18 Тамыз 2014, 06:26
Түркі қағанатында ел басшылары арасында биліктің иерархиялық жүйесі орнағанын және ел басына ауыртпалық, қиындық түскен сәттерде халықтың олармен бірлікте болғанын көрсету – ежелгі жазба деректердің идеялық негізі. Жалпыға ортақ рухани байлық бастауында қоғам мүшелерінің барлығы үшін бұлжымас мәнге ие құндылықтардың болуы бұл қоғамның ерекше күшті моральдық-саяси қатынастармен байланысқанын көрсетеді. Сондықтан жеңімпаз жорықтарда қол жеткен жетістік бір қағанға бағынудың нәтижесі делініп, бұл бірліктің кешегі қазақ хандары дәуірінде де сақталғанын айғақтайтын тарихи деректер мол. Дегенмен, өз заманында ұлан байтақ жерге иелік жүргізген түркілер ішкі қайшылықтарды шешетін және сыртқы қысымға қарсы тұрарлық өзара біртұтас саяси орта, бір орталыққа бағынған тұрақты мемлекеттік құрылымға жете алмады. Ішкі саяси-әлеуметтік қайшылықтары шиеленіскен, билік жүйесі тоқырауға ұшыраған елдің күшпен қорқыту, үркіту, қудалаумен ұзақ уақыт өмір сүру мүмкіндігі болмады. Осыдан кезінде бір орталыққа бағынған түркілер Шығас және Батыс болып екі қағанатқа бөлінеді.
Батыс түрік қағанатына кірген ру-тайпалардың қазіргі қазақ жерін мекендегені тарихи дерек. Ел басшылары Білге қаған мен оның інісі Күлтегін осы жерді Қытай империясы шапқыншылықтарынан қорғады. Тарихи дәуірдің саяси – қоғамдық өмірін баяндайтын жазба ескерткіштер – «Күлтегін», «Білге қаған», «Тоныкөкті» шежіреші Иоллығ тегін жазып қалдырғаны дәлелденді. Ол бұл еңбегңнде Түркі қағанатының қашан және қалай құрылғаны, оны нығайтқан ел басшылары мен қолбасыларының өмірбаянын, жүргізген күрестерін баяндайды. Жалпы билік, ел басқару мәселесі шығыс елдерінің қоғамдық –саяси тарихында ерекше орын алғаны белгілі. Түркі қағандары өздерін көк аспан Тәңірі қалауымен билік жүргізіп отырмыз деген пікірді кең насихаттаған. Ертедегі түркі жазба ескерткіштерінің бірі – «Күлтегінде» Білге қаған, «Тәңірі жаратқаны үшін, өзімнің құтым болғаны үшін қаған болдым»- деді.
Иолығ тегіннің пікірінше, парасатты адам басқарған халықтың әдет-ғұрыптары мен заңдары мүлтіксіз орындалады, бұзық ниетті кісілер болмайды. Билеушісі нашар болса, бұрынғы әдет-ғұрып, жоралғылар сақталмаса, ауыз бірлік болмаса мемлекеттің шаңырағы шайқалады, қолдан билік кетеді, деп түсіндіреді.
Саяси биліктің қаған мен бектер қолына шоғырлануы оларға мемлекет тағдыры, қауіпсіздігі, бейбіт тұрмысы үшін саяси-құқықтық тұрғыдан да үлкен жауапкершілік пен міндеттер жүктеген. Сондықтан, кейінгі ұрпаққа халықтың жоғарғы билікке мойын ұсынып, сөзсіз бағынуы- тәуелсіздік пен бейбіт тұрмыстың, берекелі тіршілік пен игілікті істердің алғы шарты екенін ұмытпауды нұсқаған өсиеттер қалдырған.