6 Тамыз 2014, 09:57
1. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастаны тәлім-тәрбиелік ой-толғамдарына өте бай және аса көркем стильде жазылған. Шығармада адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, сөз өнері, адамның әр-түрлі жақсы-жаман қасиеттері туралы кең көлемде әңгімелейді.
Сабыр – ақыл парасаттың белгісі,
Ақылсыз жан хайуанмен тең кісі.
Бастарда істі байыбына барып ал,
Асыққандар күйінер де жаңылар.
Ақылды адам қарын бақпас, ой бағар
Жан семіртер, ой семіртер, ойланар
Тән семіртер сөз ауыздан сіңеді,
Жан семіртер сөз құлақтан кіреді.
Білімдінің бар ерек екі белгісі,
Жүзі жарқын оны білер ер кісі.
Көп тыңдай біл, сөздеріңді таңдай біл,
Ізгі ойларды өз жүрекке жалғай біл!
Көп сөйлеген мылжың, дана болмайды,
Көп тыңдаған халық ойын толғайды.
Білікті жан тілін білім билеген,
Түркі сезбес текке тілін бермеген.
Екі нәрсе тірі адамға керегі –
Бірі көңіл, бірі тілдің желегі.
Көңіл-тілдің иесі, сүйенеді сөз тілге,
Сөз – күйресі, күйгені көңіл мен тіл, көркінде.
2. Ахмет Игүнеки «Хитабул хакайк» (Ақиқат сыйы) атты дидактикалық дастанында, ол тіршіліктегі өмірдің әсемдігін жырлайды. Адамгершілікті, қарапайымдылықты, сыпайылықты дәріптеп, сонымен бірге мінез-құлықтың жақсы қасиеттерін қалай тәрбиелеу, сондай-ақ оның кері қасиеттерін жою жөнінде бірсыпыра пайдалы кеңестер мен ұсыныстар береді.
Тәкаппарлық – барлық елде жеккөрінішті қылық.
Қолында бар болса, кемтарға жәрдем бер.
Дәрежең өскен сайын ұстамдырақ бол.
Үлкен – кішіге сыпайы бол.
3. Қожа Ахмет Яссауи «Диуани хикметте» иманды адамды ақыл-парасатқа жетелеу, шыдамды, төзімді болу, жүріп-тұру секілді жалпы адамгершілік нормаларды дәріптейді.
Рахым болып ғаріптерге шапағат еткін,
Ғаріптерді көрген жерде қорламаңыз.
Ғаріптерге ашумен сөз қатпаңыз,
Сорлы екен деп, ғаріптерге тас атпаңыз.
Бұл дүниеде ғаріптердей адам болмас,
Құмар болса, ей достар, нәпсіге еріп,
Ертелі-кеш жалған айтып, байғам жүріп.
4. Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» (Түркі сөздерінің жинағы) дейтін еңбегінде әдеп, тәлім-тәрбие, моральдық-психологиялық сипаттағы ой-пікірлер, адамның кейбір жаман қасиеттері айыпталып, ерлік, ізгілік, адамгершілік, ақ ниеттілік секілді жақсы қасиеттері дәріптеледі.
Ақылды ал, ұлым менің, рахымшыл бол, әулетіңнің ағасы бол, ақылшы данасы бол, білгеніңді ортақтас.
Іс тындырсаң аптықпа, өлшеп-пішіп асықпа!
Даналардың сөзі – ақыл, зер салсаң, зердеңе қонар.
Рахымшыл болсаң, менмен болма.
Рахымың болмай мақтансаң, қиын-қыстауда қиналарсың
Туғаннан мәртебесін өсіргің келсе, сый-сияпат көрсет.
Басыңа түссе қара түн,
Нар түйеше көтергін.
Тағдырыңа тап болса,
Қиындыққа қарсы тұр.
Жомарттық – жүрек қуанышының шырқау шыңы.
Қайырымдылық- адам көркі, ал білім оның байлығы.