Түркістан облысындағы киелі орындар (І бөлім)

11 Қазан 2021, 15:50 8611

Жуас баб және Жүсіп-Юша пайғамбар әулие туралы

Түркістан облысында киелі орындар көптеп кездеседі. Оларға ниеттеніп келушілердің саны азайған емес. Өз дертіне дауа іздеуші халық, киелі орындарға ағылып жатады. El.kz порталы сол қасиетті жерлер туралы мәлімет беруді жөн санады.

   Жуас баб әулие кесенесі

Қайнарбұлақ ауыл әкімшілігіне қарасты Құрлық ауылының қорымында Жуас баб әулие жатыр. Жуас баб ата әулиенің басына салынған сағанасы қорымның батыс бөлігінде орналасқан. Сағананың есігі ауылға, батысқа қараған. Сағана салынған орын басқа орындарға қарағанда 1,5-2 метрдей биіктеу. Биіктеу төбенің алдынан 18-20 метрдей жерде бір топ қара ағаш пен алма ағаштары өскен. Шығысы, оңтүстігі мен солтүстігінде ескі қорым жайлары бар. 8x6 метрлік сағананың сол бұрышында бір түп қара ағаш, оң қапталында бір түп жүзімдік бар. Іші екі бөлмелі. 1,5 х 1,5 метрлік кіреберіс бөлме аяқ шешер орын болса, екіншісі 5х5 метрлік Жуас бабтың денесі жаткан үлкен бөлме. Бөлменің ішкі қабырғасының биіктігі 3 метрдей, одан арғы бөлігі күмбезделіп келеді. Солтүстік, шығыс және оңтүстік қабырғаларында 0,60 x 0,40 см екі-екіден алты терезесі бар. Есігінің төбесі күмбезделген. Бөлме еденіне цемент құйылған. Жуас баб атаның денесі жатқан орта тұс 2,5 х 1,5 х 0,80 метрдей биіктетіле көтерілген. Сағана ішінде екі тас бар, бірі – бүтін, екіншісі – сынған. Жуас баб кесенесінен 100-120 метрдей солтүстік-батысынан 28 х 14 метрлік намазхана салынып, 2010 жылы пайдалануға берілді. Ел жиылып үлкен ас берді. Намазхана құрылысына ұста Расилов Төлеген Маратұлы басшылық етсе, оның шығынына Тойдан ақсақалдың жиені Қанат демеуші болған. Тарихи деректерге сүйенсек, Хижраның 150 жылы (771 жылы) Әзіреті Әлінің шөпшегі Ысқақ баб, немере інісі Әбдірахым бабтар 100 мыңнан астам әскермен келіп, Қашқарды, Сайрамды алады. Олармен бірге бес сахаба келген. Олар: Абдул Әзіз баб, Қажы имам Бадриддин Абу Бакр Каффал, Жанарлық баб (Қожа Самад), Хасан Уасли, Жуас баб. Жуас баб еріктілерден құралған жүз мыңдықты басқарып келеді. Сол кезде Ысқақ баб аса білімдар, ғұлама, әділетті Жуас бабқа Шаштан (Ташкент) Таразға дейінгі жерде бас қазының қызметін атқаруды тапсырған екен. Құрлық ауылының имамы, Жуас баб әулиенің шырақшысы Шипеков Молдағали мен ауыл биі Қожамбердиев Қуандық ақсақалдардың әңгімелеріне қарағанда, Жуас баб бұл кісінің мінезі мен қасиетіне байланысты қойған аты екен. Шын атын ел ұмытқан. Ұзын, денелі, иманжүзді кісі болыпты. Түйеге мінгенде аяғы салбырап, жерге тиіп жүреді екен.1966-67 жылдары Жуас бабқа Сатыбалды деген қария шырақшы болады. Сонда қой бағып жүріп, ескі қорымға Жуас баб қасына ешкі кіріп кетеді. Әйелі Жұлдызайды жұмсайды, барса Жуас бабтың жатқан жеріндегі ордан жалы бар жыланның ысқырып жатқанын көріпті. Жуас бабты жерлеп болған соң, «аса таяғын қайтеміз?» дейді жолдастары. Содан оны жерлеген жердің маңына шаншып кетіпті. Сол асатаяқтан мына тоғай пайда болған. Оны бір орыс кескенде ағаштан қан шығады, бір ай ауырып, қайтыс болады, – дейді шырақшы қария. Қызылсу (қазіргі Құрлық) ауылының тұрғындары ежелден пір тұтатын Жуас баб әулие туралы ұрпаққа ғибраты мол аңыз-әпсаналар өте көп. Ол өз заманында халықты имандылыққа ұйытып, жергілікті халықтарды шынайы шындыққа тәрбиелеген. Бала оқытып, сауаттарын ашкан. Өмірден озғанға дейін Ислам дінін уағыздаушылардың бірі болған. Жуас баб сонымен бірге емшілігімен де кеңінен танылған. Ол алдына шипа іздеп келгендерді емдеп отырған. Жуас баб әулиеге көбіне құрсақ көтермей жүрген әйелдер келіп, бала көтереді екен. Жолы болмай жүргендердің де жолын ашады. Ол қасиетті де киелі кісі болумен қатар, батыр болған деген де әңгіме айтылады. Жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезінде талай ерлік көрсетіпті. Бүгінде киелі рухқа айналған Жуас баб әулиенің басына келіп зиярат етушілердің қона жатуына, демалуына жақсы жағдай жасалған. Жуас баб әулиенің жаңартылып тұрғызылған кесенесі Қызылсу ауылының күншығыс жағында, ауылдан шеткерірек беткейінде орналасқан. Құрлық ауылының имамы, Жуас баб әулиенің шырақшысы Шилеков Молдағали мен ауыл биі Қожамбердиев Қуандық ақсақалдар ауыл тарихы туралы құнды деректер айта отырып, осы өңір тарихы жайлы баспа бетінде жарияланған және әлі жариялана қоймаған бірнеше қолжазбалар бар.

Құрлық қаласы мен Жуас баб әулие туралы

Осыдан мың жыл бұрын жер бетінде Құрлық деген қала болған деседі. Құрлық қаласы хақында Абу Ысқақ ибн Мұхаммед әл-Фариси әл-Истахридің «Кітапнамалық әл-Мамалық» («Мемлекеттерге барар жол кітабы»), Максиди әл-Мухтаххар ибн Тахирдің «Китаб әл-бәд-ват-тарих» («Дүниенің басталуы мен тарихы кітабы»), Мухаддаси Шамс әд дин Әбу Әбдаллах Мұхаммед ибн Ахмед ибн Әбу Бакр әл-Баннаның «Ақсаң ат тақасим фи марифат әл-ақасим» («Климатты білудің тиімді жолдары») еңбектерінен кездестіреміз. Араб ғалымдарының кейбірі Испиджабпен іргелес қалалар шоғыры ішінен Құрлықты («Хурлуг, хулуг, хулу») бірінші айтады. XII-XIII ғасырда жер бетінен өшірілген Құрлықты қайсыбір ғалымдар Шымкенттің көне аты десе, басқа біреулері «Фосфор зауыты маңында болса керек» деп болжайды. Жас бабтың жыланы туралы қызықты әңгіме айтқан ауыл ақсақалдары мен Жыланарық арығының көрінісі ізім-қайым жоғалған қала тамтығы 1990 жылы «Алматы-Термез» жол құрылысын Сайрам ауданының сол кездегі «Қайнар бұлақ» кеңшарына қарасты «Октябрьдің 40 жылдығы» бөлімшесі үстінен өткізгенде табылды. Сонау бір заманда құмырсқаның иелеуіндей құжынаған базары қыз-қыз қайнап, бау мен бақшасы гүл-гүл жайнап, бөденесі мен бұлбұлы сайрап, Ұлы Жібек жолы бойымен өткен-кеткен керуендерді ұдайы қуана, құшақ жая қарсы алып, қимай, қиыла шығарып салып тұратын әсем қаланың орны VIII ғасырдан соң табылуы әжептеуір-ақ жаңалық туғызуы керек еді. Алайда, басынан бағы қашқан кеңестік саясат күйреген шақта бұл жаңалық ешкімді де елең еткізбеді. Бірде-бір басылым жазбады. Ғылыми кітаптарда (Араб зерттеулерінен басқа), оқулықтарда, жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов пен академик Карл Байпаков еңбектерінде бұл қала Қарлұқ деп аталады. Тарихи деректерге қарағанда Қарлұқ қағандығы 766 жылы құрылған. Оған шығыста Жоңғар Алатауынен, батысы Сырдарияға дейін, солтүстікте Балқаш көлінен, оңтүстігі Ыстықкөлге дейінгі жерлер қарады. Бұрын Жетісу жерін мекендеген Түрік тайпалары осы Қарлұқ қағанының қол астына кірді. Парсы тілінде «Хадуд әл-ғалам» деген жағрафия кітабында «Қарлұқ мемлекетінің бір шеті мен екінші шетінің арасы отыз күндік жол. Бұл аралықтағы бір тілді, көшпелі мен отырықшы аралас, мал өсірумен бірге егіншілікпен айналысатын халықтар зор мемлекет құрған» деп жазады. Қолөнер, сауда-саттық, ақша айналымы кең құлаш жая дамып, әсіресе мәдениеті көркейіп, гүлдене түскен өркениетті Қарлұқ мемлекеті VIII ғасырдың аяғы мен IX ғасырдың басында орасан күшейді. «Худул эл-ғалам» дерегі бойынша Қарлықтар елінде 25 қала мен қыстақ болған: Тараз, Құлан, Мерке, Аталалих, Тұзын, Қойлык, Жұл, Екі өгіз тағы да басқа Испиджабпен іргелес Бұлақтөбал (Бұлаккөп қазіргі Қызылтау ауылында), Манкент, Жумишлак (Комешбұлак) Құрлық қалалары бар еді. Қарлұқ қағандығы Ислам дінін қабылдады. Нәтижесінде ежелгі түрік, соғды жазуын ығыстырып, араб әліпби негізінде жаңа түркі жазуы қалыптасты. Қалаларда мешіт, медреселер салынды. Орта Азиядағы түркі тілдес халықтардан шыққан ғалымдар мен әдебиетшілердің көпшілігі шығармаларын араб тілінде жазды. 940 жылы Шығыс Түркістаннан Жағыма тайпалары баса-көктеп кіріп, Қарлұқтардың астанасы Баласағұнды тартып алады. Жағыма мен Шығыл тайпаларының біріккен одағы Қарлұқ қағандығының жерін жаулайды. Ыдыраған Қарлұқ қағандығы жаңадан құрылған Қарахандықтар мемлекетінің құрамына енді. 714 жылы Кутейба ибн Мүслим әскерлерінің Шашты (Ташкент), Испиджабты (Сайрамды) жаулап алуынан бастап арабтармен, ал 747 жылдан қытайлармен бұл өлкеде дүркін-дүркін қиян-кескі соғыстар өтіп тұрған. Тамтығы табылған қала Қарлұқ қағанаты кезінде гүлденгені анық. Ал оның аты араб жазба деректеріндегідей Хурлуғ па, ХХ ғасырдың оқымыстылары жазғандай Қарлұқ па, ол жағы әзірше беймәлім. Қағанаты құлағаннан кейін қарлұқтардың аздаған бөлігі Жетісудың солтүстігіне ығысып, қоялық (Қойлық) қаласын орталық етіп, шағын хандық құрған. «Хұр» — араб тілінде «бостандық», «азат» деген мағына береді. «Құлшылықты көрмеген Хұрлық қадірін біле ме?» дейді өзбек мәтелі. Біздіңше «құр» сөзі «бос» сөзінің синонимі («Құрқол келдім»). Әлде әлгіндегідей басқыншылардан азаттық алған қала Хурлуғ аталып па екен? Сол 1990 жылы Құрлықтың тамтығын зерттеген археолог Александр Грищенко қаржы тапшылығынан қазба жұмысы тиіп-кашып, аз-ақ күн жүргізілгенін, соның өзінде тарихи кітаптарда жазылған кала ішіндегі бұлақты, рабат пен цитадельді, зороостр (б.з.д. VII-VI ғасырларда Иран территориясында туған) дініне табынатын киелі отты жағатын ошақты тапқанын айтты. Археологтың пайымдауынша, қала жерасты кәріздері арқылы мол сумен қамтамасыз етіп отырған. Су көзі қаладан он-он бес шақырымдай казіргі Қарасу немесе Қызылту елді мекендерінде орналасқан. Грищенко Құрлықтың қалашықтардан тұратын үш бөлігін, теріскейіндегі төбе боп тұрған қамал орнын көрсетеді. Марғұлан атындағы археология институтының директоры, тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҒА академигі, «Көне Жібек жолы бойындағы орта ғасырлық қалалар» атты кітаптың авторы Карл Молдахметұлы Байпаковты әңгімеге тартқанымызда, қала Құрлықтың дәл өзі екендігін айтты. Араб географтары «Құрлық Сайрамның батысына қарай 4 фарсахта» (фарсах 624 метр) деп жазып кеткен екен. Құрлық қаласынан екі шақырымдай төмендеу, теріскейінде Жуас баб әулиесі тұр. Бір кездері маңдайшасында арабша жазуы бар тақтайша болушы еді. Жоғалып кетіпті. Бұл кісі хақында ауызша деректер жоқ. Сайрам мұражайының меңгерушісі М. Мірхалдаров тапқан шежіреден мынаны анықтадық: Хижраның 150 жылы (771) Әзіреті Әлінің шөпшегі Ысқақ баб, інісі Әбдіжәлел баб, немере інісі Әбдірахым баб 100 мыңнан астам әскермен келіп, Қашқарды, Сайрамды алады. Олармен бірге бес табын-табьилер (Miрхалдаров түсіндіруінше Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың көзін көргендерді көргендер) келген. Олар: Абдул Әзіз баб, Жанарлық баб (Қожа Самад), Қажы имам Бадриддин Абу Бакр Каффал, Хасан Уасли, Жуас баб. Сол кезде қазіргі Қазақстанның оңтүстік өңірінде Фараб уәлаяты, Кенжи уәлаяты, Испиджаб уәлаяты болған. Аса білімдар ғұлама Жуас баб Испиджаб (Шаш пен Тараз арасы) уәлаятының бас Қазиы қызметін атқарған. Әдетте ғұламалар аса кішіпейіл, тым қарапайым келеді. Біздің топшылауымызша әулиенің Жуас аты ел қойған лақабы болса керек. Мәселен, Ақ ата баб әулиенің шын аты – Ходжа Хамид Байзауи. Жуас бабтың шын есімін, еңбектерін қарастыру керек.

 Туған өлкесінің тарихы

(Ерсін Қойбағарұлының қолжазбасынан)

Қарабұлақ пен Шымкент бағыты жолында Сиқым ауылы бар. Ол Қайтпастан онша алыста емес, жолдың бойында орналасқан. Өте ертеден халық бұл жерге тығыз мекендеген екен. Оған дәлел – ауылдың шығыс жағындағы жермен жексен болған қала қалдықтары. Бұл ауылға 1944 жылы жер ауып келген түріктер көп қоныстанған. Ел арасындағы әңгімеге қарағанда, олардың арасында Ахмет деген кісі болған екен. Қайда барса да, беліне қыстырған балтасын тастамайтын болыпты. Бірде осы жолмен Қарабұлаққа бара жатқанда жолда көмілген құмыраның шетін байқайды. Беліне кыстырған балтасын алып, құмыраның шетін қаза бастайды. Құмыраны шығарып көрсе іші тола ақша екен. 1946 жылы ашаршылықта ол күміс ақшаларды Қарабұлақта 15 келі жүгері ұны мен 5 келі тарыға айырбастайды. Ол ескі қаланың орны екен. Осы ескі қаладан 300 метрдей жерде ескі мола бар. Сол молада Жуас баб әулиенің кесенесі мен қабірі бар. Жуас баб дінді уағыздаумен қатар халықты отырықшылыққа үйреткен адамдардың бірі екен. Оны дәлелдейтін белгінің бірі – Жуас баб арығының орны күні бүгінге дейін сақталған және халық ол арықты баб атаның атымен атайды. Ауызекі деректерде ол солтүстік-шығыстағы Ақсу өзенінен бастап арық қаздырып, су шығарған адам. Ол кісінің денесі екі бөлмелі топырақ үйде жерленген. Жылдар өткен сайын ол үй жаңарып отырған. 1991 жылы ескі үйді бұзып, жаңа үй соғу үшін шырақшысы Молдағали Көлібай ақсақалға ескі топырақ үйді бұздыртыпты. Игі бастаманы ауыл тұрғыны Сəбден ақсақалдың немере баласы Ахметов Бақыт қолдап, өз қаржысына кесене салуды міндетіне алады. Керекті заттарды алып береді. Үйдің орнын өлшеп «б хб метр болсын» дейді, кейбіреулер «5 х 5 метр болсын» деген пікірде болады. 1991-1998 жылға дейін түрлі себептермен құрылыс тоқтап, 1998 жылы ауыл тұрғыны Ақтаев Қасымның баласы Нұржан құрылысты аяқтауды міндетіне алады. Содан шырақшысы Молдағали кесенені жаңарту туралы ұсыныс айтып, Сәбден немересі Бақыт кесене құрылысын бастайды. Ал, құрылыс жобасын Қасым баласы Нұржан аяқтайды. Бүгінде алыстан көз тартып, «Мен мұндалаған» Жуас бабтың басына келіп, құран оқитындар саны күннен күнге көбеюде. Олардың ішінде ниет етіп түнейтіндері де аз емес. Көбі алыстан келіп, ауруларына шипа тілейді. Қарабұлақ пен Шымкенттің арасын қосып тұрған түзу жолмен соңғы жылдарға дейін ат арба, өгіз арба немесе атпен, есекпен, тіпті жаяу да қатынап отырған. Қарабұлақ елді мекенінен бастап Шымкентке дейінгі жолдың екі шетін жағалай халықтар тығыз қоныстанғанын дәлелдейтін ескі тұрғын жайлардың қалдықтары, көпір, үңгірлер мен зират орындары көп ұшырасады. Мәселен, Қарабұлақтан бастап Шымкентке жеткенше жолдың екі жағында он шақты көне мазарат орындары бар. Соның бірі – Сиқым ауылының күншығыс жағынан өтетін жол бойында орналасқан. 1944-1964 жылдары бұл ауыл Сталин атындағы колхоз деп аталатын. Қайтпас елді мекенінің тұрғыны тоқсандағы Мұфтәлі ақсақал өзі куә болған мына бір оқиғаны есіне алады;

– 1949 жылы көршіміз Шымкентбай ақсақал қайтыс болды, - деп бастайды әңгімесін қария, – Жерлеу үшін ауыл адамдары ескі қорымның дәл ортасынан жер белгілеп, 16-17 жас аралығындағы Нұрым, Сейілхан, Піріні қасыма алып қабiр қазуға кірістік. Жасым жиырмадағы кезім. Бір метрден аса қазған соң, күйген қышқа кездестік. Әрі қарай қазу мүмкін емес. Күйген қыш мұқият төселген, аражігі де білінер-білінбес. Біреуін шығарып көрейін деп қаттырақ ұрғанда қыш қуысқа түсіп кетті. Артынша екіншісі түсті. Бұрын мұндайға кездеспегендіктен, бойымызда қорқыныш пайда болды. Әрі-бері дегенше үш-төрт қыш түсті, үңгір пайда болды. Ауылға хабар бердік. Ауыл молдасы Ережеп шал жане Дәулетбақ Шопанбай, Әбек, Еркінбек, Қыстаубай, Бәймен, Тілес сияқты бір Топ ақсақалдар келді. Күн де еңкейіп қалған. Басқа жерден қазуға уақыт та тар. Сондықтан, тесіктен еңкейіп ішке қараған қариялар «Осында жерлейміз. Марқұмға осы арадан топырақ бұйырған шығар», – деді. Бірақ, тесіктен қараңғы үңгірге түсуге ешкімнің жүрегі дауламады. Оны байқаған Ережеп молда: «Әй, жігіттер ішке біреуің түсіп көріңдер», – деді. Жиналғандарда үн жоқ. Тым-тырыс. «Мен түсейін. Неміс оғынан қорықпадым, осыдан өле қоймаспын» - деп, әскерден жаңа келген палуан денелі Нышанбай үңгірге үңілді. Үңгір іші қараңғы. Тереңдігін білу үшін күректі салдық. Күрек жетпеді. Арқан алдырып ұшына тас байлап едік, тереңдігі 4 метрге шамалас екен, Қариялар Нышанбайдың беліне жіп байлап тесіктен түсірді. «Әй, жігіттер, үңгір іші қараңғы, еш нәрсе көрінбейді, шырақ табыңдар. Ауасы да тар екен», - деді Нышанбай. Тезекке керосин құйып, тұтатқан соң үңгірге түсірдік. Үңгірдің биіктігі - 4 метр, ені де - 4 метр, ал ұзындығы 6 метрлік үй екен. Қабырғасы күйдірілген қызғылт қышпен өріліп, төбесі күмбез тәріздендіріліп қышпен жабылған. Қабырғасы әктелген екен. Еденде құбылаға қаратып 9 адамның сүйектері қатарынан қойылған (мұсылман). Оттың жарығынан үйдің күнбатыс жағынан шығар есіктің орны байқалды. Демек, адамдарды есіктен кіргізіп, есік сырты жермен бірдей тегістеліпті. Шымкентбай ақсақалдың денесі тесіктен арқан көмегімен төмен түсіріліп, тоғыз адамның қатарына қойылады. Нышанбайды арқан көмегімен шығарып алдық.

 Жүсіп-Юша пайғамбар әулие

Жүсіп-Юша пайғамбар әулиенің басына қойылған белгісі Ақбұлақ ауыл әкімшілігіне қарасты Өтеміс ауылының оңтүстік-батысындағы «Ақ ата мазарынан» 700-800 метрдей оңтүстік-батыста орналасқан. Диаметрі 40-45 метрлік алқап қоршалып, батысына ақ матадан ту тігілген. Қоршаудың күншығысында егістікке тартылған бетон арық бар. Арықтың батыс бөлігіндегі тегістіктігіне айналдыра терек, қара тал, өрік пен жаңғақ ағашы отырғызылған. Қоршалған шарбақтың батысында да өрік пен жаңғақ сияқты жеміс ағаштары бар. Жеміс ағашының оңтүстігі мен батысында шығыстан батысқа созыла өскен қалың қара ағаш бар. Қоршаудың батысы мен шығысында да жалғыз түп долана ағашы бар. Қоршаудың дәл ортасында шығыстан батысқа созылып жатқан биіктігі 0,80-0,85 см ұзын төбешік бар, ұзындығы 17-18 метр. Төбешіктен 5-5,5 метр оңтүстік, шығыс және батысында топырақ үйінділері бар, олар - айнала қоршалған қабырға қалдықтары. Қабырға қалдықтарының ұзындығы - 30-32, ені - 20-21 метр. Осы қабырға қалдықтарының ортасына қойылған ққабірді жергілікті халық «Жүсіп-Юша пайғамбар қабірі» деп, осы жайды әулиелі мекенге балайды. Қабір үстіне үйілген топырақ ұзындығы 25 метрге жуық. Басына қоңыр түсті мәрмәр тас қойылған. Мәрмәр тас астына 1,5 х 1,0 метрлік іргетасы цементтен құйылған. Оның үстіне 0,80 х 0,45, биіктігі 0,35-0,37 см мәрмәр, оның үстіне биіктігі - 1,25 см, астының ені - 0,55 см, үстінің ені - 0,40 см қоңырқай жалпақ мәрмәр қойылған. Қалыңдығы: асты - 27-28 см, үсті - 20 см. Осы мәрмәрға:

«Жүсіп-Юша пайғамбарға

Бисмилла деп көтереміз пайғамбар басын,

Жарқырасын мәңгілікке асыл тасың.

Кейінгі ұрпақтарға үлгі болып

Өшпейтұғын артыңыздан ізің қалсын.

Халық емшісі: Ермек Мырзагелдіұлы мен шәкірттерінен. Алматы қаласы 9 қыркүйек 2004.» деп жазылған. Қабірінің оңтүстігінде бір түп қызыл алша бар. Төлебилік қарияның куәлігіне сүйенсек, 30-жылдарда қаладан келген бес-алты кісілер осы қабірді аштырып, екі метрден астам келетін адамның сүйегін ақ матаға орап, орталыққа алып кетіпті. Сонда да болса халық осы орынды киелі санап, «Юша пайғамбар» деп ықылас қояды. Қасиетті Құранда Юша пайғамбар туралы мынадай дерек бар: «… Хазіреті Мұса (а.с) пайғамбар өз заманында өзінен білімі асқан Алланың пендесі барлығын уаһи (арнайы хабар) арқылы естіп, онымен кездесу үшін екі өзеннің қосылған тұсындағы қалаға бойы ұзын, ірі денелі жігіт Юша пайғамбармен бірге барады. Екеуі Хазіреті Хызр (Қызыр а.с.)-нан бірнеше күн сабақ алады…». Осы мәліметті тарихи деректермен салыстыра отырып, екі өзеннің коспасын Сайрам қаласы деп, Хазіреті Хызр (Қызыр а.с.)-ды осы Сайрам қаласында өмір сүргізетін әпсаналар бар. Осыдан Хазіреті Хызр (Қызыр а.с.)-ды қадір тұтқан ЮЮша пайғамбар одан сабақ алғаннан соң, осы арада тұрақтап қалмады ма екен деген ой келеді. Өйткені аңыз түбінде ақиқат жатады, ақиқатты дәлелдеп, айғақтайтын заттай дерек болса, ол дерек сан ғасырлардан бері халық жадынан ұмытылмай сақталып келе жаткан «Жүсіп-Юша пайғамбардың қабірі». Жалпы сөз етіп отырған Юша бин Нун пайғамбар (а.с.)-ның есімі көбіне Мұса пайғамбар (а.с.)-ның атымен қатар айтылады. Сондықтан оның өмір сүрген кезі мен қызметі туралы білу үшін Мұса пайғамбар (а.с.)-ға қатысты әңгіме-әпсаналар астарынан іздеген жөн сияқты. Өйткені, Юша бин Нун пайғамбар (а.с.) Мұса пайғамбар (а.с.) үмметінің ең таңдаулыларының, әрі қасынан тастамайтын ең сенімді серіктерінің бірі, жас жағынан өзімен шамалас та болған. Яһуди дінінің негізін уағыздаған адам - Мұса (а.с.) шамамен б.д.д. 1705 жылы Мысырда Мемфис қаласында дүниеге келеді. Перғауын түсінде со жылы туылатын ер баланың өзін өлтіретінін көріп, сол жылы туылған ұлдарды өлтіруге бұйрық береді. Мұсаның анасы мұны есітіп баласын сандыққа салып, Ніл өзеніне тастайды, оны Аллаһ Тағалаға аманат етеді. Бұл сандықты перғауынның әйелі тауып алады. Перғауын да баланы көреді. Бірақ, сандықты көрген кездегі әйелінің «Сандықта мал болса сенікі, жан болса менікі» деген тілегін қабылдап, балаға еш нәрсе істей алмайды. Содан балаға «Мұса» деп ат қояды. Мұса сөзі «судан құтқарылған» деген мағынаны береді. Христиандар «Моше» және «Моис» (Моисей) дейді. Қырық жасқа келгенде Мұса туыстарына келіп, өзінен үш жас үлкен Харун пайғамбармен кездеседі, ибранилерге қарсы жасалған зұлымдықтармен күреседі. Мадиан қаласына барып, сол жерде Шұғайып пайғамбарға он жыл қызмет жасайды. Он жылдан кейін қайтадан Мысырға қайтып, жолда Тур тауында Аллаһ Тағаланың сөзін есітеді, оған пайғамбарлық беріледі. Осыдан соң Мысырдағы перғауынға барып, оны дінге шақырады. Қатты қарсылықтан соң, Мұса (а.с.) мен Бәни Исраил Мысырдан кетуге мәжбүр болады. Құдысқа бара жатқанда перғауындар әскерімен соңынан қуады. Суейш шығанағына келгенде теңіз екіге жарылып, муминдер арғы бетке өтіп кетеді. Перғауын әскерімен өтіп бара жатқанда теңіз қайта жабылып, бәрі суға батады. Мұса (а.с.) осы ұлы көш кезінде Тур тауында Аллаһ Тағалаға жалбарынып, қырық күн және қырық түн ораза тұтады. Мұса (а.c) пайғамбарға өз заманында өзінен білімі асқан Алланың пендесі барлығы туралы уаһи (арнайы хабар) осы кезде келеді. Бұл кезде Мұса (а.с) пайғамбардың алпысқа таяп қалған кезі, Қызыр (а.с.)- мен осы кезде жолығады Сөз болып отырған Юша (а.с.)-ның тегі туралы діни кітаптарда мына төмендегідей дерек сақталынған: «Ибраһим пайғамбардың (а.с.) баласы Ысқақтың (а.с.) нәсілінен тараған Исрайыл ұрпағына Мұса пайғамбардың (а.с.) «бауырларыңыз» деп айтуы Ысқақ пайғамбардың бауыры Исмайылдың (а.с.) ұрпағына ишарат. Исмайылдың ұрпағынан шыққан пайғамбар - тек Мұхаммед (с.ғ.а.) ғана. Өйткені, Исмайыл ұрпағынан тек Пайғамбарымызға ғана «пайғамбарлық» берілген. Юша (а.с.) мен Иса (а.с.) – екеуі Исмайылдың (а.с.) емес, Исрайылдың ұрпағынан шыққан». Демек, Юша пайғамбар (а.с.) тарихи тұлға. Оның Хазіреті Хызр (Қызыр а.с.)-мен кездескені ақиқат. Олар Исрайыл ұрпақтарынан келген. Бірақ, сөз етіп отырған қабір орны Юша пайғамбар (а.с.)-ның шын мәніндегі қабірі ме, әлде қадамжайы ма ол туралы нақты дерек жоқ. Сондай-ақ оның атына қосарлана айтылатын «Жүсіп» атауы туралы жергілікті қариялар «Бала күнімізден құлағымызға құйылғаны Юша атауы ғана, оған қосарлана айтылатын Жүсіп сөзін есітпегенбіз. Ол атау соңғы жылдары пайда болды» дейді. Соған қарағанда ол атауды басына белгі тас қойған халық емшісі Ермек Мырзагелдіұлы мен шәкірттерінің жаздырғаны болар деген ойдамыз. Мұса мен Юша пайғамбарлардың Қызыр атаны іздеуі Хазіреті Мұса (а.с.) Перғауын мен оның әскерлері Қызыл теңізде Исрайыл ұлдары қауымының көз алдында жойылып кеткен соң қауымын жинап, оларға уағыз айтады. Қауымы Хазіреті Мұса (а.с.)-ның ілім мен мағрифаттағы тереңдігіне қайран қалды, тәнті болды. Араларынан біреуі: «Ей, Алланың пайғамбары, мына жер бетінде сенен асқан ғалым бар ма?» - дейді. Хазіреті Мұса (а.с.): «Ондай адамды білмеймін», - деді. Сол сәтте уахи келіп: «Екі өзеннің бірлескен жерінде бір құлым бар, оған ерекше ілім (ләдүн ілімі) бергенмін. Үмметіңнен таңдаулы бірін алып соған бар!» - делінеді. Мұса (а.с.) досы Юша бин Нун (а.с.)-мен бірге асығыс жолға шықты. Мұса (а.с.) өзіне уахи арқылы ишарат етілген адамды, бір жартастың үстінде шекпенін бүркеніп отырған жерінде көріп, сәлем берді. «Мен Мұсамын!» - деді. Қызыр (а.с.): «Демек, Исрайыл ұлдарының пайғамбары Мұса сен болдың ғой!» - деді. Мұса (а.с.): «Маған Алла тарапынан хабарланған адамдардың ең білгірі сенбісің?» - деп сұрады. Қызыр (а.с.) оған: «Ей Мұса, Алла маған бір ілім берген, ол сенде жоқ. Саған бір ілім берген, ол да менде жоқ» - деп жауап берді. Мұса (а.с.) Қызырға (а.с.) осы ілімді үйренгісі келетіндігін айтты. Сырттай түсіну мүмкін емес, өзіне ғажайып болып көрінген кейбір ақиқаттардың хикметін содан үйренбек болды. Сөйтіп, аталмыш мәшһүр сапарға дайындалады.


Акжан Ибрагимова
Бөлісу: