Түріктердің Қазақстанға келгеніне 75 жыл

20 Қараша 2019, 10:50 2091

Ахыска түріктерінің Жамбыл аумағын мекен еткендеріне биыл 75 жыл толды. Соған орай «Ахыска» Жамбыл облыстық қоғамдық бірлестігі нәубет жылдарын еске алып, ас берді.

Олар жыл сайын нәубет құрбандарының рухына арнап ас беруді дәстүрлі үрдіске айналдырған. «Ахыска» Жамбыл облыстық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Махмутжон Давришев бұл үрдістің ұрпақ арасында дәстүр сабақтастығы ретінде сақталатындығына сенімділік білдірді. Шарада облыстық ассамблеяның хатшылық меңгерушісі М.Қожаева, түрік этносының ақсақалдар алқасының төрағасы И.Зулфаров, орталық мешіттің имамы Қ.Жұмағұл сөз сөйлеп, тарихтан деректер келтірді. Жиын барысында түріктердің Қазақ жеріне келуіне байланысты тарихи деректерге негізделген бейнефильм көрсетілді.

Ахыска түріктері – көне түркі әлеміндегі тарихи тағдыры ауыр ұлттардың бірі. Бұл ұлт қазақ жерінен географиялық тұрғыда қашықта орналасқанына қарамастан, тағдыр оны қазақпен бір шаңырақ астында табыстырды.

Ахыска түріктері – Сталин режимінің салдарынан 1944 жылы Орта Азия мен Қазақстан аумағына қоныс аударуға мәжбүр болған түрік ұлтының өкілдері. 1944 жылы 14 қарашада Грузияның Түркиямен шектесетін Аспиндза, Ахыска, Адыгюн, Ахилкелек және Богдановка секілді аудандарын қоныстанған жергілікті түріктер Орта Азия аумағына күштеп қоныс аударылған болатын.

Мұрағат деректеріне зер салар болсақ, 1944 жылдың желтоқсан айының ортасында Қазақстанға көшірілген түріктердің жалпы саны 92307 адам болды. Оның ішінде жас балалар саны 45085. Түрік халқының ең бірінші эшелоны Ташкент аумағына 1944 жылдың 9 желтоқсанында келіп тоқтаған. Қоныс аударушылардың екінші жартысы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына 22 күндік жол жүріп жетті. Қазақстанға қоныс аударушылар 6300 отбасы (27833 адам) болды. «соғыс аяқталған соң, туған жерлеріңе қайтып ораласыңдар» деген НКВД оларға өздерімен бірге тек 3 күндік ас-ауқатын ғана көтеріп шығуға рұқсат береді. Ал шын мәнінде, ата жұрттан айрылған түріктер Қазақ жеріне 20-күннен артық жол жүреді. «Тозақ вагонында» 40 мыңға жуық адам суық пен аштыққа ұрынып, көз жұмады. Олардың дені балалар мен қарт адамдар болатын. Қоныс аударылған түріктердің қоғамдық және азаматтық құқықтары болмады. Оларға Қазақстан мен Орта Азияның ауылдық жерлерін ғана мекендеуге рұқсат беріледі.

Бөлісу: