"Түріктердің шығуы ескі ғұндардан екені ап-айқын"

16 Қазан 2014, 05:24

Моңғол халқы да - тарихы ұзын, гүлденген мəдениеті бар, əлемге əйгілі, туысқан халық.

Əрі “Моңғолоид” дегенде тұрған, əрі ғұндарға ерте бағынған, тілі жүйелес моңғолдарға да бұрыла кетейік. Моңғолдарға тектес болғасын, кезінде үйсін сықылдылармен (солар арқылы қазақтармен) қаны араласқан өзгелерге (роуран, сянби, т. б. ға) аялдамасақ та болар.

Моңғол халқы да - тарихы ұзын, гүлденген мəдениеті бар, əлемге əйгілі, туысқан халық. Ғұлама ғалым Əлкей Марғұлан: “Ғұндардың, түріктердің, моңғолдардың тарихын көлемді етіп XVIII ғасырда француз тіліне аударған атақты ғалымның бірі - И. Дегин. Ол кісінің толық түсінуінше “Түріктердің шығуы ескі ғұндардан екені ап-айқын. Моңғол мен түріктердің шығуында да оншама айырмашылық жоқ. Моңғолияда туған Шыңғыс қағанның елі түріктердің бір бөлігі. Ғұндар ең ескі түріктер” деген болатын.

Моңғолдардың тарихнамаларға ілінгеніне 1000 жылдан асқан, ал аңыздық тарихы 3000 жылдан бері емес. Кей ғалымдар “Моңғол” дегенді “мəңгі маздайтын алау” деп жүр. Мүмкін ол түркі тіліндегі “мəңгілік ағын” да (“Мəңгі+ ғол” дегеннен өзгерген де) шығар. Ғалымдар моңғолдарды шығыс оғыздарға (Дұңху, шығыс ғұз) байланыстырады. Б. з. б. II ғасырдың басында, Мөде тəңірқұт шығыс оғыздарды талқандаған соң, олар 3 ғасырдан артық Ғұн үстемдігінде болды. Б. з. II ғасырының аяғын ала, Хəн əулеті Ғұн қағанатын қиратқанда, атақонысында қалған ғұндар мен шығыс оғыздар өздерін Сянби деп атасты. Бұлар өздері тұрған ежелгі жұртындағы тау атымен аталған болатын. Кейін сянбилер əскери одаққа айналды, күшейді де, талай ұлысты, соның ішінде Үйсін жерін де басып алды. Үйсіндердің еріксіз батысқа - қазіргі Оңтүстік Қырғызстан мен Оңтүстік Қазақстан өңіріне сырғуына себепкер болды. Бірақ Сянби ұлысы көп ұзамай ыдырап кетті. Аяғы бағындырған үйсін сықылды елдерімен бірге Түрік қағанатына қосылды. Бұлар салт, тіл жағынан моңғолдарға өте жақын еді. «Жиннама»  дейтін тарихта, Сянбидің тегі- Аю, Аю – Хуаңдиге  қарайтын тайпа, Хуаңдидің немересінен бұтарланады деген сөз бар. Б. з. IV ғасырының ортасын ала Сянби ұлысы əбден күшейген тұста, бір (шығыс) жағы өздерін Қытай (Қытан, Қытанй, Кидай[205], Чидан,) деп атасты. Енді бір (батыс) жағы өздерін Шығай (Шыуей) десті. Сянби ұлысындағы ертедегі халықтар түрік, моңғол, т. б. тілді болды. Түрік тілді жылнамалар Шығайды Татар (Дадан) деп біледі. “Олар ертедегі ұзақ уақыттың көбінде тай-палар мен аумақтың денін бағындырды, биледі. Ұлы, күшті һəм мүлде құрметті болды. Олар аса ұлы да құрметті орында болғандықтан өзге түрік тайпалары, аты-жөні басқаша тұрса да, біртіндеп солардың атымен аталатын, бəрі татар делінетін болды”. Бертін келе, моңғолдар күшейгенде, “татар” деген ат біртіндеп моңғол дегеннің орнын басқан кезі де болды. Моңғолиядағы тас бітіктердегі “отыз оқ татар” деген - Түріктің Шығай тайпалары. Түріктер бір кез барша Шығай тайпаларын осы атпен атап жүрді.

Сұлтан Жанболат, "Ежелгі ұлыс тарихы"

Бөлісу: