөзінің жаны бар. Расында да, Орта Азия елдерінің 75 пайызы латын әліпбиін тұтынатынын ескерсек, осы елдердің тілін қосымша ұға бастайтынымызға дау жоқ.

Тіл бәсекеге түсудің басты қаруы

Негізінен мамандар алға тартып отырғандай, тіл бәсекеге қабілетті болудың негізгі шарты. Кез келген елдің ғалымдары, кәсіп иелері, не болмаса өнер қайреткерлері болсын, тілді меңгергені өздеріне жақсы. Әлем алдында мерейімізді асқақтататын осы тұлғалардың тілді білуі қажет. Бұл ретте филолог-маман Сандуғаш Зәкариянова, тілді меңгеру қай кезде де өзектілігін жоймайтынын, біз қазір латын әліпбиін меңгеріп алсақ, болашақта бұл өз жемісін беретін, бізге тек пайдасын тигізетін жоба екенін баса айтты.

Сандуғаш Зәкариянова, тіл маманы:

— Ел мен елді табыстыратын бірінші кезекте — тіл. Тіл — қарым-қатынас құралы. Енді осыны негізге алып сөйлейтін болсақ, латын әліпбиіне көшудің маңыздылығын ұғына түсеміз. Мәселен, экономикасы алға озған түріктерді алайықшы. Олар латын әліпбиін өте жақсы меңгеріп алды. Сол тәрізді іргеміздегі Өзбекстан елін алсақ, оларда да латын әліпбиі қолданыста. Бірқатар елдер тарихын, мәдениетін, ғылымын осы латын әліпбиімен жазады. Ендеше, біз үшін бұл үлкен мүмкіндік. Қазір ТМД елдерінің бір легі сапалы, құнды техникаларының мінездемелерін де латын тілімен жазып жүр. Әлемдік нарықта латын әліпбиіне деген құрмет ерекше. Бәсекеге қабілетті болатын елдің тілі де тегеурінді болады.

Өзге ұлт өкілдері латын әліпбиін қолдайды

Абзалында, Елбасы латын әліпбиіне көшу туралы ұсыныс айтқанда еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де елеңдеп қалғаны анық. Қазақстан көп ұлтты мемлекет екені барлығымызға белгілі. Бағамдасақ, елдегі өзге ұлт өкілдерінің біразы латын әліпбиімен хат танып, әріптерді латын әліпбиімен жазып үйренген.

Манура Дурсынова, өзбек ұлты:

— Өзбекстаннан Қазақстанға 2016 жылы көшіп келдік. Қазір жолдасым көк базарда сауда-саттықпен айналысады. Тұрақтап тұрып жатқанымызға екі жылдан асты. Балаларымды Алматыда мектепке бердім. Үлкен ұлым төртінші сыныпқа көшті. Біз Өзбекстанда хатты латын әліпбиімен таныдық қой. Сондықтан, бізге кириллицаға үйрену қиын болып жатыр. Ұлым Алматыда оқитындықтан, әріптерді кириллицамен таныды. Ал, мен әлі күнге дейін латын әліпбиімен жазамын. Мысалы, қазір телефон арқылы хабарламалар жіберіледі. Жұрттың барлығы кириллицамен жазып жатса, мен латын әліпбиінде хабар жолдаймын. Маған кириллицадан гөрі латын әліпбиінде жазу, солай сөйлесу жеңіл. Сондықтан, өз басым, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы ұсынысын бірауыздан қолдаймын. Себебі, біз тәрізді латын әліпбиінде хат танып, одан Қазақстанға жұмыс істеуге келіп, тұрақтап қалған өзге ұлт өкілдері үшін бұл тиімді шешім деп ойлаймын.

Зубайла Какильбайқызы, түрік ұлты:

— Мектепті 1995 жылдары тәмамдадық. Әріпті латын әліпбиімен таныдық. Қазақстанға келгенімізге бес жылдан асты. Күйеуім де, өзім де, үлкен балаларым да латын әліпбиінде хат танығанбыз. Қазақстанға жұмысымызды ауыстырып, логистикалық компанияға жұмысқа шақырылдық. Содан бері кириллицаны үйренуге тура келді. Өйткені, мұндағы құжаттардың барлығы кириллицадағы әріптер арқылы толтырылады. Басында, әрине, қиналдық. Сол үшін арнайы курстарға бардық. Қазір ептеп кириллицаны үйреніп қалдық. Жасыратыны жоқ, бірақ, Қазақстанның тарихына қатысты жазылған кітаптарды, оқулықтарды кириллицамен оқу біз үшін қиындық туғызып отыр. Сондықтан, өз басым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың латын әліпбиіне көшу туралы бастамасын қолдаймын. Қазақстан инвесторларға жайлы орта қалыптастырғысы келеді. Осы орайда шеттен келген инвесторлардың басым бөлігі латын әліпбиін, ағылшын тілін меңгергенін ескерсек, мұндай қадам сіздер үшін тиімді болары анық.

Сөйтіп, өзге ұлт өкілдерінің пайымдауынша, латын әліпбиіне көшу қолайлы орта қалыптастыруға да негіз бола алады.

Бодан болған тілді бұғаттан босату

Мамандар латын әліпбиіне көшудің аса қиын еместігін де баса айтып отыр. Әрине, бұл арада асығыстыққа жол берілмеуі керек. Елбасының өзі бұл ретте «Қазақ әліпбиі қазақ үшін жаңаруы керек. Латын әліпбиіне көшуде ешкімнің құқы бұзылмауы тиіс. Асығыстық болмау абзал» деген болатын. Бұл ретте тарих ғылымының докторы, Бауыржан Манбетов латын әліпбиіне көшу 77 жыл бодан болған қазақ тілін азат ету екенін алға тартып отыр.

Бауыржан Манбетов, тарихшы-ғалым:

— Негізінде, латын әліпбиіне көшу соншалықты қиын емес. Неге десеңіздер, 1940 жылы Кеңес империясы бізге кириллицаны бір-ақ күнде күшпен енгізе салды. Ал, біздің Елбасымыз бұл арада көрегендік танытып отыр. Мемлекет басшысы «латын әліпбиіне көшу 2025 жылға дейін жүзеге асырылады» деді. Елбасы уақыт беріп отыр. Сондықтан, біз үшін осы уақытты тиімді пайдаланған жөн. «Ол аралықта латын әліпбиін балаларымызға қосымша оқытып, санасына енгізе беру керек» деп есептеймін. Латын әліпбиіне өту ол Кеңес империясының боданында 77 жыл болған қазақ тілін құрсаудан босату. Сондықтан, осыған мән беру керек. Қолдау керек. Бұл рухани жаңғырудың негізгі бастамасы.

Тарихшы-ғалымның айтып отырғанындай, жаңа әліпбиге көшу үшін кері пікірлер де айтылып қалуы мүмкін. Тіпті, кейбір бұқараға латын әліпбиінің жаңа нұсқасы ұнамай жатуы да мүмкін. «Қоғам болған соң пікір екіге жарылады. Бірақ, сол қарсы тарап уақыт өте келе бұл шешімнің дұрыс болғанын мойындайтын болады», – дейді Бауыржан Манбетов.

Осылайша, біз тілдескен мамандардың байыптап отырғанындай, латын әліпбиі өркениет жазуы болып саналып отыр. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, латын қарпі ғылымның, технологияның, өркениеттің тілін ұғудағы қатынас құралы болып отыр. Қазірде өркениеттіліктің бәсекесінде озық шыққысы келетін елдердің дені, алдымен, руханиятын дұрыстап жатыр. Ал, оның негізгі өзегі қатынас құралы тілде екенін ескерсек, біз үшін Елбасы саясатын қолдаудың маңыздылығын түсінеміз.

Бөлісу: