Түркістан облысының этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қазақтың бас тағамын әзірлеуден сайысқа түсті

30 Қараша 2018, 04:54 2282

Тұңғыш Президент күніне орай Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен этномәдени бірлестіктер арасында  дәстүрлі «Қазақ дастарханы» фестивалі өтті.

«Біздің міндетіміз - қазақтың ұлттық тағамдарын қайта жандандырып қана қоймай, қазақ мәдениетімен әртүрлі этномәдени орталықтар құру, оларды бір бастамамен біріктіру», - деді Түркістан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің міндетін атқарушы Мадина Камеденова.

Әртүрлі этнос өкілдері қазақ ұлттық тағамдарын дайындауға ат салысты. Олар ет асып, дастархан дайындап, қонақтарды ұлттық дәстүрмен күтіп алды.

«Қазақ дастарханы» деген ұғымды қалай түсінетінін сайысқа қатысушы этнос өкілдері өз деңгейінде көрсете білді. Қазылар алқасы дәмді аспен бірге қазақы салт-сананы да бойына сіңірген этнос өкілдерінің барлығын сый-құрметке лайық деп таныды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлдеге облыстық иран этномәдени бірлестігі лайықты деп табылды. І орынды Сайрам аудандық филиалы, ІІ орынды түрік этномәдени бірлестігі мен тәжік этномәдени бірлестігі өзара бөлісті. Ал, ІІІ орын Төлеби аудандық филиалы, өзбек және славиян этномәдени бірлестіктеріне бұйырды. Сайыс жеңімпаздары алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Бөлісу: