Түркі тілдес халықтарға ортақ телеарнаның жобасы қабылданды

19 Тамыз 2015, 10:25

18 тамыз күні Астанада Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесіне мүше елдердің Ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің алғашқы кездесуі өтті.

18 тамыз күні Астанада Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесіне мүше елдердің Ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің алғашқы кездесуі өтті.

Ресмиге кездесуде Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінің Бас хатшысы (модератор) Рамиль Гасанов, Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев, Қырғызстанның Мәдениет, апқарат және туризм министрі Алтынбек Мақсұтов, Әзербайжан Республикасы Президентінің көмекшісі, Президент Әкімшілігінің Әлеуметтік-саяси мәселелер бөлімінің жетекшісі Әли Гасанов және TRT Түркия республикалық телерадио кешенінің бас директоры Шенол Гока бас қосты.

Кездесу басырында жоғары лауазым иелері Ақпарат және медиа салаларының ынтымақтастығы жөніндегі ортақ хаттамаға қол қойды. Хаттама негізінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Халықаралық қоғамдастыққа Түркі әлемінен ақпарат беретін ортақ телеарна ашу» жөніндегі бастамасы бойынша жаңа телеарнаның тұжырымдамасы қаралды.

Қазақстан Республикасының Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев:

Төрт мемлекеттен құрылған үйлестіруші топ жұмысының нәтижесі бойынша, ортақ телеарна тұжырымдамасының негізгі ережелері мақұлданды. Бүгін біз, төрт мемлекеттің ақпарат және медиа саласындағы министрлер кездесуінде осы ережелерді талқыладық.

ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Талғат Қазанғап:

Түркі тілдес мемлекеттердің төртінші саммитінде мемлекет басшысы ортақ түркі телеарнасын құру туралы бастаманы көтерген болатын. Осы ретте біз Түркия, Әзербайжан және Қырғызстандағы әріптестерімізбен бірге жаңа телеарнаның тұжырымдамасын жасақтадық. Қатысушы елдердің мәдени құндылықтары насихатталатын телеарна ақпараттық-танымдық үлгіде болады деп жоспарланып отыр. Әрине, бұған қоса әлемдік жаңалықтар да таратылатын болады.

Сондай-ақ, кездесу барасында Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесіне мүше елдердің Ұлттық телеарналары (Қазақстан – KAZTRK мен KHABAR, Қырғызстан - KTRK, Әзербайжан - ITV, Түркия - TRT) ынтымақтастығы жөніндегі хаттамаға қол қойылды.

Бұдан бөлек, Кеңеске мүше елдердің ұлттық ақпарат агенттіктері (Қазақстан – KAZCONTENT, KAZINFORM, Түркия - Anadolu, Қырғызстан - KABAR, Әзербайжан - AZӘRTAC) арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Кездесу соңында қатысушылар Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесіне мүше елдердің ақпарат және медиа саласындағы министрлерінің екінші кездесуі 2016 жылы Әзербайжанда өтеді деген шешім қабылдады.

Әзірлеген - Қаламқас Нұрмақова

Суреттер - Бауыржан Жуасбаев

Бөлісу: