27 Тамыз 2014, 04:03
Балтабастың төрт ұлы: Шақпақ, Сейіл, Түмен, Емен. Үш қызы:Қаракөз, Қалиса, Ақбауыр болған. Өскен ауылы оның арғы атасының есімімен «Тілеулі ауылы», – деп аталған. Түмекең кішкентайынан ауылда ақсақалдар əңгімесі, қиссалары, даналық сөздеріне құмартып құлағасып, бойына сіңіріп, ойлауға бейім болып өсті. Сондай топалаң заманда қариялардың əңгімелері, жыраулардың жыр-дастандары сауаттанудың үлкен мектебі болған. Қазақ халқының қоғамындағы бұндай білім жүйесі əлемнің өзге елдерінде бомаған шығар. Өйткені онда жыр, терме, айтыс пен күй тыңдарманның нəзік сезімін, асқақ рухын, философиялық ой-өрісін, тарихи сауатын, шешендік қабілетін оятады, жетілдіреді, шыңдайды.
1927-1928 жылдардың Қоян жұты мен Сталин жұты елдің шырқын бұзады. Халықтың бар күш-қуаты қарнын тойдырып, күн көруге жұмсалады. Ешкімнің білім алып, ғылым қууға шамасы келмейді. Сондай қиын-қыстау жылдары Түмекеңнің отбасы Тілеулі аулынан Форт-Шевченко қаласына жақынырақ Түбіжік, Қанға жерлерін қоныстайды. Сонда Түмекең даладан тезек теріп, шөп шауып қалаға түйемен апарып сатуды кəсіп етеді. Сол жылдары қанша ауыр кезең болса да Түмекең ауыртпалыққа мойымайды. Оған оның сол кездері сықақ өлеңдер шығара бастағаны дəлел бола алады. Тағдырдың тəлкегіне түскен ақын 1930-1940 жылдары Маңғыстаудан Мақашқалаға жұмыс іздеп барады. Сонда құдайдың бір күні түс көреді, көрген түсін достарының біріне айтқаны сол екен, оны коммунистер идеалист дей ме? Əлде діншіл деп айыптай ма? Əйтəуір Түмекең сондай желеумен он жылға сотталып, түрмеге қамалады. Қазақ сол жылдары «отырса опақ, тұрса сопақ», – кейпінде тіршілік етіп жүрсе де сағы сына қоймайды. Бірақ озбыр жау қазақтың нұрлы бейне, биік өрісті, үлкен жүректі, ұлық саналы Алаш перзенттерін аяусыз қуғын-қырғынға ұшыратады. Содан барып Қазақ халқының ұлттық-психологиялық жаңа бір өрісі басталады. Бұдан былай жаңа бір саяси дүниетаным дəптері ашылады. Билік үшін де, зиялы үшін де жаратушы Алла санасындағы ғайып түкпіріне еніп, дүниеуи құдайларының бейнесі Ленин, Сталиндермен орын ауыстырады.
Қазақ даласында адамзат руханияты сондай бір қараңғы кезеңге қадам басқанда Түмекеңді 60 жасқа таяған шағында түрменің зұлматы мен қоса ақынның жалғыз ұлы Сайынның дүниеден озғаны оның өмірінің ең қиын сынағы бола тұра ақынды Алла Тағалаға нық сенімінен, иманынан ажырата алмады. Оқырман бұл биік иман тұғырын, ақын ұлының өліміне жазған жоқтауынан сезе алады.