Тұрғындардың МИБ-ке көшу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатыр

18 Тамыз 2022, 18:53 1683

Тұрғын үйге қатысты мәселерді шешу үшін меншік иелері бірлестігіне жүгіну қажет

Ол туралы басшылықтың қатысуымен өткен «ПИК-тан МИБ-ке көшу жөнінде Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалу барысы» баспасөз конференциясында айтылды, – деп хабарлайды El.kz.

2020 жылы тұрғын үй заңнамасына өзгеріс еніп, бүгінде елордада 700-ге жуық меншік иелері бірлестігі мен 1085 жай серіктестік құрылды. Бұрынғы пәтер иелері кооперативтерінің орнына жаңа басқару нысандары жұмыс жасайды. Реформаны жүзеге асыру үшін тұрғындар мен басқарма арасында кездесулер өткізіліп, түсіндерме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Меншік иелері бірлестігіне көшу үшін көптеген азаматтар келеді. Айына Тұрғын үй орталығында орналасқан басқармамызға 300-дей тұрғын көмек сұрап келеді. Бекітілген кесте бойынша қазір түсіндірме жұмыстарының 3-ші кезеңі басталды. Адамдардың қандай да бір сұрақтары болатын болса, көмек беріледі», - деп атап өтті «Сарыарқа» аудандық инспекция бөлімінің бас маманы Ануар Рақыш.

Тұрғындар арасында құжаттарға қатысты шағымдар көбейе түсті. Бұл мәселені шешу үшін Тұрғын үй орталығының қандай жұмыстарды атқарып жатқаны жайлы Гүлвира Әбетова айтты.

«Үй мен меншік иелері заңгерлерді тұрақты түрде жалдай алмайды. Тұрғын үй орталығы тұрғындарға көмек ретінде, олардың қаражатын үнемдей алуы үшін жадынама, дайын құжаттарды әзірлеп қойды. Сондай-ақ халықтан келіп түсетін әр түрлі шағымдар бұрынғы басқару органдарының заңсыз сауалнамалар мен заңсыз қаражат жинау кезінде пайда болғандығын атап өткіміз келеді», – деді Нұр-сұлтан қаласы меншік иелер бірлестігі орталығының басшысы Гүлвира Әбетова.

Сонымен қатар баспасөз конференциясында меншік иелері бірлестігіне өту жұмысының қандай қиындық туғызып жатқандығы туралы да сөз қозғалды. «Сарыарқа» аудандық инспекция бөлімінің бас маманының кездесуде айтқан сөзінше, бұған кейбір тұрғын үйлердің жағдайының нашар, ескі күйде тұрғандығы себеп болуы мүмкін.

«Меншік иелері бірлестігіне көшу жұмыстары республика бойынша жүріп жатыр. Бізде Нұр-Сұлтан қаласында ескі, көппәтерлі тұрғын үйлер көп. Ол жердің басым бөлігінде зейнеткерлер тұрады. Үйлердің инженерлік желілері тозған. Кейбір үйлер апаттық жағдайда тұр. Зейнеткерлер төрағаны қайдан таба аламыз, тарифымыз, яғни үйді күтіп ұстау үшін төленетін соммамыз ұлғайып кетеді дейді. Сол себепті азаматтарда әр түрлі сұрақтар мен қорқыныш сезімі болуы мүмкін», – деп түсіндірді «Сарыарқа» аудандық инспекция бөлімінің бас маманы Ануар Рақыш.

Ал «Есіл» ауданының инспекциясы бөлімінің басшысы болса, пәтер иелерінің кооперативтері басқарушы компания ретінде жұмыс жасай алады деп отыр.

«Қазір басқарушы компания немесе басқарушы менеджер деген қызметкер бар. Бүгінде пәтер иелері кооперативтері 10 үйге қызмет көрсетіп жатыр. Сол үйлерді мүлік меншік иелері тіркесе, пәтер иелері кооперативтерінің төрағасы басқарушы компания ретінде немесе басқарушы менеджер ретінде жұмыс істесе болады. Сәйкесінше, пәтер иелері кооперативтері МИБ-тің төрағалары жұмысын атқарады, барлық есептерін береді», – деп пікірін білдірді «Есіл» ауданының инспекциясы бөлімінің басшысы Ернар Қиябаев.

Сондай-ақ Ернар Қиябаев тұрғындар кез келген тұрғын үй мәселесі бойынша қазақ тілінде де, орыс тілінде де толық мағұлматты алып, меншік иелері бірлестігінің көмегіне жүгіне алатындығын атап өтті.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: