23 Тамыз 2014, 10:32
Орта Азияның атақты шежірешілерінің бірі - Əбілғазы Баһадүр(1603-1663) ханның баяндауынша түріктердің алғашқы атасы Оғұздың баласы – Бұқа (Ортаазиялықтарша Афрасияб). Бұдан екі жарым мың жыл бұрын, Орта Азияда құрылған Соғда хандығының ханы Афрасиябты, түріктер Бұқа хан деп атапты” дейді.
Иə, тағы да айтайын, шежіре академиялық өлшемдегі тарих болмаса да, оның ішінде құр қиялдан шықпаған тұстары барын ескеруге ақылымыз. Өз халқыңнан шыққан дүниеге ылғи да мұрын шүйіре қарау - кешегі отаршылдарүйреткен дағды.
Жə,сөзіміздің басты ағынына - түріктердің нөнендерден азат болып, күшейіп, бүкіл ұлы даланы иеленгені мен ондағыларды түріктестіргеніне түсейік. Жоғарыдағы «Солтүстік əулеттер тарихы. 99-бума. 87-баян. Түрік, Батыс Түрік, Телек» дегеннен алынған дəйексөздің аяғында: (Нөнендерді жеңгеннен кейін. - С. Ж.) Түмен өзін Ел Қаған деп жариялады. Бұл ежелгі ғұндардың тəңірқұтымен бірдей. Өзінің əйелін қатұн деп атады. Бұл да ежелгі əтшеге(тəңірқұтшаға. - С. Ж. ) тура келеді. Түмен өлгеннен кейін ұлы Қара таққа отырды. Қараның нəмы Ыссық қаған еді. Қара өлген соң, орнына, баласы Шату емес, інісі Іркін таққа отырды. Бұл Мұқан қаған деп аталды. Іркіннің тағы бір аты - Йеңді. Олардың салты: Шаштарын жайып, алғы бойын сол жағына қайырып жүреді. Күмбез пішінді киіз үйлерде тұрады. Қаған Өтүкен(қазіргі Моңғолиядағы Қаңғай тауы. Əдебиеттерде Өтүкен, Түкен, Дуакен, Ұлатүкен,- С. Ж. ) тауында тұрады. Оның ордасының есігі шығысқа қаратылады. Бұл күннің шығуына еткен құрметі болса керек. Олардың жазуы ғулардікіне ұқсайды. Олардың салты жалпы ғұндармен бірдей. Іркін заманында ұлысы мықтап күшейді. Іркін өлгесін, баласы Төремен емес, інісі Таспар қаған деген нəммен таққа шықты. Таспар ауыз бекітіп, тиымдарды орындады, ғибадатхананы айналып (буддаға. - С. Ж.) тауап етті. Таспар өлген соң, орнына ұлы Əміре шықты. Төременді (Таспар өсиеті бойынша таққа шығуға тиістіні. - С. Ж.) бағындыра алмаған Əміре қағандықты Шатоға берді. Ол Ел Күлік Шад Баға Ышбара қаған деген нəммен шықты. Ол Түкен тауды мекендеді ” деп талай маңызды хикаяны шұбыртады.
Біз ол “теңізге” түспей, Түрік қағанатының шаңырақ көтеруіне қатысты басты да аз мысалмен жəне бұл қағанаттың бүкіл Ұлы Далаға билік жүргізіп, тіпті талай түрік емес тайпаларды да түріктестіргенін айтумен шектелейік. Дегенмен, қысқаша болса да сол құдіретке қалай жеткеніне соға кеткен жөн шығар.