Түркістан облысында 20-22 шілде аралығында күн райы 47 градусқа дейін көтерілуі мүмкін, – деп хабарлайды El.kz порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, бүгінде Түркістан облысының басым бөлігінде ауа райы 40-43 градусты көрсетіп тұр. Ал, облыс орталығы Түркістан қаласында - 42 градус. Сондай-ақ, ауа райын болжаушы мамандар шілденің 20-22 күндері аралығында аптап ыстық болатынын айтуда.
– Ираннан келіп жатқан аптап ыстық. 20-22 шілде аралығында облыстың басым бөлігінде 40-43 градус болуы мүмкін. Отырар, Арыс, Түркістан қаласында 45-ке дейін көтеріледі деп күтілуде. Тіпті, кей жерлерде 47-ге дейін жоғарылауы ықтимал. Шымкент қаласында да 40-43 градусқа дейін ыстық болады. Бұл ыстық жұма күні кешке дейін сақталады. Әзірге жауын-шашын жоқ, – дейді «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының метерология және болжау бөлімінің басшысы Асия Қыдырбаева.