Түркітанудағы аударма ісінің өзекті мәселелері талқыланды

10 Қараша 2016, 05:24

Түркі әлемі аударма ісінде маңызы зор екі ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтті.

Бүгін Астанада Түркі Академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) «Eurasian Book Fair – 2016» кітап көрмесі аясында «Түркітанудағы аударма ісінің өзекті мәселелері» атты халықаралық ашық семинар өткізді.

Академия басшысы Дархан Қыдырәлінің жүргізуімен өткен алқалы жиынға Әзірбайжанның Қазақстандағы елшісі Р. Маммадов, Венгрияның Қазақстандағы елшісі А. Барани, Қырғыз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің бірінші хатшысы Ч. Аджиматова, Моңғолияның Қазақстандағы елшісінің кеңесшісі Б. Лхагва сынды дипломаттар, Түрік кеңесі бас хатшысының орынбасары А. Сапарбекұлы, Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының бас хатшысы Ж. Асанов, сондай-ақ түркі халықтарының ежелгі әдебиетін қазіргі тілімізге аударған белгілі түркологтар, кәсіби аудармашылар, зерттеуші ғалымдар қатысты.

Семинардың алғашқы бөлігінде сөз алған Түркі Академиясы халықаралық ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі ғылым, білім мен мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыру жайына тоқталып өтті.

«Еуразия кеңістігіндегі халықтардың түрлі себептермен жақындай түскенін білесіздер. Тәуелсіздік алғалы көп кітаптарымыз, еңбектеріміз өзге тілдерге аударыла бастады. Халықаралық Түрік академиясы құрылған күннен бастап, белгілі ғалымдарды жүйелі түрде аударып келеді. Мысалы, түркімен тілінен Мақтымқұлының еңбектері, мажар халқының ертегілері, әзебайжан тілінен Түркі мемлекеттерінің одағы туралы шығармалар, қырғыз тілінен «Манас» жыры қазақ тіліне аударылды. Түркі халықтарының ортақ құндылықтары жайлы бірнеше кітаптар жарық көрді» дейді Д. Қыдырәлі.

Семинар барысында Түркі әлемі аударма ісінде маңызы зор көне түркі сөздігі мен «Атлас древнетюркских письменных памятников республики Алтай» атты ғылыми басылымның тұсаукесер рәсімі өтті.

Алғаш 1969 жылы Ленинградта шыққан «Древнетюркский словарь» жинағының  қайта басылып шығуы зерттеуші ғалымдар үшін ғылыми-танымдық тұрғыдан маңызды саналады. Одан бөлек С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ж. Сәммитұлы, Р. Отарбаев, Т. Әбдік, Б. Нұржекеев, Т. Медетбек, М. Байғұт сынды қазақстандық бір топ ақын-жазушылардың түрік тіліне аударылған кітаптары көпшілік назарына ұсынылды.

Қазақтың бас ақыны Абай, М. Мақатаев өлеңдерін түрік тілінде сөйлетіп жүрген көркем сөз шебері Зафер Кибар түрік әлемі ақын-жазушыларын 10 жылдан бері насихаттап келеді. Оның айтуынша, аудармада түпнұсқадағы шығарма мәйегі мен дәмін сақтай отырып, оқушыға қаз қалпында жеткізу керек. Сонымен бірге салалық аударма ісі терең білімді қажет етеді дейді.

«Қазақстанның астанасында баспа ісі, кітап саудасы мен ғылым-білім компанияларының басын біріктірген келелі жиын өтіп жатыр. Аударма ісі өте маңызды. Түрік халықтарында «мәдениет аудармамен басталады» деген сөз бар. Аударма ісі соңғы жылдары дамып келеді. Аудармашылар практика барысында кездесетін әртүрлі мәселелерді жан-жақты дұрыс шешуі қажет. Аударма теориясы процесіне жетекшілік ету барысында үздіксіз жетіліп, кемелденіп, дамып отырады» дейді аудармашы.

Астаналықтар Түркі академиясының кітапхана қорындағы құнды еңбектермен TWESCO павильонынан таныса алады. «Көрме» орталығында өтіп жатқан Еуразиялық халықаралық «Eurasian Book Fair – 2016» кітап көрмесі 12 қарашаға дейін жалғасады. Шара Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі аясында өтіп жатыр. Мәдени-ағартушылық маңызы зор шараның өту мақсаты – ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы және полиграфия компанияларын бір алаңға біріктіру.


Ая ӨМІРТАЙ

Бөлісу: